06:35 21 Қараша 2017
Тікелей эфир
Стройка

Астанада үлескерлер тағы да биліктен көмек сұрады

CC0 / Mabel Amber
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
25 0 0

Үлескерлер үкіметтік комиссия құруды сұрап отыр

АСТАНА, 10 наурыз — Sputnik. Астананың үлескерлері "Азбука жилья" мәселесіне қатысты Қазақстандағы Австрия елшісімен кездесіп, тіпті "Азбука жилья" құрылыс компаниясының басшысы, бұрынғы Мәжіліс депутаты Ерқанат Тайжановты елге қайтаруға қатысты Австрия канцлеріне хат жолдаған. 

Айта кетсек, үш мыңнан астам үлескерлерді алдап соғып, қашып кеткен "Азбука жилья" құрылыс компаниясының директоры Ерқанат Тайжанов өткен жылы Австрияда ұсталған болатын. Бірақ оны Қазақстан әлі күнге дейін елге қайтара алмай отыр. 

"Біз Қазақстандағы Австрия елшісімен кездестік, оған мәселенің мән жайын жеткіздік. Ол Тайжанов мәселесінен хабардармыз деді. Бұл орайда  екі түйткіл бар, бірінші, Қазақстан мен Австрия арасында қылмыскерлерді қайтару бойынша келісім жоқ. Екінші, Австрия үкіметі біздің елдегі сот төрелігіне сенбейді", — деді бүгін баспасөз мәслихатында Қазақстан үлескерлері қауымдастығының басқарма мүшесі Жанқозы Бәкібаев. 

Оның айтуынша, алданған үлескерлер Австрия канцлеріне де хат жолдаған.  

"Австрия канцлерінен жауап алдық. Ең қызығы, олар "Қазақстанның сот төрелігіне сенбейміз, сондықтан Тайжановты бере алмаймыз" дейді.  Ол қаншама адамды алдап кетті.  Енді Австрия билігі ұрлықшыны, алаяқты бермейміз деп отыр", — деді Бәкібаев. 

Ал "Айсанам DeLuxe-Успех" тұрғын үй-құрылыс кооперативінің төрағасы Мұрат Қасеновтың пікірінше, Астана қаласының әкімдігі үлескерлердің мәселесін шешуге асықпай отыр. 

"Қалада қазіргі уақытта 59 проблемалық нысан бар.  2016 жылдың басында мұндай үйлердің саны 36, кейін 46 болды, ал қазір 59-ға жетті. Астана қаласының әкімдігі бұл қордаланған мәселені шешіп жатқан жоқ. Осы проблеманы шешу үшін құрылған ведомствоаралық комиссия тек кеңес берумен шектеледі", — деді ол.

Үлескерлер "жанайқайымызды билік естиді" деген үмітте. Олар бұл мәселемен арнайы үкіметтік комиссия айналысуы тиіс деп санайды. 

"Біз Астана қаласының әкімдігі, прокуратура және тиісті мемлекеттік органдарды шақырдық. Бірақ олар бүгін баспасөз мәслихатына келген жоқ. Өткен баспасөз мәслихаттарында олар сөйлеп, уәде берген болатын. Енді айтар сөздері болмаса керек. Бірақ біз билікке жанайқайымызды жеткізгіміз келеді. Үкіметтік комиссия құрылып, проблемалық нысандарға қатысты жағдайды зерттеп, зардап шеккендердің санын, әрбір нысанды салып бітіруге қажет қаражат сомасын анықтап, бөлуі қажет деп есептейміз", — деді Қасенов. 

 

Басты тақырыптар