Өңірлер

Шорнақ ақсақалдары: қазақ пен өзбек - ағайын халықпыз

© Photo : Пресс-служба акима Туркестанской областиШукеев встретился с жителями Шорнака
Шукеев встретился с жителями Шорнака - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Түркістан облыстық өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы сөз алып, ауыл тұрғындарын бірлікке, ынтымаққа шақырды

НҰР-СҰЛТАН, 24 шілде – Sputnik. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Шорнақ ауылында құрылған жедел штаб отырысына қатысты, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы оқиға болған сәтте шұғыл әрекет етіп, ел тыныштығын сақтауда жүйелі жұмыс жасаған штабқа алғыс айтқан. Жиыннан соң ауыл тұрғындарымен кездескен облыс әкімі келеңсіз жағдайға байланысты пікір білдірді.

"Шорнақ - мыңжылдық тарихы бар мекен. Кешегі жағдай бүкіл елге тарап, ыңғайсыз болды. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауыл үшін бұл ұят нарсе. Әрине, әлеуметтік желі дамыған сәтте бұл жағдайды бұрмалайтын арандатушылардың болары анық. Тек солардың сөзіне еріп кетпеу керек. Ел арасына дау, іріткі салған адамдарға қатаң жаза қолданылады", - деді ол.

Ауыл ақсақалдары облыс әкімінің сөзін құптағаны айтылып отыр.

"Шорнақ ауылы осы уақытқа дейін дау шығарған ауыл емес еді. Кешегі оқиға барлығымызды есеңгіретті. Себебі, әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат көп тарады. Осындай жағдайдың орын алуына себеп болған жастар үшін кешірім сұраймыз. Қазақ пен өзбек - ағайын халықпыз. Тіліміз, дініміз бір елміз", - деді ақсақалдар.

Сондай-ақ Түркістан облыстық өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы сөз алып, ауыл тұрғындарын бірлікке, ынтымаққа шақырды.

Шорнақтағы тәртіпсіздік

21 шілдеге қараған түні Түркістан облысы Шорнақ ауылында жастар арасында тұрмыстық жанжал болған.

Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, салдарынан 1 учаскелік инспектор мен 3 тұрғын жарақат алды.

Жедел іздестіру шаралары барысында жанжалға қатысы бар 4 адам ұсталды. Бұзақылық және билік өкіліне күш қолдану фактілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ішкі істер министрі елді мекенде жағдай тұрақталғанын мәлімдеді.

Еске сала кетсек, Тоқаев жағдайды бақылауда ұстап, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, ел ішіндегі тұрақтылықты бұзуға талпынған арандатушылардың алдын алуды, құқық бұзушыларды заң аясында жауапкершілікке тартуды тапсырған болатын.

Жаңалықтар
0