03:46 27 Қыркүйек 2017
Тікелей эфир
филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ыбыраев

Шәкір Ыбырайұлы: Кенесары хан туралы түпнұсқа қолжазбаны араб әліпбиінен көшіру керек

© Foto: Астана ақшамы
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
215 0 0

Ахмет Кенесарин қолжазбасының түпнұсқасын ресейлік тарихшы Илья Зайцев 2004 жылы Мәскеудің мемлекеттік тарихи мұражайынан кездейсоқ тауып алған.

АСТАНА, 17 ақп – Sputnik. Айымгүл Әбіл. Бірер күн бұрын Мәскеуде "Кенесары Қасымов: тұлға, тағдыр, дәуір" деген кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл кітап әкесі мен ағасы туралы сыр шерткен Ахмет Кенесариннің қолжазбасының түпнұсқасы. Кенесары хан мен Садық сұлтан туралы естелік әңгімелер 1889 жылы аударылып, Ташкентте жарық көрген. Бірақ кейін түпнұсқа қолжазба жоғалып кеткен еді. Осылайша тағдыры белгісіз болып келген құжатты ресейлік тарихшы Илья Зайцев 2004 жылы Мәскеудегі мемлекеттік тарих музейінен тауып алған екен. Бірақ кітапты енді ғана жариялап отыр. Қазақ тарихы үшін аса құнды осы еңбектің маңыздылығы, хан Кененің тарихи тұлғасының зерттелуі мен оның бас сүйегінің елге қайтарылуы жөнінде Кенесарының ұрпағы, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ыбырайұлымен сұхбаттастық.

—  Шәкір Ыбырайұлы, Кенесары ханның ұлы Ахметтің із-түзсіз жоғалып кеткен қолжазбасы көп жылдан кейін табылып отыр. Қазақ тарихы үшін айтулы оқиға екені сөзсіз. Сіз бұл еңбектің құндылығын қалай бағалайсыз? 

— Кенесарының баласы Ахмет орысша оқыған, өте сауатты, ескіше де, жаңаша да білген білімді адам болған.  Ол әкесі Кенесары, Садық сұлтан туралы жақсы еңбек жазып қалдырады. Оны араб әліпбиімен қазақ тілінде жазғаны белгілі. Кезінде орыстың Середа деген сол дәуірдегі офицері бұл кітапты аударып, жарыққа шығарған. Кейін қолжазба жоғалып кетіп, күні бүгінге дейін оның қайда екені белгісіз болып келді. Ресейлік тарихшы Илья Зайцев түпнұсқа қолжазбаны 2004 жылы тауыпты. Енді соны басып шығарып отыр. Бірақ бұл кітап әлі қолыма тиген жоқ.

Жалпы, Ахмет Кенесариннің қолжазбасы мен орысша аударылып басылған бұрынғы еңбек арасында айырмашылық көп болуы мүмкін. Қолжазбада жазылған объективті шындық, сол кездегі көтерілістің, Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың көптеген шындықтары түгелдей берілмеуі және бұрмалануы ықтимал. Орыстың офицері қазақ тарихының бар шындығын ақтарып қайтеді? Өзіне ыңғайлап, тиімді қылып, қысқартып, аударып басуы әбден мүмкін. Ал енді Ахмет Кенесариннің қолжазбасында бар шындық сол қалпында жазылған деп ойлаймын. Өйткені Ахмет өзінің әкесі, ағасы, көтеріліс туралы мейлінше шындықты ақтаруға әрекеттенгені сөзсіз. Сол уақыттағы оқиғалардың ізін суытпай, тарихи деректерді мейлінше объективті түрде көрсеткені күмән тудырмаса керек. Енді Ахметтің қолжазбасының түпнұсқасы табылып отыр. Илья Зайцевтің Мәскеуде жариялаған кітабы өте құнды. Бұл еңбек тарихи шындықты мейлінше орнына келтіретін, Кенесары көтерілісінің, Садық сұлтан қозғалысының тарихи рөлін анықтауға көмек көрсететін тың мәліметтерді жарыққа шығаратыны қуантады. Оның үстіне Илья Зайцев қолжазбаны бұрмаламай, сол қалпында жарияласа, онда кітаптың құндылығында шек жоқ. Сөйтіп, қазақ халқының он тоғызыншы ғасырдағы өмірін,оның  тарихи шындығын бейнелеуге ерекше үлес қосары анық.

—  Енді Ахмет Кенесариннің тарих үшін аса құнды бұл қолжазбасын елге әкелуге мүмкіндік бар ма? 

— Өкінішке қарай, бұл ғана емес, талай қолжазбаларымыз Ресейде сақтаулы. Енді олар сол елдегі  кітапхана, мұрағаттардың мұрасы болып есептеледі. Оны тек мемлекеттік деңгейде көтерсек қана ала аламыз. Басқаша бізге ол кітапты бермейді. Біздің ендігі маңызды міндетіміз қазақ тілінде араб әліпбиімен жазылған қолжазбаны кириллицаға түсіріп шығу керек. Бұл аса қиын шаруа деп ойламаймын. Әлбетте, он тоғызыншы ғасырдағы қазақ тілі стилі мүлдем басқа, сөздер бірталай өзгеше болуы мүмкін. Оған комментарий жасай отырып, басып шығаруға мүмкіндік бар. Кенесарының он тоғызыншы ғасырда түрлі орыстың генерал-губернаторларына жазған хаттары  араб әліпбиінде болды емес пе. Осы хаттарды үлкен дерек ретінде пайдаланып жүрміз. Қолжазба қолымызда болса, оқитын адам табылады. Сонда бізге Ахмет Кенесариннің еңбегін орыс тіліндегі аудармасы арқылы емес, тікелей қазақ тіліндегі түпнұсқасы арқылы бағалауымызға, Кенесары хан туралы тарихи деректерді нақтылап, пайдалануымызға жол ашылады.

 — Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін тарихи тұлғалардың өмірін зерделеп, көмескі тұстарын ашып-тану бойынша бірталай шаруа тындырылғаны анық. Оның ішінде хан Кенені айналып өту, әрине, мүмкін емес. Десек те, осы уақытқа дейін, сіздің пікіріңізше, қазақтың соңғы ханы туралы деректер толыққанды зерттелді ме? Әлде зерделеуді қажет ететін мәселелер әлі де бар ма? 

— Бұл тақырыпта зерттеуді қажет ететін тұстар өте көп. Біздің елдік, тарихи, мемлекеттік, ұлттық санамыз қаншалықты дәрежеде жоғары көтерілсе, Кенесары көтерілісіне, жалпы Кенесары ханның тұлғасына беретін бағамыз соған байланысты. Кенесарының көтерілісі толықтай бағасын алып болған жоқ. Көптеген деректер бізге әлі белгісіз болуы мүмкін. Тәуелсіздігімізді шынайы сезінгенде, кешегі отаршылдық сана психологиясынан арылған кезде тәуелсіздік үшін күрескен Кенесарыны ұлттық қаһарман ретінде тану үшін бізге әлі көптеген мәселелерді тындыру керек. Біріншіден, Кенесары туралы барлық мәліметтерді жарыққа шығару қажет. Хан туралы айтылған ұшқары пікірлердің барлығын қайта қарап, баға бергеніміз жөн. Бұл үшін ешкімге жалтақтамай, ешкімге қарайламай, кәдімгі тәуелсіз мемлекет, санасы азат ел тұрғысынан бағалағанымыз маңызды. Менің ойымша, әлі күнге дейін Кенесарының бас сүйегі саяси мәселелерге байланысты елге қайтарылмай отыр.

— Бұл мәселе Кейкі батырдың бас сүйегі қайтарылғаннан бері өзекті бола түскен тәрізді. Осы күні Кенесары ханның бас сүйегінің жатқан жеріне байланысты түрлі әңгімелер айтылып жүр. Осыған қатысты сіздің пікіріңіз қандай? 

— Мен Ресейде деп ойлаймын. Себебі ханның бас сүйегінің қайда сақталғаны туралы көптеген деректер болған. Көрген адамдар бар. Мұндай мәселе болмаса, үзілді-кесілді "бас келген емес, бізде жоқ" деп айтқан болар еді. Ресейдің архивтерінде бас сүйектің бергі заманға дейін сақталып келгені анық. Ал енді аяқ астынан ол жоғалып кететіндей жағдай жоқ. Оны бізге бермей отыруы мүмкін. Оны берсе арада кішкене саяси түсінбестік туындауы ықтимал. Басты кесіп алып кетудің өзі бір жабайылықтың, зорлықтың белгісіндей ғой. Кішкене екі халықтың ортасындағы достыққа сызат түседі дегендей ұғымға байланысты шығар. Осындай  түсініктер болуы мүмкін. Кейкі батырдың бас сүйегі Ресейде табылды. Егер оның тәжірибесінде ешқандай басты сақтау болмаса, онда Қырғызстанда қалды, денесімен бірге қалды деп топшылауға болар еді. Ресейде басқа да бастар табылып жатыр ғой. Сондықтан сонда екендігі анық. Бұл мәселе үкіметтік деңгейде көтерілді, енді ханның бас сүйегін қайтарса, дұрыс болар еді. Кейкі батырдың басын алғаннан кейін хан Кененің де бас сүйегін қайтарамыз деген үміт жоқ емес.  

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Басты тақырыптар