Саясат

"Ұпай жинайсыз деді": Тоқаев үкіметті неге отставкаға жібермегенін ашық айтты

© Sputnik / Владислав ВодневЗдание правительства РК в Нур-Султане
Здание правительства РК в Нур-Султане - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Президент кез келген дағдарыс әрбір басшының кәсіби біліктілігін анықтайтын сынақ екенін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті неге отставкаға жібермегенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Ашығын айтайын: осы отырысқа дайындалып жүргенде маған кейбір өңірлердің, ведомстволардың бірінші басшыларын жұмыстан шығаруға, тіпті бүкіл үкіметті отставкаға жіберуге кеңес берді. Мұндай шешімді қоғам жақсы қабылдайды, ұпай жинайсыз деді. Бірақ, маған ұпай мүлде керек емес. Мен жауапты адамдарды тыңдауға және құлақ асуға дайынмын, бірақ көпшілік алдында ойнамаймын. Бұған жасым да, лауазымым да сай емес", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында. 

Ол кейбір әкімдер сөгіс пен ескерту алғанын еске салды. 

"Жалпы мұндай жазаға басқа облыстардың немесе министрліктердің басшылары лайық шығар. Бірақ біз қазір әлеуметтік-экономикалық дамудың қатерлі кезеңінде тұрмыз. Одан әрі ушыға беретін дағдарыстан шығу үшін үкімет пен әкімдер батыл әрі жанкешті іс-қимыл жасауы қажет. Бұл әлемдік экономикаға қатысты болжам, ал Қазақстан оның бір бөлігі", - деді мемлекет басшысы. 

Ол мемлекеттік органдардың барлық шешімі халыққа және ұлттық экономикаға арналуы тиіс екенін атап өтті. Орындаушылардың қателіктері, қағазбастылыққа жол беруі қарапайым адамдардың әл-ауқаты мен денсаулығына зиян келтіреді.

"Кез келген дағдарыс – әрбір басшының кәсіби біліктілігін анықтайтын сынақ. Осыны есте сақтаңыздар", - деді Тоқаев.

Айта кетсек, 10 шілдеде президенттің төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жыл соңына дейін орындалатын міндеттер қаралды.

 

Жаңалықтар
0