10:34 21 Қараша 2017
Тікелей эфир
Көшпенділер

Қазақты "номад" деп атау ұлттық тарихты қорлау ма

© Foto: Уикипедия
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
168 0 0

АСТАНА, 7 сәуір — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Бүгінгі күні қазақ деген ұлтқа "номад" деген сөз тіркесіп айтылып жүр. Тіпті оны қазақтың қосымша атауына айналды десек де артық айтпаспыз. Белгілі ғалым-антрополог, тарих ғылымдарының докторы Оразақ Смағұлдың пайымдауынша, бұл сөздің мән-мағынасын дұрыс түсінбей, орынсыз пайдаланып жүрміз. Қазақ халқының көне тарихын "номад" терминімен сабақтастыра жазу ұлттық тарихты қорлау деген пікірде академик.

Оразақ Смағұлдың айтуынша, соңғы үш ғасыр бойы қазақ халқы және оның ата-бабаларының тұрмыс-тіршілігі тек "номадтық" негізде ғана өрбіген деген жалпылама тұжырым бүгіндері халық санасына әбден сіңісті боп кеткен. Ал оның әу баста еуропацентристер ойлап тапқан жалған ұғым екендігін, өздеріне бағынуға тиіс халықтардың этномәдениетін мансұқтаған Орталық Азия елдерін отарлаушы империялардың жымысқы амалдарының бірі болғандығын ұмытқан сияқтымыз.

"Еуропа өктемшілдерінің "номад" терминіне үлкен саяси мән беріп, оны шамасы келгенше ғылыми айналымда мығым бекемдеуге ұмтылғанын естен шығарғандаймыз. Ақыры, еуропацентристердің бұл үстем пиғылының босқа кетпей, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгені белгілі. Оның маңызды ғылыми тақырыптардың біріне айналғаны сонша, тіпті Қазақстан тарихшылары мен археологтары тарапынан да осы "номад" термині негіз етіп алынған бірталай еңбек жарық көрді. Ол зерттеулер туралы күні бүгінге дейін ешбір сын-пікірлер айтылған да, жазылған да емес. Керісінше, олар мадақталумен келеді", — дейді ҚР Ұлттық музейі физикалық антропология зертханасының меңгерушісі.

Осыған орай Оразақ Смағұл "номад" терминінің анықтамасына назар аударады. Әлемдік деңгейдегі сөздік ағылшын тіліндегі Вевстерден (Webster´s Dictionary) оқитын болсақ, онда "nomad" грек сөзі, мағынасы – "тұрақты мекенжайы жоқ, мал-жанымен қаңғып жүрген адамдар" деп жазылған. Орыс тілінің түсіндірме сөздігін жазған Владимир Дальдің тұжырымдауынша да, "номад" – "малымен, көшпелі баспанасымен қаңғып жүрген тұрақты мекені жоқ адамдар" (кочевники, бродячий со скотом своим и переносным жильем, без оседлости). Ғалым-антрополог тағы бір "Орыс тілінің түсіндірме сөздігін" жасаған Сергей Ожеговтың әйгілі еңбегінде "номад" атауының тіптен жоқ екенін айта келе, "кочевник" терминінің мағынасын "көшпелі өмір салтымен күн кешетін адам" (человек, который ведёт кочевой образ жизни) деп түсіндіргенін алға тартады.

Академиктің сөзіне сүйенсек, бұл күнде ресми "номад" тайпаларының қатарына негізінен тибеттер, бәдәуилер, мауори, химба, туарег, масай, пигмей, банджар жұрттары, австралия аборигендері және тағы басқалары жатады. Ғалым осы жұрттардың кейбірінің өмір салтына тоқталып өтті.

"Үндістанда өмір сүретін маратха халқының тілінде бұл терминнің "банджар" деген баламасы бар. Банджар тайпасы – тұрақты үйі мен жері жоқ, беті ауған жаққа көшіп-қонып жүре беретін жұрт. Көшпелі өмір салтын ұстанғандықтан, оларды кейде "үнді сығандары" деп жаңылыс атап та жатады. Жалпы, Еуразия масштабындағы сығандардың еш уақытта отаны да, тиісті бір мемлекеттің азаматтығы да болған емес. "Номад" түсінігіне сай келетін жұрттардың тағы бірі – Орталық Африка өңірінде мекен ететін масай тайпасы. Олардың негізгі кәсібі мал асырау, бағу және оларға жайылым іздеп, ылғи көшіп жүру. Өмір тіршілігі өте ауыр. Негізгі қорегі мал еті мен сүті. Малды өлтіру үшін оның тек жүрек тұсынан садақпен атып, одан аққан қанды бір үлкен ыдысқа жинайды. Содан кейін оған сүт қосып араластырады. Одан соң ыдыстағы араласқан қанды еңкейіп ауызбен ішеді", — деп әңгімеледі ол.

Осыдан кейін қазақтарды және оның ата-бабаларын "номадтардың" қандай түріне теңеуге және қайсысының қатарына жатқызуға болар екен деген сұрақ мазалайды ғалым ағамызды. Академиктің айтуынша, қазақ халқының атауына "номад" деген сөзді қосу әділетсіздік, қазақ халқының этномәдени тарихын қорлау. 

"Номад деген сөздің мағынасын түсінбей, орынсыз пайдаланып жүрген адамдар бізді қайран қалдырады. Бабаларымыз да, өзіміз де номад тайпаларының өкіліне жатпаймыз. Бұл сөзден біздің тарихымыз да, халқымыз да аулақ болуы керек. Әлбетте, өз халқымыздың ұлттық тарихын қорлағымыз келсе пайдалануға болады. Тарихты бұрмалап, қазақты өткенде де, бүгінгі күні де артта қалған тайпаларға теңеуге кімнің құқығы бар екен. Бүгінде тарихшыларымыз номад – көшпелі — қазақ деген үш сөздің тіркесін жасап, қазақ халқының визитттік карточкасына айналдырды ғой. Бұл арада "номад" ұғымына байланысты тағы бір мәселе шығады. Қазақ халқының және оның ата-бабаларының негізгі өмір тіршілігінің тарихын жазып жүрген мамандардың кітаптарында "номад" деген термин мен "көшпелі" деген атаудың мән-мағынасына ешбір айырмашылық қойылмайды. Бізде көшпенділік те болмаған, халқымыз көшкінші ғана болған. Олардың өмір сүру салты мен шаруашылық жағдайлары айтарлықтай көп салалы болды", — дейді антрополог.

Осы мәселеге қатысты тарих ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Алтайы Оразбаеваның пікірін сұрадық. Тарихшының айтуынша, "номад" деген бұл бөгде мәдениеттердің бізге қойған атауы.

"Экзоэтноним және эндоэтноним деген екі ұғым бар. Яғни, сырттағы халықтың бізді атауы басқа болады да, өз-өзімізді атауымыз басқа болады. Мәселен, біз Германия халқын неміс деп келдік, украиндықтарға хохол, өзбектерге сарт деген қосылып жатады. Бертінге дейін қазақтардың өзін қара қырғыз, қырғыз деп атап келді. Қыпшақтар тарихта печенег, половцы, құман деген атаулармен келді. Сақтардың өзі солай аталды ма, жоқ па — ол да белгісіз. Антикалық авторлардың айтуынша, парадарайя, хаумаварга дегендердің барлығы сыртқы аталым. Бұл экзоэтноним. Ал эндоэтноним деген бұл өзіміздің ішкі атауымыз. Өзімізді біз қазақ дейміз. Осы уақытқа дейін қазақ деген сөздің қай кезден бастау алатынын тарихи деректерден іздеп келеміз. Неге осы сөзді жиі кездестірмейміз? Өйткенің бізді өзгелер басқаша атап, біз өзімізді қазақ деп келген болуымыз мүмкін", — дейді тарихшы.

Сөйтіп, Алтайы Иранбекқызының тұжырымынша, өзгелердің бізді "номад" деп атауын түсінуге болады. Әрі шетелге шыққанда да тарихшыларға осы терминді пайдалануға тура келеді. Бірақ, профессордың пікірінше, қазақтардың өз-өзін "номад" деп атауы, шын мәнінде, сауатсыздық.

"Басқа елдердің адамдары номад деп атайды. Ал біздің өзімізді айтуымыз қателік. Айналып келгенде, мәселенің бір ұшы үштілділіктен келіп шығып жатыр. Себебі сол сөзді үш тілде беретін болсаңыз, "номадқа" келіп тіреледі. Өзге өркениеттің, өзге мәдениеттің бір құндылықтарына еліктеушіліктен келіп шығып жатыр. Бұл шын мәнінде сауатсыздық. Өз-өзімізді "номад" деп атауға құқығымыз жоқ. Өзімізді көшпелі елдің ұрпағы, көшпелі қазақ қоғамының мұрагері деп қабылдауымыз керек", — дейді Алтайы Иранбекқызы.

Тарихшының пікірінше, жұрттардың бізді "номад" деп атағанынан біздің ұпайымыз кем түсіп қалмайды. Жаһанға әйгілі болған құндылықтарымызды қалыптастырған көшпелі қазақтан тараған ұрпақпыз деп, көшпелілікке тиесілі құндылықтарды, әдет-ғұрыпты жатсынбай, жатырқамай, керісінше мақтаныш нысаны ретінде бағалауымыз керек. 

"Қазақтың арғы атасы сақ, түрік, бертін келе түркі қазақ, содан кейін қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушы осы Еуразия далалық аймағының тұрғындары, жұрты. Олар өздерінің ішкі әлеуеті, күш қуаты арқылы классикалық тұрғыдағы көшпелі өркениетті орнықтыра білді. Көшпелі деген бұл отырықшы елмен терезесі тең адамзат тарихында о бастан қалыптасқан қауым. Көшпелі деген кезде қала болмаған, тек малдың соңында жүрген деген түсінік қалыптасады. Ол дұрыс емес, біздің Қазақстанның аумағында бір емес, адамзатқа тиесілі жартылай отырықшы, отырықшы, көшпелі сынды үш бірдей шаруашылықтың түрі болғандығы барлығына белгілі. Үлкен саяси әлеуметтік құрылым болды, өзінің мәдени ерекшелігі, өркениеттің ерекше түрі болды. Сол себепті осы күнде сол өркениеттің жалғастырушысы, еуразиялық дала көшпелілерінің мұрагерлері ретінде өзімізді танып білуіміз керек", — дейді Алтайы Иранбекқызы.

Профессор ойын түйіндей келе, кім қалай десе де, Еуразия көшпелілерінің әлемдік тарихқа, адамзаттың даму процесіне қосқан үлесін ешкім жоққа шығарып жатпағанын қадап айтты.

"Тоқ етерін айтатын болсақ, мәселе тарихта емес, мәселе өз санамыздағы бұрмалаушылықтан, бодандықтан арылу керек. Тарихымызды талан-таражға түсірмей, өзгелермен салыстырмай, біреуден артық, біреуден кем демей, барымызға терең талдау жасау арқылы ғана бойымыздағы көшпелі ата-бабамыз салып кеткен еркіндікті, тәуелсіздікті сезінген жағдайда және басқа біреуге сездірген жағдайға ғана, шын мәнінде, құлаш жайған өркениетті елдің азаматымыз, ұрпағымыз деп толық айта аламыз", — деді тарихшы.

Басты тақырыптар