АЛМАТЫ, 26 мамыр – Sputnik. Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаменті баланың өмірін құтқарып қалғаны үшін облыс орталығында тұратын 27 жастағы жігітті марапаттағалы жатыр. Бала ата-анасы үйінде болмаған кезде екінші қабаттан құлай жаздаған.
25 мамырда жас жігіттің көпқабатты үйдің терезесінде тұрған баланы құтқарған сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде тез тарады, деп хабарлады аймақтық alau.kz порталы.
Баланың терезе алдында тұрғанын байқаған тұрғындар санаулы минутта оқиға орнына жинала кеткен. Жиналғандардың ішінде жас жігіт баланы құтқару үшін газ тұрбасы арқылы жоғары көтеріліп, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Оқи отырыңыз: Жітіқарада студент терезеден құлаған баланы қағып алды
Куәгерлердің айтуынша, құтқару операциясы мұнымен аяқталмаған. Ол баланы қолына алып, терезе арқылы пәтер ішіне кірген.
Оқиғадан бірнеше сағат өткен соң әлеуметтік желідегі видеоны көрген облыстың ТЖД қызметкерлері құтқарушыны іздеп тапты. Ол Евгений есімді 27 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Оны оқиғаға бей-жай қарамағаны үшін және ерлігі үшін марапаттағалы жатыр.
Сонымен қатар құтқарушылар төтенше жағдай кезінде үйде үлкендердің болмағанын анықтады. Пәтерде құтқарылған баланың ағасы ғана болған, алайда оқиға кезінде ол ұйықтап жатып, ештеңе естімеген.