Саясат

Қытай туралы қауесетті кім таратады – Қытай елшісі ашық сұхбат берді

© Sputnik / Владислав ВодневПосол Китая в РК Чжан Сяо
Посол Китая в РК Чжан Сяо   - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Елші аймақтан тыс кейбір мемлекеттер Қытай-Қазақстан байланысының табысты дамығанын қаламайтынын айтып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Қытай мен Қазақстан қарым-қатынастың стратегиялық әріптестіктен мәңгілік серіктестікке ұласқаны туралы айтқан болатын. Алайда қоғам арасында екі елдің байланысына қатысты туындайтын мәселе де аз емес. Қытай халық республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо екі мемлекеттің достығына қызғанышпен қарайтындар бар деп отыр.

"Тату көрші, әріптес, бір-біріне туыс"

"Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы мызғымас екеніне бірнеше дәлел бар. Біріншіден, екі ел географиялық жағынан бір-біріне өте жақын, ғасырлар бойы сенімді әрі тату көрші болып келеді. Біз Ұлы Жібек жолы арқылы етене араласып, өзара тиімді әрі достық байланыстарды орната білдік. Осы қарым-қатынас ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Қытай мен Қазақстан халықтары – тату көрші, әріптес, бір-біріне туыс. Құдайдың өзі осы тарихты және шындықты өзгерте алмайды", - дейді Сяо.

Елшінің айтуынша, екі ел де шығыс өркениетіне тән отбасы құндылықтарын ерекше дәріптейді. "Үлкенге – құрмет, кішіге - ізет" қағидасын ұстанады. Қытай да, қазақ та эгоизмге жол бермейді. Жақынға қамқор бола біледі. Бұның бәрі – мәдениеттің ұқсастығы. Ал мәдениет – ол халықтың жаны, ішкі болмысы. Осы ұқсастықтың арқасында өзара сыйластық пен құрмет қалыптасады.

"Қытай үкіметі алғашқылардың бірі болып Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады. Ал 1992 жылы 3 қаңтарда екі мемлекет елшілердің деңгейінде дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Содан бері Қытай көшбасшылары мен Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қытай мен Қазақстанның байланысы дамып келеді", - деп атап көрсетті Сяо.

Мәңгілік әріптестікке қалай жеттік?

Елші Қытай үкіметінің 1995 жылғы қауіпсіздік кепілдігін беру туралы мәлімдемесін еске алды. Үш жылдан кейін екі елдің шекара мәселесі толығымен шешілді. Ал 2002 желтоқсан айында Қытай мен Қазақстан "Достық, әріптестік пен көршілік туралы" келісімді рәсімдеді. Осылайша, екі жақты қарым-қатынастың негізі қаланды.
2005 жылы шілде айында Қытай мен Қазақстан стратегиялық әріптестікті бастайтынын мәлімдеді. 2011 жылы осы бастама жан-жақты стратегиялық әріптестікке ұласты. Екі жылдан кейін ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға сапар жасап, "Жібек жолы" экономикалық белдеуін құру бастамасын жариялады.

Тағы оқыңыз: АҚШ Қытайда қысым көрген этникалық қазақтарға қатысты мәлімдеме жасады

2015 жылы екі тарап жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңіне аяқ басқанын мәлімдеді. Ал 2019 жылы қыркүйек айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған сапары кезінде екі елдің басшылары мәңгілік стратегиялық әріптестіктің орнағанын жариялаған болатын.

"Мінеки, осының бәрі тарихи достықтың жалғасы ғана емес, ең жақын әрі ең мықты қарым-қатынастың көрінісі болса керек. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мызғымас достық пен өзара тиімді әріптестіктің нәтижесі", - деп атап көрсетті Сяо.

3 мыңнан астам қытайлық кәсіпорын тіркелген

Елші "Бір жол, бір белдеу" бастамасын "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасымен үндестіру шараларына да баса назар аударды. Оның айтуынша, осы шаралар екі елдің дамуына жол ашады. Ал халықтар бір-біріне жақындай түседі. Қазірдің өзінде "Бір жол, бір белдеудің" нәтижесі жоқ емес. Өткен жылы Қытай мен Қазақстанның тауар айналымы 20 миллиард доллардан асты. Бұл көрсеткіш дипломатиялық қарым-қатынастар орнағалы 50 есеге өсті.

Қытайдың Қазақстанға салған инвестициясы 29,3 миллиард АҚШ долларын құрады. Ал мердігерлік бойынша инженерлік келісімдердің көлемі 32 миллиард долларға жетті. Қазақстанда 3 мыңнан астам қытайлық кәсіпорын тіркелді. Ұлы Дала арқылы қытай-қазақ мұнай құбыры және "Қытай – Орталық Азия" газ құбыры өтеді. 55 инвестициялық жоба анықталды. Олардың жалпы сомасы 27,4 миллиард долларға жетті. Соның ішінде мұнай өңдеу зауыты, "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" көлік дәлізі, Нұр-Сұлтан қаласындағы айналма жол және фото-электростанция бар. Суперкомпьютер орталығы сияқты жаңа жобалар да ұсынылып отыр.

Геосаяси менмендік және қызғаныш

"Сөз жоқ, қытай-қазақ қарым-қатынастары ортақ мүддені көздейді және стратегиялық әріптестікке негізделген. Оны ешкім бұза алмайды. Осы орайда аймақтан тыс кейбір мемлекеттердің Қытай-Қазақстан байланысының табысты дамығанын қаламайтынын айта кеткен жөн. Соның арғы жағында геосаяси менмендік және қызғаныш тұр. Ол мемлекеттер ардан безіп, қауесет таратады, сан алуан жолдармен Қытайға жала жауып, қаралауға тырысады", - дейді Сяо.

Оның сөзіне қарағанда, ондай елдер қазақстандықтарды үнемі жаңылыстырып отырады. Сөйтіп, қытай-қазақ байланыстарын бұзуға күш салады.

"Олар қытай-қазақ қарым-қатынасы туралы жағымсыз пікір қалыптастыруға тырысады. Алайда ойлай алатын адам шындық пен өтірікті бірден айырады. Сондықтан қытай-қазақ қарым-қатынасын бұзамын дейтіндердің әрекеті – бос әурешілік", - деді Сяо.

Жаңалықтар
0