Саясат

Президент Дәурен Абаевты қызметінен босатты

© Sputnik / Владислав ВодневДаурен Абаев - министр информации и общественного развития Казахстана
Даурен  Абаев - министр информации и общественного развития Казахстана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мемлекет басшысының жарлығымен Дәурен Абаев сенат депутаты болып тағайындалған Мәулен Әшімбаевтың орнына келді

НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қызметінен босатылды, деп хабарлады Ақорда.

"Мемлекет басшысының жарлығымен Дәурен Әскербекұлы Абаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметінен босатылды", - делінген хабарламада. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Дәурен Абаевты Қазақстан Республикасы президентінің әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындады. Бұл қызметті Мәулен Әшімбаев атқарған еді, ол президенттің жарлығымен сенат депутаты болды.

Айта кетсек, 2 мамырда мемлекет басшысы сенат депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігін тоқтату туралы жарлыққа қол қойған болатын. 

Дәурен Абаев туралы не білеміз

Дәурен Әскербекұлы Абаев 1979 жылы Алматы облысында дүниеге келді. Үйленген, екі баласы бар.

2001 жылы Дәурен Абаев әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін қызыл дипломмен бітірді. 2006 жылы Нидерландыдағы Лейден университетін тәмәмдаған. 2014 жылы Еуразиялық гуманитарлық институттың дипломын алды. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде еркін сөйлейді.

Еңбек жолы

Дәурен Абаев еңбек жолын 2001 жылдың тамыз айында Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында бастады. Кейін төрт жыл Қазақстанның Әзербайжандағы және Нидерландыдағы елшіліктерінде дипломаттық қызметте болды. 2007 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі бөлімінің басшысы болған.

Қазақстан президенті аппаратындағы мансабын Дәурен Абаев 2007 жылы желтоқсанда бас сарапшы, президенттің кеңесшісі лауазымында бастады. Бір жылдан соң Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысының орынбасары болып тағайындалды.

© Sputnik / Владислав ВодневДәурен Абаев (оң жақта)
Президент Дәурен Абаевты қызметінен босатты - Sputnik Қазақстан
Дәурен Абаев (оң жақта)

2009 жылдың қазанынан президент әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аймақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінде мемлекеттік инспектор болып қызмет етті. Екі жылдан кейін мемлекет басшысының баспасөз хатшысы болды.

2013 жылдың шілде айында Дәурен Абаев Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы әрі кеңесшісі болып тағайындалды. 2016 жылдың мамыр айында Дәурен Абаев Қазақстанның ақпарат және коммуникациялар министрлігінің басшылығына келіп, 2019 жылдың 25 ақпанында Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды.

Жаңалықтар
0