02:21 24 Тамыз 2019
Тікелей эфир
  • USD386.34
  • EUR427.25
  • RUB5.88
Парламент депутаттары

Депутаттар каникулға шықты

© Sputnik / Владислав Воднев
Саясат
Қысқа сілтеме алу
66 0 0

Парламенттің төртінші сессиясы кезінде барлығы 83 заң жобасы қабылданды

НҰР-СҰЛТАН, 5 шілде – Sputnik. Парламенттің төртінші сессиясы аяқталды. Бүгінгі бірлескен отырыста мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин қос палатының жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Спикердің айтуынша, алтыншы рет сайланған парламенттің төртінші сессиясында біраз шаруа атқарылды. Сессия басталғалы бері 83 заң жобасы қабылданды.

"Әрбір заң еліміздің дамуына, халқымыздың өмір сапасын көтеруге жаңа серпін берді. Ал, ең бастысы, қабылданған барлық құжат азаматтарды қолдауға және қорғауға арналды. Осының барлығы екі палата депутаттарының бірлескен жұмысының нәтижесі деп санаймыз. Осы орайда сенат та, мәжіліс те заң шығару жұмысына белсенді араласып, алға қойған басым бағыттары нәтижелі жүзеге асырылды. Соның ішінде Елбасының бастамасымен қасиетті Түркістан облысы мен Шымкент қаласының алдағы даму жоспары конситуциялық заңмен бекітілді", - деді Нығматулин.

Тағы оқыңыз: "Кейін көреміз оны": Нығматулин қарсы дауыс берген депутат туралы айтты

Осы сессия кезінде бірқатар маңызды саяси оқиға болды. Атап айтқанда, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тапсырды. Ал оның орнына Қасым-Жомарт Тоқаев сайланды. 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке тағы түзетулер енгізілді. Бұл құжатта мемлекет басшысының әлеуметтік тапсырмаларын орындауға қажетті қаржы қарастырылған.

Председатель мажилиса парламента Республики Казахстан Нурлан Нигматулин
© Sputnik / Владислав Воднев
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин

"Өткен сессияда парламенттің қос палатасының депутаттары 319 депутаттық сауал жолдады. Соның ішінде мәжіліс депутаттары – 211, сенат депутаттары 108 сауал жолдады. Осы сессияда парламент депутаттарына азаматтардан 3 мыңға жуық хат келіп түсті. Осы хаттардың барлығы заңға сәйкес қаралды", - деп атап көрсетті Нығматулин.

Нығматулин үкіметтің жұмысын сынады

Мәжіліс төрағасының айтуынша, үкімет пен парламент заң шығару жағынан тиімді жұмыс атқарса да, кемшіліктер аз емес. Осы орайда Нығматулин үкіметтің заң жобалау қызметіне баса назар аударды.

"Себебі үкіметтің заң жобалау жұмысы әлі де жоғары деңгейде емес деп айтуға болады. Мысалы, 2018 жылдың бекітілген жоспарына үкімет өзі 11 рет өзгерістер мен түзетулер енгізді. Ал 2019 жылға арналған осындай жоспар жарты жылдың ішінде 6 рет қайта өзгерген. Сонымен бірге үкіметтен келетін заң жобаларының сапасы әлі де жоғары талапқа сай келмейді. Заң жобалары парламентке келіп түскеннен кейін мемлекеттік органдардың бастамасымен жасалған көптеген түзету осыған дәлел бола алады", - деді Нығматулин.

Канат Бозумбаев на совместном заседании депутатов парламента Казахстана
© Sputnik / Владислав Воднев
Қазақстанның үкімет мүшелері

Осы орайда спикер бір заң жобасын мысал ретінде келтірді. Агроөнеркәсіп кешенін реттеу мәселелеріне арналған заң жобасына барлығы 537 түзету жасалған. Соның ішінде 210 түзетуді мемлекеттік органдардың өздері мәжілісте енгізді.

Тағы оқыңыз: "Ұялмаңыздар": Нығматулин Досаевтан айыппұлды көтеруді талап етті

"Бұл жауапты мекемелердің ғылыми талдау, заңнамалық актілердің жобасын дайындау сияқты қажетті тәртіпті өткізбей, заң жобаларын тікелей депутаттар арқылы жылдам қабылдауды көздейтінін көрсетеді. Олардың барлығы заң жобасының сапасына деген мемлекеттік органдардың жауапкершілігін төмендетеді", - деп атап өтті Нығматулин.

Заң жобаларының сапасы төмен

Спикердің сөзіне қарағанда, үкіметтен келетін заң жобаларының сапасы төмен. Ал оны түзету үшін депутаттар көптеген түзету енгізуге мәжбүр.

"Мысалы, бизнес ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері жөніндегі заң жобасына - 472, ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заң жобасына 500-ден астам түзету енгізілді. Өкінішке қарай, бұл түзетулер техникалық емес, тікелей мағыналық жағынан алып отыр. Тағы бір ескеретін жағдай - депутаттар енгізген өзгерістерге үкіметтің өз уақытында қорытынды бермейтіні. Мысалы, осы сессияда үкіметтен келуі тиіс құжаттардың 64 проценті бойынша регламенттің белгіленген мерзімі бұзылды", - дейді Нығматулин.

Тағы оқыңыз: Нығматулин: миллион теңге жалақы аласыздар да, жарытып жұмыс істемейсіздер

Оның айтуынша, мәжілістің тек әлеуметтік-даму комитеті бойынша үкіметтің 66 қорытындысының 45-сі мерзімнен кеш келді.

Парламент Казахстана
© Sputnik / Владислав Воднев
Қазақстан парламенті

"Ал "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіп кешенін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына депутаттардың түзетулері 2018 жылғы 29 маусымда жіберілді. Оған қатысты пікір үкіметтен 2019 жылғы 28 мамырда, яғни тура 11 айдан кейін келген. Еске салсақ, регламент бойынша үкіметтен осындай құжаттар бір айдың ішінде келуі керек", - деді спикер.

Алдағы жылдарға жоспар

Айта кетсек, алдағы сессияда депутаттар тағы біраз құжат қарайды. Қазіргі кезде парламент қоржынында 34 заң жобасы бар.

"Мысалы, біздің алдымызда 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды қабылдау міндеті тұр. Бұл құжаттың негізгі мақсаты – халықтың өмір сапасын жақсартуға арналған мемлекеттік бағдарламаларға тиісті қаражат бөлуді қамтамасыз ету. Сонымен бірге денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс және жаңа экологиялық кодексті қабылдау - бірінші кезектегі маңызды жұмыстардың бірі. Бұған қоса, педагог мәртебесі туралы және мәдениет мәселелеріне арналған заңдарымыз бар", - дейді Нығматулин.

Тағы оқыңыз: "Маған ренжімесін": Нығматулин кімге көңілі толмайтынын айтты

Ал 23-24 қыркүйек күндері елордада Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV форумы өтеді. Осы шараға 60-тан астам елдің парламент басшылары қатысады. Форум Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуруазиялық интеграция идеясының 25 жылдығына арналады.

Тақырып бойынша

"Қисындылық қайда?" Депутат отандық өндірушілердің проблемасын көтерді
Сенат депутаттары Назарбаевқа тағы бір мәртебе берді
"Зейнет жасын төмендету керек": депутаттар тың ұсыныс жасады
Мәжіліс төрағасы үкіметтің жұмысын сынға алды
Қайрат Нұртасқа депутаттар атақ берді: ол енді қоғамдық көлікте тегін жүреді
Кілт сөздер:
каникул, парламент, депутаттар
Загрузка...

Басты тақырып