16:24 11 Шілде 2020
Тікелей эфир
  • USD412.55
  • EUR465.73
  • RUB5.79
Өңірлер
Қысқа сілтеме алу
53 0 0

Жансейіт Түймебаев балмұздақтан уланған науқастардың жағдайымен танысты

АСТАНА, 2 сәуір — Sputnik. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев балмұздақ жегеннен кейін жіті ішек инфекциясы диагнозымен ауруханаға түскен науқастардың жағдайымен танысып, жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Алдын-ала анықталған дерек бойынша, тұрғындар қаладағы "Южный" сауда орнынан балмұздақ сатып алып жеген. Олардың алғашқы легі Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 29-30 наурызда жеткізілген. Балмұздақтан уланғандардың қызуы көтеріліп, жүрегі айнып, іші өткен. Қазір 38 пациент үйлеріне жіберілді, қалғандарына тиісті ем-дом көрсетіліп жатыр. 

Орын алған жағдайға байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, қызметтік тексеру шаралары басталды. Науқастардың хал-ахуалы облыстық денсаулық сақтау басқармасының жіті қадағалауына алынды. Облыс әкімі науқастардың тез арада сауығып кетуіне барлық жағдай жасау керектігін ескертіп, жауапты басқармаға қосымша дәрігер мамандарды тартуға тапсырма берді.

"Барлық науқастың жағдайымен танысып шықтым. Бүгінгі күнге олардың жағдайы тұрақты, барлық тиісті ем-дом көрсетілуде. Ауруханада дәрі-дәрмек пен төсек орындары жеткілікті. Ең бастысы, науқастардың тез жазылып кетуіне барлық жағдай жасауымыз қажет. Осы ретте мен Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасындағы жұмыс кестесін күшейтуді тапсырамын", — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Штаб отырысында болған оқиғаның себеп-салдары талқыланды. Мамандардың айтуынша, жіті ішек инфекциясы санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауынан орын алған. Қазіргі таңда қосымша сараптама жұмыстары жүргізілуде. Ал осындай диагнозбен ауруханаға түскендер шұғыл жасалған емнен кейін сауығып, отбасыларына оралуда.

Аталған оқиғаға байланысты өңір басшысы облыстың мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің жұмысын сынға алды. Жалпы қоғамдық тамақтандыру орындары тұрғындарға қызмет көрсетуде санитарлық нормаларды қатаң сақтауға міндетті. Ең бірінші кезекте, халықтың денсаулығы қымбат екенін ескеріп, жауапты департамент тамақтандыру орындарына тиісті қадағалау жүргізуі қажет.

Аталған фактіге қатысты ОҚО ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарымен айналысуда.

Кілт сөздер:
балмұздақ, жаппай улану, науқастар, Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан
Загрузка...

Басты тақырып