04:08 19 Қазан 2017
Тікелей эфир
Көмір

Сағынтаев Қарағанды облысында көмірге тұрған халықтың ұзын-сонар кезегі туралы айтты

© Sputnik /
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
156 0 0

Үкімет басшысы көмір тапшылығына қатысты туындаған жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды

АСТАНА, 10 қазан – Sputnik. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев әкімдерден көмір тапшылығына қатысты жағдайдың мән-жайын сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қарағанды облысында көмірге байланысты мәселе туындады. Көмірлі облыс, көмірлі өлке, бірақ халық километрлеп кезекте тұр. Ерлан Жақанұлы (Ерлан Қошанов – Қарағанды облысының әкімі), не болды?", — деп сұрады Сағынтаев үкімет отырысында.

"Көмірмен қамтамасыз етуде мәселе жоқ, толық көлемде жеткізілді. Қазір облыс халқын көмірмен қамтамасыз етуде дүрлікпе сақталып отыр. Алдыңғы жылдары халық көмірді қазан айы бойы сатып алатын. Биыл жылу маусымы 27 қыркүйекте басталды..", — дей бергенде әкімнің сөзін Үкімет басшысы бөліп жіберді.

"Ерлан Жақанұлы, сонда сіздің ойыңызша, енді халық кінәлі ме? Бұрын олар қазан айында сатып алатын, биыл қыркүйекте сатып ала бастады. Солай ма?" – деп сұрады премьер.

"Биылғы дүрлікпе ауа температурасының күрт төмендеуінен туындап отыр. Халық көмірді ерте сатып алмайды, өйткені оның сапасы төмендеп, жанып кетуі мүмкін. Біз қалыптасып отырған жағдайға талдау жасадық. Жыл сайын тұрғындар қазан айында көмір сатып алатын. Биыл жылу маусымы 27 қыркүйекте  басталды", — деді облыс басшысы. 

Әкімнің айтуынша, көмір өндіру бойынша мәселе жоқ. Биылғы жылдың тоғыз айында өткен жылмен салыстырғанда 1,6 миллион тоннаға артық көмір өндірілген. Халықтың сұранысына байланысты көмір көлемін арттыру бойынша қосымша іс-шаралар қабылданыпты. Қошанов көмір тапшылығына қатысты жағдай бір аптада шешіледі деп сендірді.

Өз кезегінде Сағынтаев жылу маусымының енді ғана басталса да, мәселелер шығып жатқанын айтып, бұл жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. 

Одан кейін премьер-министр Астана әкімі Әсет Исекешевтен елордадағы жағдайды сұрады. 

"Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, көмір бар, тек шұбаркөл көміріне сұраныс өсіп отыр. Он күн ішінде қазан айындағы норма сатылып кетті, сұраныс үш есе өсті. Шұбаркөлден жеткізілетін көмір көлемі ұлғайтылады. Ертең бес мың тонна көмір жеткізіледі, бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын", — деп есеп берді Исекешев.

Басты тақырыптар