Саясат

Елбасы халықты арзан әңгімелерден аулақ болуға шақырды

© Sputnik / Владислав ВодневСилуэты людей на фоне флага Казахстана
Силуэты людей на фоне флага Казахстана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Нұрсұлтан Назарбаев жұрт көңілі алаң осындай кезде ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылар өз мүддесіне пайдалануға тырысатынын атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықты жұрт көңілі алаң шақта арзан әңгімеге салынбауға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қазақстанның тұңғыш президенті халыққа үндеуінде қазіргі қалыптасып отырған жағдай оңай емес екенін, бүкіл әлем мемлекеттеріне зор ауыртпашылық түсіп отырғанын атап өтті.

"Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ", - деді Назарбаев.

Елбасы жұрт көңілі алаң осындай кезде ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылар өз мүддесіне пайдалануға тырысатынын да жеткізді.

"Мен халықты әртүрлі сондай азғырынды, арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырамын. Шынымен көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал", - дейді Назарбаев.

Осы орайда ол даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: "Тәртіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды" деген қанатты сөзін еске алып, қазіргі жағдайда соны бекем ұстану қажеттігіне баса назар аударды. Себебі  бұл пандемияны көршіміз Қытай елі ұйымшылдығы мен темірдей берік тәртібінің арқасында ауыздықтай алды.

"Қазіргі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайды. Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді", - деп атап көрсетті тұңғыш президент.

Назарбаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барлық әлеуметтік топқа, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан-жақты мағлұмат бергенін айта келе, "Қазақстанның ұлттық экономикадағы қол жеткізген табыстары мен жоғарыда аталған қор құрылмаса, мұның бірі де болмас еді" деген ойын жеткізді.  

"Кезінде соның бәрін таратып берейік дегендер де болған, бірақ өмір біз қабылдаған шешімнің дұрыс болғанын көрсетті", - деп жазды ол.

Жаңалықтар
0