20:10 22 Наурыз 2019
Тікелей эфир
  • USD378.17
  • EUR429.11
  • RUB5.88
Кәріз құдығы

Шелек ауруханасындағы үш кісінің өлімі: жұмысшылардың біріне айып тағылды

© Sputnik / Табылды Кадырбеков
Өңірлер
Қысқа сілтеме алу
377 0 0

Ауыл ауруханасының шаруашылық меңгерушісі 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

АЛМАТЫ, 7 наурыз — Sputnik. Алматы облысындағы аурухананың шаруашылық меңгерушісі Әркен Үшүров үш кісінің өлімі үшін айыпталды. Оқиға Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы медициналық мекемеде болған.

Еске сала кетсек, қайғылы жайт 2018 жылдың 2 шілдесінде болған еді. Кәріз құдығына үш адам түсті – екі сантехник пен травматолог дәрігер, кейінірек бәрі қаза тапқан. Тағы бір дәрігер әріптестеріне көмектесуге тырысып, аман қалды.

Медициналық сараптамаға сәйкес, ауруханада сантехник болып істеген ер адамдар кәрізді тазалап жатып, газдан уланып қаза тапқан. Тергеу мәліметі бойынша, оларға Әркен Үшүров кәрізді тазалауға тапсырма беріпті. Алайда, оның адвокатының айтуынша, ол кезде қорғалушысы Алматыда іссапармен жүрген.

Қазір Әркен Үшүровке Қылмыстық кодекстің 156-бабы "Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет" бойынша айып тағылып отыр.

Кім кінәлі?

Әркен Үшүров пен оның адвокатының сөзіне сүйенсек, шаруашылық меңгерушісі сантехниктерге кәріз құдығын тазалауға тапсырма беру үшін телефон соқты деген мәліметке сүйеніп, тергеу айып тағып отыр.

Адвокат Айман Умарованың айтуынша, телефон қоңырауы Үшүровті қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз бола алмайды. Өзінің тергеуін жүргізген ол Үшүров ауруханада жұмыс істеген тоғыз жыл ішінде Алматы облысының еңбек инспекциясы қауіпсіздік техникасының сақталуын бірде-бір рет тексермегенін анықтады.

Адвокаттың пайымдауынша, адамдардың өлімі үшін шаруашылық меңгерушісі емес, басқа лауазымды тұлғалар жауап беруі тиіс. Қорғаушы тарабының мәліметіне сәйкес, қауіпсіздік техникасы үшін бұрынғы бас дәрігер қол қойған бұйрық бойынша аудандық аурухана директорының орынбасары жауапты болған.

"Шаруашылық меңгерушісі Үшүровті айыптап отыр. Біз тексеруді бастап едік, Үшүров пен сантехниктер 2017 жылы оқу оқыды деген мәлімет шықты. Бізге тіпті сертификаттарды көрсетті. Бір қызығы, Үшүров еш жерде оқымаған", - деп мәлімдеді Умарова Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.

Адвокаттың сөзіне жүгінсек, оқу оқығаны туралы сертификаттың көшірмесі "Алматы облысының еңбек инспекциясы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің бланкісінде дайындалған.

"Біз аудандық аурухананың қазіргі басшысына сауал жібергенде, 2017 жылы қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау туралы оқу үшін ешқандай тендерлік өтініш берілмегені және қызметкерлердің ешқайсысы оқу оқымағаны туралы жауап келді", - дейді заңгер.

Іс сотқа жіберілді

Қазір Үшүров жұмыссыз, былтыр қыркүйек айында өз еркімен жұмыстан кетуге өтініш берген.

"Мені неге айыптап жатқанын түсінбеймін. Өзім диабет дертіне шалдыққанмын, күйзелістен микроинфаркт алып қалдым. Жүйкеп жұқарып бітті. Мен кінәлі емеспін", - дейді Әркен Үшүров.

Үшүровті қорғаушы жақ қайғылы оқиғаға айыпты тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартып, әділетті тергеу жүргізуді талап етіп отыр.

Алматы облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, сотқа дейінгі тергеу аяқталған. Істің материалдары сот органдарының қарауына жіберілді.

Кілт сөздер:
айыптау, кісі өлімі, аурухана, Алматы облысы
Загрузка...

Басты тақырып