Саясат

Тоқаев Ахметовке көпбалалы отбасыларға қатысты тапсырма берді

© Sputnik / Абзал КалиевПрезиденттің резиденциясы Ақорда
Президенттің резиденциясы Ақорда - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Президент облыстағы әрбір тұрмысы төмен отбасының жағдайына мұқият талдау жасап, оларға көмек көрсетуді тапсырды

НҰР-СҰЛТАН, 7 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Облыс әкімі президентке аймақтың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, сондай-ақ өңірдің әлеуетін одан әрі нығайту жөніндегі жоспары туралы баяндады.

Даниал Ахметовтің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында инвестиция көлемі артқан, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өндірісінің өсуі байқалады.

Аймақ басшысы Тоқаевқа атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа форматын іске асу барысы жайында мәлімет берді. Мемлекет басшысы облыста тұратын әрбір аз қамтылған отбасының жағдайына мұқият талдау жасап, оларға көмек көрсету жөнінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Көпбалалы отбасыларға қатысты да осындай тапсырма берілді.

Тағы оқыңыз: Жалақы, жәрдемақы және кредит: Қазақстанда 2020 жылдан бастап не өзгереді

Сонымен қатар Ахметов мемлекет басшысына осы жылдың екінші жартыжылдығында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталатынын хабарлады. Президент бұл нысанның әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды екенін атап өтіп, көпір құрылысы аймақ халқының едәуір бөлігін жол тауқыметінен арылтатынын айтты.

Тоқаев Ахметовке Абайдың 175 жылдығын өткізуге, соның ішінде, Жидебайдағы мұражай мен қонақ үй кешенінің құрылысына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Мемлекет басшысы әкімнің өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі жұмысына оң баға беріп, Шығыс Қазақстан облысының ғылым-білім және медициналық әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларын атап өтті.

Жаңалықтар
0