Саясат

Тоқаев Қазақстанның алдында тұрған басты міндетті атады

© Sputnik / Владислав ВодневКонституция Республики Казахстан
Конституция Республики Казахстан - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мемлекет басшысы жалпыға ортақ демократиялық қағидаттарды нығайта түсу, адамдардың және азаматтардың құқығы мен бостандығына кепілдікті күшейту еліміздің алдында тұрған басты міндет екенін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Конституциясының 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысты.

Президент 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданғанын, Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Ата Заңымызға идеялық тұрғыдан бастамашы болғанын, іргелі құжатты әзірлеу жұмысын Елбасының өзі басқарғанын атап өтті.

"Конституция Тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін қалады. Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жарияланды. Еліміздің аумақтық тұтастығы, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, құқық үстемдігі және демократия қағидаттары бас құжатымызда айқын көрініс тапты", – деп Ақорда мемлекет басшысының сөзінен үзінді келтірді.

Президент Конституцияда Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттілігін қалыптастыру үшін аса маңызды  құқықтық, саяси және әлеуметтік-экономикалық алғышарттар да  айқындалғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның мазмұны уақыт талабына сәйкес жетіліп, жаңартылып отыратынын, оның заңды құбылыс екенін айтты. Бүгінде бүкіл әлемнің кескін-келбеті өзгеріп жатыр. Осындай кезеңде Қазақстан да көштен қалмай, қарқынды дамуда. Сондықтан қалыптасқан жаңа ахуалға сай Ата заңның мәтініне қосымша құқықтық тетіктер мен нормалар енгізіліп отырады.

© Официальный сайт Президента КазахстанаҚазақстан президенті ел Конституциясының мерейтойына арналған конференцияда сөз сөйледі
Тоқаев Қазақстанның алдында тұрған басты міндетті атады   - Sputnik Қазақстан
Қазақстан президенті ел Конституциясының мерейтойына арналған конференцияда сөз сөйледі

"Ата заңымыз қабылданған ширек ғасыр ішінде үш конституциялық реформа жасалды. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам кең көлемде атсалысты. Дегенмен, Конституцияның жасампаздық әлеуеті әлі де зор. Әсіресе, қоғам тарапынан туындаған әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы талап-тілектерге толыққанды жауап беретіндей мүмкіндіктері мол екені сөзсіз", – деді ол. 

Мемлекет басшысы жалпыға ортақ демократиялық қағидаттарды нығайта түсу, адамдардың және азаматтардың құқығы мен бостандығына кепілдікті күшейту еліміздің алдында тұрған басты міндет екеніне тоқталды. 

"Парламент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасы бойынша бірқатар маңызды заңнамалық өзгерістерді қабылдады. Елімізде бейбіт жиналыстар туралы демократиялық тұрғыдан мүлде жаңа заң күшіне енді, саяси партияларды құру және тіркеу үдерісі едәуір жеңілдетілді, сайлаудағы партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді, сондай-ақ, жала жапқаны үшін қылмысқа тарту талабы алынып тасталды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Қазақстан халқына жолдауын қашан жасайтыны белгілі болды

Мемлекет басшысы Ата заңның ережелерін жүзеге асыру ісінде Конституциялық кеңестің маңызы ерекше екенін, аталған кеңес Конституцияның ел аумағында үстемдік етуін қамтамасыз етіп, конституциялық талаптардың мән-мазмұнын түсіндіру тұрғысынан  орасан зор жұмыс атқаратынын жеткізді. Сонымен қатар биыл Қазақстанның Конституциялық кеңесі Азия конституциялық соттары қауымдастығы мен Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығына төрағалық етіп жатқанын атап өтті.

© Официальный сайт Президента КазахстанаҚасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Конституциясының 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысты
Тоқаев Қазақстанның алдында тұрған басты міндетті атады   - Sputnik Қазақстан
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Конституциясының 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысты

Президент сөз соңында конференцияға қатысушыларды Ата заңның мерейлі мерекесімен құттықтады.

"Қазақстан Конституциясында әлемдік құқықтық ойдың озық жетістіктерімен ұштасқан қазақ халқының сан ғасырлық бай тәжірибесі және даналығы көрініс тапқан. Ата заңымыз алдағы уақытта да мемлекетіміздің саяси және экономикалық тұрғыдан табысты дамуының айнымас кепілі боларына сенімдімін. Баршаңызды Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығымен құттықтаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында Еуропа кеңесінің құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясының президенті Джанни Букиккио, Еуразиялық Экономикалық одақ сотының төрағасы Жолымбет Бәйішов, Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының бас директоры Фрауке Бахлер, Нұр-Сұлтан қаласындағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабо сөз сөйледі.

Жаңалықтар
0