Саясат

Тоқаев сайлаудағы жеңісінен кейін мәлімдеме жасады

© Sputnik / Владислав ВодневКасым-Жомарт Токаев на избирательном участке в день внеочередных выборов в Республике Казахстан
Касым-Жомарт Токаев на избирательном участке в день внеочередных выборов в Республике Казахстан - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70,76% дауысын жинады

НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауындағы айқын жеңісінен кейін БАҚ өкілдерінің алдына шығып, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ең алдымен маған дауыс берген Қазақстан азаматтарына алғыс. Бұл - үлкен жауапкершілік. Бұл жауапкешілікті орындау - мен үшін үлкен міндет. Бұл - халықтың сенімі", - деді Тоқаев.

Ол сайлау жоғары деңгейде, әділ және ашық өткенін мәлім етті.

"Сайлаудың барысын мыңнан астам халықаралық бақылаушы қадағалады. Әлемнің 40 елінен келген 350 шетелдік журналист дүниежүзіне хабар таратты. Өздеріңіз көрдіңіздер, сайлауға түскен кандидаттарға барлық мүмкіндік жасалды.Олар еркін түрде өз бағдарламасын жариялады", - деді ол. 

© Sputnik / Владислав ВодневҚасым-Жомарт Тоқаев Ақордада БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізіп жатыр
Тоқаев сайлаудағы жеңісінен кейін мәлімдеме жасады - Sputnik Қазақстан
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізіп жатыр

"Бұл жай ғана дауыс беру емес, азаматтардың бейжай қарамайтынын көрсетті. Қазақстан халқы Елбасы стратегиясының сабақтастығын берік қолдап отыр. Бұл сайлаудың басты ерекшелігі – тіркелген кандидаттардың көптігі. Олар өз сайлауалды бағдарламасын жариялады. Бұл үшін барлық жағдай жасалды. Осы жолғы сайлау өте қызықты және ашық жағдайда өтті. Олардың пікірі қызықты, маңызды ұсыныстарын біз өз жұмысымызда міндетті түрде қараймыз, әрине",- деп сөзін жалғады Тоқаев.

Ол сайлауда бағын сынаған басқа үміткерлерге алғысын айтты.

"Сайлауға өте көп адам келді, ешкім ешкімді мәжбүрлеген жоқ. Бәрі табиғи түрде өтті. Сайлау қорытындысына қанағаттанғанымды білдіруге барлық негіз бар", - деді Тоқаев. 

Айта кетсек, Қазақстанда 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Осы жолы мемлекет басшысы лауазымына жеті кандидат таласты.

10 маусымда Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады. Nur Otan партиясы атынан сайлауға түскен Қасым-Жомарт Тоқаев 70,76% дауыс жинап, жеңіске жетті.

Басқа кандидаттар келесідей дауыс жинаған:

  • Әміржан Қосанов – 16,02%;
  • Дания Еспаева - 5,2%;
  • Төлеутай Рақымбеков - 3,2%;
  • Амангелді Таспихов - 2,07%;
  • Жамбыл Ахметбеков -1,82%;
  • Сәдібек Түгел - 0,92%.

Өңірлер бойынша саралайтын болсақ, Қасым-Жомарт Тоқаевқа ең көп дауысты Алматы облысының, ал ең аз дауысты Маңғыстау облысының тұрғындары берген.

ОСК мәліметінше, дауыс беруге сайлаушылардың 77,4 проценті қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы айқын жеңісімен Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Ресей президенттері құттықтап үлгерді. 

Жаңалықтар
0