01:37 18 Желтоқсан 2017
Тікелей эфир
Ақша

Көкшетау тұрғындары қаржы пирамидасына алданып қалды

© Sputnik / Болат Шайхинов
Өңірлер
Қысқа сілтеме алу
100 0 0

Алаяқтың арбауына түскен жәбірленушілер ақшасын еселеп қайтарып алуға үміттенген

АСТАНА, 8 желтоқсан — Sputnik. Көкшетауда қаржы пирамидасына алданған 45 адам полицияға жүгінді, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Көкшетау ішкі істер басқармасы ҚР ҚК 217-бабы 2-тармағы (қаржы пирамидасын құру және басқару) бойынша ЖК құрылтайшысы – 31 жастағы көкшетаулық әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда қаланың 45 тұрғыны полицяға шағымданды. 

Кәсіпорын желілік маркетинг принципімен бір айдай жұмыс істеген. Құрылтайшы Көкшетау тұрғындарының сеніміне кіріп, оларды пирамидаға тартқан. Ол тұрғындардан 30 мың теңге алып, 30 күн ішінде ақшаны 300 %-ға ұлғайтуға уәде еткен. Егер салымшы өзінің артынан тағы бір клиент кіргізсе, онда ол әр адамнан 30 мың теңге көлемінде "бонус" алуы тиіс болған. Жәбірленушілердің айтуынша, кәсіпорын өзін банкрот деп жариялап, салынған ақша сол күйі қайтарылмапты. 

Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды. Тергеу тобы құрылып, жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алынуда. Сондай-ақ кәсіпорынның барлық құжаты тексеріліп жатыр. 

Осы орайда полиция азаматтарға барынша сақ болуға, күмәнді қаржы компанияларына ақша салмауға кеңес береді.

Басты тақырыптар