07:37 23 Қараша 2017
Тікелей эфир
Теледидар көріп отырған ер адам

Депутат: шекаралас аумақтарда көрші елдердің ақпараты саңқылдап, сайрап тұр

© Sputnik / Константин Чалабов
Өңірлер
Қысқа сілтеме алу
109 0 0

Депутаттың айтуынша, Қазақстан азаматтары өз елінің ақпараттарын көп жағдайда көршілес елдердің коммуникациялық желілері арқылы алуға мәжбүр

АСТАНА, 11 қазан – Sputnik. Шекаралас аумақтарда көрші елдердің ақпараты саңқылдап, сайрап тұр, дейді мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов. 

Депутат премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевқа депутаттық сауал жолдап, көршілес мемлекеттермен шекаралас аумақтардың ақпараттық қауіпсіздік технологияларын жаңа сапаға көтеру қажеттілігін көтерді. 

"Мемлекетіміздің солтүстігінде, солтүстік-шығысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, шығысында, батысындағы шекаралық аумақтарда шамамен 150-200 шақырым жердегі елді мекендерде кеңістікте біздің ұлттық телевизия, радио, ұялы телефон сигналдары нашар, кейбір жерлерде мүлдем естілмейді, өтпейді. Ал Алматы облысы сияқты үлкен облыстарда қазақ радиосының үні жетпейді. Ал облыстық радио жоқ, керісінше көршілер даусымен ақпараты саңқылдап, сайрап тұр. Солтүстік облыстарда да жағдай осындай", — дейді Сұлтанов. 

Өйткені, айтуынша, көршілердің ғарыштағы станциялары өте қуатты. Осы өңірлерде тұрып жатқан Қазақстан азаматтары өз елінің ақпараттарын көп жағдайда көршілес елдердің коммуникациялық желілері арқылы алуға мәжбүр. 

"Қазір ақпаратқа сұраныс та, тұтынушылар да бұрын-соңды болмаған, болжанбаған көлемде еселеп өсуін өзіңіз жақсы білесіз. Яғни, мемлекетіміздің ақпараттық қауіпсіздік әлеуетінің коммуникациялық сапасын Елбасының цифрландыру талаптарына сай қуаттандырып, оларды өз мемлекетіміздің мүддесіне қызмет еткізу мақсатында осы уақытқа дейінгі бағдарламаны түбегейлі өзгертіп, қайта жасақтау қажеттілігі туындап тұрғаны күмәнсіз. Екіншіден, мемлекет мүддесі үшін барлық облыстарда хабар тарататын ұлттық телевизия, радиоканалдармен қатар, әсіресе Алматы, Шығыс, Оңтүстік, Солтүстік, Батыс Қазақстан сияқты шекаралық облыстардың ақпараттық кеңістіктері мен олардың мүмкіндіктерін, бәсекелестікке қабілеттігін көтеру шаралары қарастырылуы қажет деп есептейміз", — деп түйді сөзін депутат.

Басты тақырыптар