16:36 21 Шілде 2017
Тікелей эфир
Зейнетақы

Дүйсенова зейнетақының үш кезеңде қалай және қаншаға өсірілетінін айтып берді

© Sputnik / Александр Кряжев
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
36701

Мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мақұлданды

АСТАНА, 17 мамыр — Sputnik, Айымгүл Әбіл. 2017-2018 жылдары бюджеттен төленетін зейнетақының мөлшері 3 кезеңде арттырылады, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

"Елбасының биылғы Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес 2017-2018 жылдары бюджеттен төленетін зейнетақылар мөлшері 3 кезеңде арттырылатын болады. Бірінші кезеңде, яғни, 2017 жылғы бірінші қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылар мөлшері тоғыз пайызға, базалық зейнетақы жеті пайызға артты. Ал екінші кезеңде, 2017 жылғы бірінші шілдеден бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері қосымша 11 пайызға, ал базалық зейнетақы мөлшері 13 пайызға көбейтілгелі отыр", — деді Дүйсенова Мәжілістің жалпы отырысында.

Нәтижесінде 2017 жылғы бірінші шілдеден бастап зейнетақыны 2016 жылғы зейнетақы мөлшерімен салыстырғанда 20 пайызға арттыру қамтамасыз етілмек. Яғни, ең төменгі зейнетақы 45 711 теңге, орташа зейнетақы 66 676 теңгеге дейін арттырылатын болады. Бұл өсім барлық екі миллионнан астам зейнеткерлерді қамтиды.

"Сонымен қатар, 2017 жылғы бірінші шілдеден бастап зейнетақы тағайындау үшін есепке алынатын табыстың ең жоғары мөлшерін 41 айлық есептік көрсеткіштен 46 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру көзделген. Бұл 2017 жылдың бірінші жартысында тағайындалған зейнетақылардың 11 пайызға арту есебімен осы жылдың екінші жартысында тағайындалатын зейнетақылар мөлшерінің тепе-теңдігін қамтамасыз ету үшін қаралып отыр", — деді ол.

Зейнетақыны арттырудың үшінші кезеңі 2018 жылғы бірінші шілдеден бастап жүргізілетін болады. Бұл базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесінің өзгеруімен байланысты.

"Бүгінгі таңда базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға бірдей мөлшерде тағайындалады. Жаңа әдістемеге сәйкес бұл зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болғалы отыр. Бұл ретте 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне аударылатын зейнетақы жинақтарының мерзімі ескеріледі. Базалық зейнетақы барлық зейнеткерлер үшін олардың зейнетақы құжаттарындағы 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне қарай есептелінетін болады. Бұл орайда айта кететін жайт, зейнеткерлерге еңбек өтілі туралы қосымша құжаттардың ұсынуы қажет болмайды. Сонымен бірге қатысу өтіліне жинақтаушы зейнетақы жүйесіне аударымдар жасаған кезең де кіреді. Бұл жағдайда қосымша анықтамалар талап етілмейді", — деді Дүйсенова.

Басты тақырыптар