07:42 23 Қаңтар 2020
Тікелей эфир
  • USD377.29
  • EUR418.41
  • RUB6.09
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
108231

200-дей отбасы тұратын ауылда әлі күнге дейін ауыз су жоқ, жол жөндеу көрмеген

АСТАНА, 10 қараша – Sputnik, Нұргүл Абай. Елорда іргесіндегі 96 разъезге қарасты 200 шақты үйден құралған шағын ауыл бар. Жергілікті тұрғындар арасында "екінші 96", "екінші Талапкер" немесе "96 разъезд" аталып кеткен. Мектеп те, балабақша да үш шақырымдық көрші разъезде. Одан қалса, ауылға кіру де, шығу да мұң: жол жағдайы мүлде көңіл көншітпейді. Ал ауыз су болса, әлі тартылмаған. Sputnik Қазақстан тілшісі ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, жағдайды көзбен көріп қайтты. 

Гауһар Батырбекова – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. 96 разъезд орта мектебінде жұмыс істейді. Осы ауылда тұрып жатқанына 7-8 жылдай болыпты. Айтуынша, 2009 жылдары елді мекенде үш-төрт үй ғана болса, соңғы екі-үш жылда бірінен соң бірі салынып, 200-ге жуықтаған. Шағын ауылға айналсақ та, жол жөнделген жоқ, су тартылған жоқ, деп қынжылады жергілікті тұрғын.

"Су мәселесі әлі шешілген жоқ, ауыз суды қаладан тасымалдаймыз. Көлігі жоқтар автобуспен "баклажкамен" әкеледі. Биыл су құбырын тартамыз деп барлық жерді қазып кетті. Қосылса, енді қосылатын шығар. Бас кезінде жарық та болмаған, кейін өзіміз ақша төлеп, қостырып алдық. Жекеменшік болған соң, тарифі қымбат. Мәселен, қалада бір киловатқа 12-14 теңгеден есептелсе, біз 24 теңге төлейміз", — дейді Батырбекова. 

Мына көшенің арғы басынан тас жолға дейін жету үшін кем дегенде 30 минут кетеді
© Sputnik / Нұргүл Абай
Мына көшенің арғы басынан тас жолға дейін жету үшін кем дегенде 30 минут кетеді

Мұғалімнің айтуынша, ауыл оқушылары 96 разъездегі мектепке барып оқиды. Балалар үшін арнайы мектеп автобусы қарастырылған. Автобус таңғы жетіде тас жолдың бойына келіп тоқтайды. Жеті жарымда жүріп кетеді. Үлгергендері мектепке көлікпен, кеш қалып қойғандары жаяулатып жетеді екен.

"Былтыр 96 разъезде екі қабатты мектеп ашылды. Қазір онда үш жүзге жуық оқушы білім алады. Балалар екі ауысыммен оқиды. Мектеп автобусы таңертең алып кетіп, түстен кейін әкеліп тастайды. Кешкісін тағы екі рейс жасайды. Автобусқа үлгермей қалатын балалар, өкінішке қарай, жаяу барады. Себебі, өзіңіз көріп тұрсыз, мына езілген жолмен ана көшенің басынан тас жолға дейін келудің өзі жарты сағатты алады. Ал автобус жеті жарымда жүріп кетеді, сонда бала үйден жетіде шығуы керек. Мынадай лай-батпақта трассаға жетудің өзі машақат. Кешкі екі сағатымыз балшыққа батқан аяқ киімдерді жууға кетіп жатыр", — дейді ол.

Балаларды балабақшаға апару да ата-аналарға қиындық туғызып отыр. Себебі балабақшаға баратын кішкентайлар көп, бірақ оларды тасымалдайтын көлік жоқ. Баласын жетектеген ата-ана 96 разъезге жету үшін жолшыбай көлік тоқтатып немесе жаяулатып баруға мәжбүр. 

Мектеп автобусы осы трассаның бойына тоқтайды. Бір жаманы – жолда бағдаршам жоқ
© Sputnik / Нұргүл Абай
Мектеп автобусы осы трассаның бойына тоқтайды. Бір жаманы – жолда бағдаршам жоқ

"Менің де балам балабақшаға барады. Таңертең жұмысқа кетіп бара жатқан соң, өзіммен бірге алып шығамын. Мектеп автобусына отыра алмайсыз, рұқсат етілмеген. Жол-жөнекей көлікке отырып, немесе жаяу барасың. Кешке баламды алып кету үшін сағат төртте шығамын. Қайтарда тағы сондай проблема басталады. Ата-аналарға өз қалтамыздан ақша шығарып, балаларды екі мезгіл таситын Газель жалдайық деген ұсыныс тастадым. Бірақ ешкім қолдамады. Енді өзім аудандық білім бөлімі мен әкімдікке өтініш жазып жатырмын. Балабақша меңгерушісімен келісіп, осындағы ата-аналардың қолын жинамақпын. Әйтпесе, жалғыз адамның өтінішіне кім құлақ асар дейсіз", — дейді Батырбекова. 

Ауылдың орта тұсына қарай бір дүкен бар. Сатушы Бақыт Нұрмұханқызының жолдасымен осы ауылда тұрып жатқанына бір жыл болған. Дүкен де өздерінікі екен. Көлік тұрмақ, адам әрең жүретін жолдан азық-түлік таситындар келмей қойды дейді. 

Ауылдың қазіргі көрінісі
© Sputnik / Нұргүл Абай
Ауылдың қазіргі көрінісі

"Бір жылда еш өзгеріс болмады. Балалар да, үлкендер де резеңке етікпен жүреді. Тамақ таситын көліктер ауылға кірмей, жол жаман деп бұрылып кетіп қалып жатыр. Жолдасым азық-түлікті қазір өз көлігімен тасиды. Ауылда көлігін сүйреп жүргендерді жиі көруге болады, батып қала береді. Тіпті жедел жәрдем көлігінің өзі ауылға кіре қоймайды. Ана тас жолдың бойынша полиция бекетінің жанына тоқтайды, ауырған адамды сол жерге дейін өзіміз жеткіземіз", — деп қапаланды тұрғын. 

200-жуық отбасы тұратын ауылда дәріхана әлі күнге дейін жоқ, тек үш шақырымдық разъезде медициналық пункт бар. 

Ауыл жолдарын суретке түсіріп жүргенімізде, мектептен келе жатқан төрт-бес оқушыны кездестірдік. Лай-батпақты жолдармен асықпай аяңдап келеді. Иықтарында сөмке, қолдарында да екінші аяқ киім салынған пакет.

Жаңбырлы кезең басталғалы оқушылар мектепке екінші аяқ киім тасумен әлек
© Sputnik / Нұргүл Абай
Жаңбырлы кезең басталғалы оқушылар мектепке екінші аяқ киім тасумен әлек

"Бұған дейін Талапкердегі мектепте оқитынбыз. Мына мектеп алдыңғы жылы ашылды. Автобус екі рейс жасайды, үлгермей қалсақ, жаяу барып, жаяу қайтамыз. Жаяу жүрсек, жарты сағатта жетеміз. Мысалы, түстен кейін волейболға жаяу барамын. Себебі көлік өтпейді", — дейді Балнұр есімді 9-сынып оқушысы. 

"Бізге, ең бастысы, жол керек. Мына лайдан үсті-басы кірлеп, мектепте аяқ киімімен қоса, шалбарын ауыстырып жүретіндер де бар", — дейді 10-сынып оқушысы Әлішер. 

Оқушылар көшелерде бос жүрген иттер көбейіп кеткенін, қас қарайғанда жүруге қорқатындарын айтып шағымданды.

Ауылда бос жүрген иттер көп, балалар кешке жүруге қорқамыз дейді
© Sputnik / Нұргүл Абай
Ауылда бос жүрген иттер көп, балалар кешке жүруге қорқамыз дейді

Тұрғындарды мазалаған сұрақтардың жауабын алу үшін үшін ауыл жанындағы Талапкер ауылдық округіне бардық.

Талапкер ауылдық округы әкімінің орынбасары Айбек Есеевтің айтуынша, 96 разъездің бергі жағындағы 200 шақты үй ресми түрде разъезге қосылған. Қазір Талапкер ауылдық округіне қарайды.   

"Жалпы Талапкер ауылдық округіне төрт ауыл кіреді: Талапкер әкімшілік орталығы, Қажымұқан ауылы, 96 разъезд, Қызылсуат ауылы. 96 разъезд бойынша айтатын болсам, кезінде ол станция ғана болған, отыз шақты үй бар еді. Қазіргі таңда ауылға Ыбырай Алтынсарин есімін беру бойынша іс-шаралар жүріп жатыр. Ауданнан қажет құжаттарды дайындап бердік. Халықпен жиналыс өткіздік, ешкім қарсы емес. Ал бергі жағындағы 200 шақты үй ресми түрде 96 разъездге қосылған. Екеуін екі бөлек бөлмейді", — деді әкім орынбасары. 

Талапкер ауылдық округі әкімінің орынбасары Айбек Есеев
© Sputnik / Нұргүл Абай
Талапкер ауылдық округі әкімінің орынбасары Айбек Есеев

Есеев осы күнге дейін ауыл халқы неге ауыз сусыз отырғанын, жол неге жөнделмей келгенін былайша түсіндірді. 

"Судың көзі табылмады. Судың запасын анықтау үшін екі жыл уақыт керек. Су тартатындар екі жыл бойы елді мекенді бақылайды, жерді көктемде бір, күзде бір теседі. Жерасты суының қанша уақытқа жететінін анықтайды. Мәселен, ауылда 2000 тұрғын бар десек, күніне әр отбасыға 100 литр дегендей, соның бәрін есептейді. Құрылыс жұмыстары биыл ғана жүргізілді. Алла жазса, желтоқсанға дейін опрессовка, тағы басқа жұмыстар өткізіледі. Су айдайтын станция салды, ауылдың ішіне құбырлар тартылды. Сондықтан қазу жұмыстары кезінде жол езіліп, лайланды. Бірақ жұмыс әлі аяқталған жоқ. Аяқталысымен, асфальт төсеп кетпесе де, жан-жағын тегістеп, ретке келтіреді. Су тартылмағандықтан, жол да жөнделмеді. Қазір жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Келесі жылы жол құрылысы басталады", — деп сендірді Есеев.

  • Кейбір үйдің алдында осындай төмпешік үйілген: тұрғындар шама-шарқынша жолға тас төсеп, тегістейді
    Кейбір үйдің алдында осындай төмпешік үйілген: тұрғындар шама-шарқынша жолға тас төсеп, тегістейді
    © Sputnik / Нұргүл Абай
  • Талапкер ауылдық округінің әкімдігі жаңа ғимаратқа көшкен, жолды жөндеп үлгермей жатыр екен
    Талапкер ауылдық округінің әкімдігі жаңа ғимаратқа көшкен, жолды жөндеп үлгермей жатыр екен
    © Sputnik / Нұргүл Абай
  • Ауылдың қазіргі көрінісі
    Ауылдың қазіргі көрінісі
    © Sputnik / Нұргүл Абай
1 / 3
© Sputnik / Нұргүл Абай
Кейбір үйдің алдында осындай төмпешік үйілген: тұрғындар шама-шарқынша жолға тас төсеп, тегістейді
Загрузка...

Басты тақырып