НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір – Sputnik. Теңіз мұнай кен орнында вахта қалашығында науқаспен байланыста болған адамдардан коронавирус табылған жоқ. Әлеуметтік желілерде қуаныштан жылап жіберген әйелдердің видеосы тарады.
Бұл туралы "Ақ Жайық" басылымы хабарлайды.
Видеодағы әйелдер вахта қалашығында вирус жұқтырған әріптестерімен байланыста болған.
Видеодан қуанышты хабарды естіген әйелдердің бір-бірін құшақтап, жылап жүргені байқалады.
Облыс әкімдігі жанынан құрылған төтенше жағдай режимін сақтау штабы бұл видеоға қатысты түсініктеме берген.
"Әйелдер төтенше жағдай және карантинге байланысты қабылданған санитарлық талапты бұзып, оқшаулау орнынан шығып, медицина қызметкерлерінің талабына бағынбаған", - деп жазады басылым штабқа сілтеме жасап.
Тағы оқыңыз: "Не болып жатқанын түсінбедім" – коронавирусты жеңген оралдық әйелдің әңгімесі
8 cәуірде Теңіз мұнай кен орнында жұмыс істейтін 1970 жылы туған әйелден вирус анықталғаны хабарланды. Әйел Ветернас вахталық ауылында тұрған. Қазіргі уақытта ол жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатыр.
Атырау облысында індетке шалдыққандар саны 45 адамға жетті.