Қоғам

Тілешов: қазіргі кириллица біздің жазуымызды бұзып отыр

© Sputnikмәтін
мәтін - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ресей, Украина, Беларусь, Қытай мен Жапонияда да латын әліпбиі қабылданған

АСТАНА, 20 сәуір — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Қазіргі кириллица біздің жаузымызды бұзып отыр. Сондықтан латын әліпбиіне көшу тек қана таңба ауыстыру емес, жазу реформасына айналуы керек. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Ең басты нәрсе, латын әліпбиінде тіл ауыспайды, таңба ауысады. Екіншіден, әлемдік лингвистердің айтуынша, дыбыс көп болып, таңба аз болуы керек. Мысалы, ағылшын тілінде 46 дыбыс бар, соны 26 таңбамен беріп отыр. Бізде 28 дыбыс бар, соны 42 әріппен береміз. Яғни, біздің қазіргі кириллицамыз біздің жаузымызды бұзып отыр. Бұл шындық", — дейді Тілешов. 

Сондықтан, оның айтуынша, латын әліпбиіне көшу тек қана таңба ауыстыру емес, жазу реформасына айналуы керек. Яғни, кезінде бұзылған, бүлінген грамматикамызды қалпына келтіру қажет. 

Клавиатура - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Сарапшы: Қазақстанға латын жазбасы қажет

"Мысалы, "мый" деп айтамыз да, "ми" деп жазамыз. Осыдан қазіргі балалар "ми" деп оқитын болды. "Мый" деп үш әріппен жазылу қажет. "Жиналыс" деп жазамыз, "жыйналыс" деп айтамыз. 1959 жылғы реформаға дейін «жыйналыс», «мый» деп жазып келгенбіз. Кейін біз оны бүлдірдік. Міне, осындай бүлінген нәрселерді кириллицамен дұрыстасақ, ол көзге ерсі көрінеді. Ешкім бірден қабылдамайды. Сондықтан латынға ауысқан кезде бірден жазу реформасы соның ішінде қарастырылуы керек", — дейді тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры. 

Оның айтуынша, ең алдымен, жұмыс әліпбиін сынақтан өткізу қажет. 

"Ұшақтың билетін латынша жазамыз. Халықаралық поштаны латынша жазамыз. Қазір ала-құла жазып жүрміз. Латын әліпбиі бекітілмеген соң, халықаралық ұйымдар бізге таңғалады. Құжаттарды әр түрлі таңбамен жазып жібереміз. Ең алдымен, менің ойымша, латынға көшкенде, мемлекеттік емес, жұмыс әліпбиін қабылдауымыз керек. Осы жұмыс әліпбиі сынақтан өтіп, сіңгеннен кейін мемлекеттік деңгейде қабылданатын алфавитке көшу керек", — дейді ол.

Бұдан бөлек, тіл маманы «латын әліпбиімен қазақ тілін меңгеру қиындайды» деген әңгіменің орынсыз екенін айтты. 

"Егер латынға көшсек, қазақ тілін кириллицамен оқымаған адамдардың латында оқуына қиын болып қалады деген әңгіме бар. Заңды сұрақ. Егер таңбаға байланысты кітап оқу қиын болса, жұрт қытайша қалай үйреніп жатыр. Мысалы, Қазақстан жастары бір-екі жылда қытай тілін үйреніп алып жатыр. Оларда бес мың таңба бар. Яғни, тіл үйрету мәселесі таңбада тұрған жоқ. Мәселе қажеттілікте болып отыр. Сонымен бірге, мұның бер жағында халық сауатсыз болып қалмайды. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары өте қиын уақытта он екі жыл бойы латынды оқыды. Шерхан Мұртаза, Мұқағали Мақатаев, Еркеғали Рахмадиев латынмен оқыды. Қырқыншы жылы қайта кириллицаға көштік, осы кезде де мықты азаматтар шықты. Мәселе таңбада емес, жазу реформасында болады", — деп түйіндеді сөзін Тілешов

Жаңалықтар
0