22:17 23 Қыркүйек 2017
Тікелей эфир
филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ыбыраев

Профессор: Өз ұлтыңды менсінбеуді қойып, қазақша сөйлеу керек

© Foto: Астана ақшамы
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
279 0 0

АСТАНА, 20 ақпан — Sputnik, Айымгүл Әбіл. 25 жыл өтсе де, қазақ тілі неліктен өз тұғырына көтерілмей отыр? Филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ыбыравтың пікірінше, санадағы жартыкештіктен, ұлт пен тілді менсінбеуден осындай жағдайға душар болдық. Сондықтан ұлтымызға, тілімізге деген көзқарасымызды өзгерткен жағдайда ғана тіл мәселесін шеше аламыз. 

"Бүгінгі күні толғандыратын ұлттың бір мәселесі — тіл мәселесі. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қолданамыз деп айтамыз. Бірақ ол өз тұғырына әлі көтерілген жоқ. Қазір мектепте үш тілділік жүйені енгізіп жатыр. Әлемдік өркенитеттің көшінен қалмаймыз, сол елдермен тең дәрежеде елімізді дамытамыз десек, әрине, ағылшын тілін білу керек. Ал біз қаласақ та, қаламасақ та, орыс тіліне қатысты объективті жағдай қалыптасқан. Орысша оқып, орысша жазу елімізде орныққан дүние", — дейді Шәкір Ыбыраев. 

Профессордың айтуынша, бір жағынан, үштілділік заман талабы болса, екінші жағынан одан қазақ тіліне төнген қауіп те үлкен. Өйткені, өкінішке қарай, тіл мәселесін біз әлі шешкен жоқпыз. 25 жылда қазақ тілін өз тұғырына қондыра алмадық. Ал енді осы жағдайда тілімізге ағылшынды қоссақ, қазақ тілі бұрынғы өгейлік көргенінің үстіне өгейсіне түседі.

"Балаларды алдымен түгелдей қазақ тіліне үйретіп алып, бесінші сыныптан бастап басқа тілдерді, оның ішінде ағылшын тілін оқыту керек. Онсыз әлемдік көшке ілесе алмаймыз. Бірақ оңы мен солын танып білмеген, ана тілін игермеген балаға басқа тілдерді қатар тықпаласақ, қазақ тілі ақсап қалады. Оны өмір тәжірибемізден көріп отырмыз. Қатар оқыта бастаған кезде қазақ тілі жайына қалып, орысша сөйлеп кететінін өмір дәлелдеп отыр. Оған енді ағылшын тілін қосатын болсақ, осы екі тілді меңгереді де, қазақ тілі мәселесі сұрақ болып қала береді. Жапондықтар әлемнің ең алдыңғы сапындағы ұлттардың бірі. Олар алдымен өзінің ұлттық тәрбиесі мен тілін баланың бойына сіңіріп барып,сосын қажетті деген тілдердің бәрін оқытады. Осы жапондардың тәжірибесіне біз сүйенуіміз керек", — дейді филология ғылымдарының докторы. 

Шәкір Ыбырайұлы қазақ тілінің бүгінгі жағдайына психологиядағы жартыкештік себеп болып отыр деп есептейді. Әйтпесе, тіл үйренемін деген адамға қазір бүкіл жағдай бар. Оның айтуынша, ортамызда ана тілін менсінбейтіндер бар екені анық, олар қазақша сөйлеуге арланады.

"Әлеуметтік-қоғамдық ортадағы біздің қазақтың психологиясын ескеруіміз қажет. Психологиямыз алдымен қайтсем де өзімнің ана тілімді үйретем деп отырған жоқ. Бұл жерде үлкен кемшілік бар. Оны жасырудың қажеті жоқ, бұл анық нәрсе. Өзіміз күнде көріп жүрміз. 25 жыл өтсе де, әке-шешесі де, баласы да, немересі де қазақша сөйлемейтін отбасы өте көп. Қазақстанда жиырма, отыз, қырық, елу жыл тұрып, қазақша үйрене алмайды. Мұны оқулықтан, мұғалімнен, тағы біреуден көрмейік, бұл тек сылтау. Шынына келгенде, адамның өзінде ниет жоқ екенін көрсетеді. Өзінің ұлтына өзі менсінбей қарайды. Осы ауруды ашық айтуымыз керек. Өзіміздің ұлтқа менсінбей қарағанды қойған кезде бұл мәселе орнына келеді. Көп адам сөйлегісі келмейді, бірталай орысша оқыған кісілер қазақша сөйлеуге арланады", — дейді Ш.Ыбыраев. 

Бұл орайда, профессордың пайымдауынша, санаға сілкініс қажет. Ұлтқа, тілге деген құрмет болмайынша, алға ілгерілеушілік, өзгеріс болмайтыны анық. Мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыру үшін әркім Елбасының "Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін!" деген сөзін ту етіп тұстағаны жөн деген пікірде профессор. 

"Ұлтымыздың тілі ретінде құрметтейік, әрі сөйлейік" деген ұғым шынайы қалыптасуы керек. Елбасы "Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін" деді. Біз осыны орындап жатырмыз ба? Жоқ. Көптеген қазақ қазақпен орысша сөйлеседі. Осы процесс тоқтамаған жағдайда тіл мәселесі орнына келмейді. Қазақ тіліне деген қажеттілік туындап отырған жоқ. Билік дәлізде орысша сөйлейді, негізгі ресми жерлерде көп мәселе орысша айтылады. Оны көрген бала ана тілінің шектеулі екенін, тілдің өрге басып тұрмағанын көреді. Тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген елдерде тура біздікіндей жағдай болған. Бірақ олар мәлесені шешіп, ұлттық тіліне оралды. ТМД-дағы мемлекеттер өз тілін асқақтатты. Біздің тілдің қай жері кем? Ол үшін қоғамдық психологияны өзгертуге әрекет жасау керек. Өзіміздің тілімізге, мәдениетімізге деген шынайы құрметті қалыптастыруға күш салу қажет. Жалпы, ұлтымызға, өзімізге деген көзқарасымыз өзгерсе, тілді үйрену деген өте оңай", — деп қорытты әңгімесін профессор.

Басты тақырыптар