Саясат

Жарық өшіп, тікелей эфир тоқтатылды: президент жолдауының тарихына шолу

© Sputnik / Абзал КалиевАкорда
Акорда - Sputnik Қазақстан
Жазылу
2 қыркүйек күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа алғашқы жолдауын арнайды. Оған дейін 30 жыл бойы президент болған Нұрсұлтан Назарбаев жолдауды 23 рет жасаған

НҰР-СҰЛТАН, 30 тамыз – Sputnik. Sputnik Қазақстан жыл сайынғы осы дәстүрдің тарихына шолу жасап, жолдаудың тың әрі батыл бастамаларын сараптап шыққан болатын.

Стратегиялық жоспарлауды бастадық

Қазақстан президентінің халыққа арналған бірінші жолдауы 1997 жылы жарияланған болатын. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев бір күнмен өмір сүруге болмайтынын айтып, жаңа ғасырға тың бастамалармен аяқ басу қажеттігін жеткізген. Қазақстанның нарықтық экономикаға ғана емес, жаңа демократияға да бет алғанын мәлімдеген болатын. Ал оған жету үшін нақты бір стратегия мен жоспар болуы шарт. Сонда ғана үкімет және басқа мемлекеттік органдар бір мақсатқа жұмыс істейтін болады. Осыған байланысты Назарбаев стратегиялық жоспарлау жұмысын қолға алуды тапсырған.

"Мемлекеттік қызметшілер күнде стратегиялық мақсатқа жұмыс істеуі тиіс. Ал заңдар мен шешімдер сол стратегиямызға сай болуы қазжет. Келесі жылдан бастап біздің жыл сайынғы жоспарларымыз ұзақмерзімді басымдықтармен үндесуі шарт. Бұдан бөлек, мониторинг жүйесі алға қойған мақсаттарды қалайша орындағанымызды көрсетуі керек. Сол себепті бізге стратегиялық жоспарлау және бақылау жүйесі қажет", - деді Назарбаев.

© Sputnik / Владислав ВодневНұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы
Жарық өшіп, тікелей эфир тоқтатылды: президент жолдауының тарихына шолу - Sputnik Қазақстан
Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы

Осылайша, тұңғыш президент жолдаудың өзін стратегиялық жоспар ретінде белгілеп, одан кейінгі жылдары жасалған жұмысты қорытындылап отыратынын жеткізді.  Ал әрбір жолдау жаңа мақсат-міндеттерді айқындайтын болды.

"Бала тапқысы келмейтіндерге салық салу қажет"

Алғашқы жолдау стратегиялық жоспарлаудың басы болғаннан кейін өте көлемді болып шыққан. Жалпы мөлшері – 46 бет (Times New Roman, 14-ші шрифт). Оның ішінде нақты 7 міндет белгіленіп, соның бәрін іске асыру жолдары көрсетілген. Атап айтқанда, табиғи ресурстарды сақтау, экология, білім мен денсаулық, экономиканы әртараптандыру, жолдардың құрылысы, көлік және коммуникацияны жетілдіру, шағын әрі тиімді мемлекеттік аппарат құру, жемқорлықпен күресу, кәсіби мамандарды даярлау, мұнай-газ құбырларын тарту, бизнесті дамыту, тұрғын үй бағдарламасын іске асыру,  ауылдың проблемасы және тағы басқа маңызды мәселелер бар.

Сол жолдауда Назарбаев 2030 жылы Қазақстанның қандай болатынын да елестетіп көрді. Сондай-ақ, халықты өз күшімен табыс табуға үндеген еді. Батыл бастамаларды да жариялады. Мәселен, халықтың денсаулығын сақтау аясында алкоголь мен темекінің жарнамасына түбегейлі тыйым салу керек деді. Бұдан бөлек, бала тапқысы келмейтіндерге салық салуды ұсынды. Ол ақшаның есебінен көпбалалы отбасыларды қолдауға болады деген. Сосын түсік жасатуға тыйым салу мәселесі де қоғамның талқысына шығарылған болатын.

Тағы оқыңыз: Ерлі-зайыптылардың екеуінде де кредит болса, қалай өтеледі?

Айтпақшы, Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы жолдауында 25-30 мың теңгенің шағын кредитін таратуды да тапсырған. Ол кезде доллардың бағамы 78,4 теңге болды. Сөйтіп, ауылдың тұрғындары өз кәсібін ашсын деп, үш жылда 150 мың адамға кредит берілсін деген нақты тапсыра да берілген. Сол кезде "Қазақстан-2030" стратегиялық бағдарламасы шықты.

"Сайлаудың әділ әрі ашық өтетінін мәлімдеймін"

Келесі жылы қыркүйек айында екінші жолдау жарияланды. Сонда Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет үкіметтің жұмысына қанағаттанбайынын мәлімдеген болатын. Осыған байланысты Министрлер кабинетін реформалауды ұсынды. Сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы арнайы органның құрылатынын айтты.

Жолдау кезінде тұңғыш президент демократизация мен саяси реформалар бағдарламасын да жариялаған болатын. Осы орайда Парламент Мәжілісіне кез келген адамның сайланатынын жеткізді. Сол кезде Назарбаев Парламентке  қосымша он орын бөліп, оған партиялық тізімдер бойынша пропорционалды механизммен депутаттарды өткізуді ұсынды.

"Мен Президент ретінде еліміздегі кез келген сайлаудың әділ әрі ашық өтетінін мәлімдеймін", - деді Назарбаев.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Әбішұлы президенттің өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда президенттің міндетін атқарушы қызметін Сенат төрағасына тапсыру жайында айтқан. Ал сөз бостандығын арттыру мақсатында бірқатар мемлекеттік БАҚ-ты жекешелендіру керек деді. 

Сол жолдауда экономикалық проблемалар сөз болды. Тұңғыш президент Ұлттық банкке айырбас курсының икемді жүйесін пайдалана беруді, сондай-ақ, теңгені қорғаудың нақты бағдарламасын әзірлеуді тапсырған. Ал жарты жылдан кейін алғашқы девальвация болды. Ұлттық валюта бірден 64,6%-ке құнсызданды. Ал доллардың бағамы 88 теңгеден 160 теңгеге бір-ақ өсті. Артынан курс 130-135 теңгеге түскен.

Минималды зейнетақы - 4 000 теңге

1999 жылғы жолдауда Нұрсұлтан Назарбаев тарихты қаузап, жаңа ғасырдағы Қазақстанның мақсат-міндеттеріне тоқталған болатын. Келесі жылы әскери доктринаның қабылданатынын мәлімдеді. Сол жолдау ең қысқа құжат болды, небәрі 4 бет (Times New Roman, 14-ші шрифт). Ал келесі жылы Назарбаев стратегияның қысқамерзімді жоспарын қорытындылады.

"Бүгінде біз жалақының деңгейі бойынша ТМД-да бірінші орында тұрмыз. Біз бірінші болып жинақтаушы зейнетақы жүйесін құрдық. Қазір зейнетақы қорларындағы жинақтардың көлемі 80 миллиард теңгеден асты. Стратегияға сәйкес, біз энергетикалық ресурстарымыздың әлеуетін арттырып жатырмыз. Бүгінде Қазақстан 32 миллион тонна мұнай өндіреді. 10 жылдан кейін біз 100 миллион тоннаға шығамыз", - деді Назарбаев.

Осыдан кейін тұңғыш президент шетелдегі капиталдың амнистиясын жариялап, бюджеттік мекемелер, күш құрылымдары мен судьялардың жалақысын көтеруді тапсырды. Ал минималды зейнетақы 4 000 теңгеге дейін өсетін болды.

Құқықтық реформа аясында түзеу мекемелері ішкі істер органдарынан әділет министрлігіне ауысты. Ауыл әкімдерін сайлау жүйесін енгізуге тапсырма берілді. Назарбаев алғаш рет діни экстремизмнің қаупі туралы айтып, терроризм мен экстремизммен күрес жөніндегі бағдарламаны әзірлеуді жүктеген.

Бір жылдан кейін тұңғыш барлық ірі кәсіпорындардың қайта іске қосылғанын мәлімдеді. Зейнетақы, жәрдемақы мен жалақы уақытында төлене бастады. Ең төменгі еңбекақы алатын бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын 25 процентке көтеруге тапсырма берілді. Ал бюджеттің шығындарын дұрыс жоспарлау үшін жолдауды жылдың соңында емес, басында жариялауға шешім қабылданған.

Жердi сату "Отанды сату" емес

2003 жылдан бастап ауылды дамыту мәселелеріне баса назар аударылды. Сол кезде тұңғыш президент ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беру мәселесін де көтерген.

"Бiз, әдетте, жердi сату – "Отанды сату" дейтiн тоғышарлық тұжырымға ойыса беремiз, ал жерге деген меншiктiң шаруаның ендiгi жерде өз жерiн ешкiмнiң алып қоймайтынына деген сенiмi мен үмiтi екенiн ескере бермеймiз. Керек десеңiз, жерге деген меншiк — оны абаттандыруға, өз балаларына шұрайлы қалпында мирас етуге деген ынта-ықылас. Иесiз жер жетiм", - деді Назарбаев.

Бұдан бөлек, алқабилер институтын енгiзу тапсырмасы берілді. Өлім жазасы талқылауға шығарылды. Артынан оған мараторий жарияланған. Ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы бекiтілді. Зейнетақының ең төменгi деңгейi  5 500 теңгеге дейiн өсті.

Тағы оқыңыз: "Момын халық". Мұхтар Тайжан қытайлардан неге қорықпау керек екенін айтты

Назарбаев "Мәдени мұра" бағдарламасын әзірлеп, қоғамды демократизациялаудың бес бағытын ұсынды. Қазақстанның алғашқы ғарыш серігінің құрылысы басталды.

Келесі жылғы жолдауда Назарбаев тұрғын үй құрылысына арналған жаңа бағарламаны даярлауды тапсырды. Оған сәйкес, ипотеканы қайтару мерзімі 20 жылға ұзартылды. Ал алғашқы жарна екі есеге азайды. Кредиттің мөлшерлемесі 10 процентке түсті. Тұңғыш президент кеңестік заманның тәжірибесін пайдаланып, студенттердің бұрыңғы құрылыс отрядтарын жаңғыртуды ұсынды. Зейнетақының ең төменгi деңгейiн  6 200 теңгеге дейiн көтеру міндеті қойылды. Ал білім беру кредиттерінің есебінен гранттардың көлемі 50 процентке артты.

2005 жылы бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 процентке өсті. Ал республика бойынша ең төменгі еңбекақының көлемі 9 200 тенгені құрады. Қазақстанда саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы жарияланды.  Назарбаев параны алатын адамды ғана емес, беретін адамды да жазаға тарту қажеттігін айтты.

Айтпақшы, сол жылғы жолдау кезінде парламент ғимаратында жарық өшіп қалды. Тікелей эфирді тоқтатуға тура келді. Бір сағаттан кейін Назарбаев өз сөзін жалғастырды.

Табыс салығы енгізілді

2006 жылғы жолдауда бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру міндеті қойылды. Тұңғыш президент көлік стратегиясын әзірлеуді тапсырды. Алматы қаласын Орталық Азияның қаржы орталығы ретінде дамытуға ұсыныс жасалды.

"Электронды үкімет" жүйесі енгізіле бастады. Назарбаев келесі жылдан бастап барлық азаматтар үшін 10 проценттік табыс салығын енгізуді жүктеді. Жәрдемақының көлемі екі есеге өсті. Тұңғыш президент шетелдегі капитал мен мүлік амнистиясын тағы көтерді. Бірақ ол жолы ондай ақша үшін 10 проценттік салықты енгізуді ұсынды.

Осыдан кейін Назарбаев ішкі және сыртқы саясаттың басымды 30 бағытын жариялады. Бала тууына және бала күтіміне берілетін жәрдемақы екі есеге артты. Сол кезде Назарбаев саяси реформаның аралық нәтижесін де жариялаған.

"Ел Конституциясына енгізілген өзгерістер Парламент пен саяси партиялардың, азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыра түсті. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет теңдестірілген негізде парламент сайлауы өткізілді.Сайлауда «Нұр Отан» партиясы айқын басымдықпен жеңіске жетіп, алғаш рет Үкіметті қалыптастырды", - деді Назарбаев.

Тілдердің үш тұғырлығына арналған жоба қолға алынды. 100 мектеп пен аурухананы салу міндеті жүкелді. Ал 2009 жылы экономикалық дағдарыс мәселесіне баса назар аударылды.

Қазақстанда үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама әзірленді. Соның аясында жалпы құны 6,5 триллион теңгенің 162 жобасын іске асыру жоспары болған.

© Sputnik / Владислав ВодневПрезидент жолдауын тыңдауға жиналғандар
Жарық өшіп, тікелей эфир тоқтатылды: президент жолдауының тарихына шолу - Sputnik Қазақстан
Президент жолдауын тыңдауға жиналғандар

2011 жылғы жолдауда Назарбаев тұңғыш президенттің өкілеттілін ұзарту бойынша жалпыхалықтық референдум бастамасын көтергендерге алғыс айтты. Ал келесі жылы Елбасы екі бірдей жолдау жасады. Сол кезде жұмыспен қамту бағдарламасы республика бойынша қолға алынды. Жаңаөзенде төтенше жағдай режимін алып тастады. Жылдың екінші жолдауында "Қазақстан – 2050" стратегиясы жарияланды.

Бір жылдан кейін Назарбаев жолдауды тағы екі рет жасады. Біріншісінде Мәңгілік ел идеясы жарияланса, екіншісінде "Нұрлы жол" атты жаңа экономикалық саясатқа жол ашылды. Содан арнайы инфрақұрылымды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған болатын.

2017 жылы Қазақстанда 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг және басқа да цифрлық қызметтерді дамыту тапсырмасы берілді.  Үкіметке "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын әзірлеп, 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспортты екі есеге ұлғайту міндеті жүктелді. Базалық зейнетақы жаңа әдістеме бойынша есептеле бастады. Ал келесі жылы минималды жалақының мөлшері 1,5 есеге өсті. Отандық өңдеу өнеркәсібін дамытуға қосымша 500 миллиард теңге бөлінді.

Тоқаевтың алғашқы жолдауы қандай болады?

Алдағы дүйсенбі, 2 қыркүйекте Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа алғашқы жолдауын арнайды. Жақында мемлекет басшысы анонс жасаған болатын.

"2 қыркүйекке жоспарланған Халыққа жолдауымда есірткі бизнесі, педофилия, жыныстық зорлық-зомбылық және жеке тұлғаға қарсы жасалатын басқа да ауыр қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатаңдату жөнінде парламентке және үкіметке тапсырмалар жүктеледі", - деп жазды Тоқаев өз парақшасында.

Жаңалықтар
0