Қоғам

Ауылдарын су басып жатқан Ақмола облысының әкімі Сағынтаевтан сөз естіді

© Sputnikсу тасқын
су тасқын - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин премьер-министрдің сынына ілікті

АСТАНА, 18 сәуір — Sputnik. Ауылдарын су басып жатқан Ақмола облысының жаңа әкімі Мәлік Мырзалин Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтан сөз естіді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Мәлік Кеңесбайұлы, сіз жаңа Сандықтау бойынша айтып өттіңіз. Мінеки "Түнгі мұз кептелісінің салдарынан Жабай өзенінде су деңгейі көтерілді" деп жазылып тұр. Осы жағдайдың болатынын болжап, көре алмадыңыздар ма? Төңіректі аралап ұшып көріп, бақылау жүргізілді ғой. Мұзды жару жұмыстарын жүргізуге болар еді ғой. Төтенше жағдайлар бойынша комитет қайда қарап отыр? Неліктен бұл жұмыстар жүргізілмеді?", — деп сұрады Сағынтаев облыс әкімінен үкімет отырысында.

Мәлік Мырзалин төңіректе тиісті жұмыстар жүргізілгенімен, мұз кептелістерінің байқалмағанын алға тартты.

"Жұмыстар жүргізілді, бірақ ол жақ орманды, таулы болғандықтан, қар жиналып қалған. Түнде 3-тен таңғы 7-ге дейін су деңгейі шынымен 40 сантиметрге көтеріліп, ал жетіден кейін су деңгейінің төмендегені байқалады", — деді Мырзалин.

"Халыққа мұның бәрін түсіндіре алмайсың. Ақша бөлініп жатыр. Ал жұмысымыз түсініксіз", — деп кейіді Үкімет басшысы.

Облыс әкімінің айтуынша, облыста қазір тасқын суға қатысты жағдай күрделі. Өңірде 12 аудандағы жолдарды су шайып, 34 елді мекенді су басқан. 2 400 тұрғын қауіпсіз жерге көшіріліпті.

"Әсіресе, Атбасарда жағдай қиын. 405 үйді су басып, 1 307 адам көшірілді. Су деңгейі 2,5 метрге дейін асып түсті, бұл 2014 жылғы деңгейден 80 сантиметрге жоғары. Бүгін-ертең Нұра өзенінде су деңгейі көтерілуі ықтимал", — деп баяндады әкім.

Жаңалықтар
0