Саясат

Президент екі жаңа агенттік құру жөніндегі жарлыққа қол қойды

© Photo : Public DomainПодпись, соглашение, документ
Подпись, соглашение, документ - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мемлекет басшысы елде жаңа ведомстволар құруға қатысты Жолдауда берген тапсырмасын құжат жүзінде бекітті

НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде екі жаңа ведомство құру жөніндегі жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

"Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру мақсатында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылсын. Оған стратегиялық жоспарлау және мемлекеттік статистикалық қызмет салаларындағы Ұлттық экономика министрлігінің функциялары мен өкілеттіктері берілсін", - делінген құжат мәтінінде.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің міндеті:

  • реформаларды жүзеге асыру тәсілдерін, реформаларды жүзеге асыруға қажетті, сондай-ақ олардың іске асырылу барысын мониторингтеу мен бағалау  бойынша нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеу;
  • мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын дайындау кезінде, сондай-ақ оларды келісу, іске асыру барысын мониторингтеу мен бағалау бойынша мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін үйлестіру;
  • мемлекеттік органдардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын келісу;
  • елдің дамуы мен халықаралық ахуалды стратегиялық болжамдау мен  талдау жүргізу;
  • ведомстволық статистика саласындағы жұмысты үйлестіру;
  • орталық мемлекеттік органдар және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігіне жыл сайынғы бағалау жүргізу бойынша жұмыстарды үйлестіру жөніндегі функциялар мен өкілеттіктер берілді.

Үкіметке президентінің әкімшілігімен келісу бойынша мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат санын қайта бөлу тапсырылды. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетін тиісті штат санымен бірге Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің қарауына беріп, кейіннен Ұлттық статистика бюросы етіп қайта құруы қажет.

Сондай-ақ, президент Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін құруды тапсырды. Оған тиісті тауар нарықтарында бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу, мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті бақылау мен реттеу саласындағы Ұлттық экономика министрлігінің функциялары мен өкілеттіктері беріледі.

Қазақстан Республикасы президентінің әкімшілігі бір ай мерзімде:

  • құрылған Стратегиялық жоспарлау және реформалар мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің төрағаларымен бірлесіп, құрылған агенттіктер мен олардың құрылымдары туралы ережелердің жобаларын;
  • Үкіметімен  бірлесіп, қайта  ұйымдастырылатын мемлекеттік  органдардан штат санын құрылған агенттіктерге қайта бөлу, сондай-ақ олардың қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі жөнінде ұсыныстар енгізуі тиіс.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Жаңалықтар
0