Өңірлер

Алматыда 60 мыңға жуық адам екі ай бойы коммуналдық төлем алады  

© Sputnik / Абзал Калиев Лампочка, свеча, счетчик, электричество, свет
 Лампочка, свеча, счетчик, электричество, свет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Коммуналдық төлемді алу үшін тұтынушы өзінің әлеуметтік жағынан осал топқа жататынын 22 сәуірден бастап растауы қажет

АЛМАТЫ, 20 сәуір – Sputnik. Алматы қаласында 60 мыңға жуық адамның дербес шотына коммуналдық төлем ақысы аударылады. Бұл жайында Алматы қаласы энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес индустрия министрлігі коммуналдық төлемді өтеу бойынша ереже бекіткен.

"Осы ережеге сәйкес әлеуметтік жағынан осал топтарға кіретін тұрғындардың тізімі жасалды. Мұның ішінде І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар бар", - деді Масабаев.

Сонымен қатар бұл тізімге мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасы да кіреді.

"Ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер де коммуналдық төлем алады", - деді Масабаев.

Оқи отырыңыз: Коммуналдық қызмет үшін 15 мың теңге қашан төленетіні айтылды 

Мемлекет сәуір және мамыр айлары үшін 15 мың теңгеден коммуналдық қызмет ақысын төлейді.

"Алматыда әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын 62 455 адам бар. Осы азаматтардың дербес шотына 15 мың теңгеден бөлінеді. Бұл 15 мың теңге екі айға: сәуір және мамыр айына бөлінеді. Сәуір айына есептелетін коммуналдық төлем мамыр айында, мамырдағы коммуналдық төлем маусым айында келеді", - деп атап өтті басқарма басшысы.

Тұрғын үй заңының 2-бабына сәйкес коммуналдық төлемдер су, жылу, газ, электр энергиясы, қоқыс шығару және лифт қызметі үшін төленеді.

Коммуналдық төлемді алу үшін тұтынушы өзінің халықтың әлеуметтік жағынан осал топтағы мәртебесін 22 сәуірден бастап жұмыс істейтін +7 (727) 339-50-15; +7 (727)341-07-77 нөмірлеріне хабарласып, растауы қажет. Call-орталық сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.

Жаңалықтар
0