01:59 13 Қараша 2018
Тікелей эфир
  • USD374.47
  • EUR421.43
  • RUB5.54
ауыл шаруашылығы

Шетелдіктермен некедегі Қазақстан азаматтарына жер берілмейді

© Sputnik / Виталий Тимкив
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
276 0 0

Мәжіліс депутаттары жер дауынан кейін әзірленген заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА, 29 қараша – Sputnik. Шетелдіктерге, Қазақстанның шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарына, азаматтығы жоқ адамдарға жер беруге тыйым салынады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

жер
Министерство энергетики Республики Казахстан

Мәжілісте бүгін жер дауынан кейін әзірленген кейбір заңнамалық актілерге жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.  

Заң жобасы Жер комиссиясы жұмысының қорытындысы және осы саланы жүйелендіруге қатысты министрліктің ұсыныстары негізінде дайындалған. 

Заң жобасына сәйкес, шекара аумағындағы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану талаптары күшейтіліп отыр. 

"Заң жобасында шекаралық белдеу мен шекара аумағында орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, Қазақстан Республикасының шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарына немесе шетелдік заңды тұлғаларға және Қазақстан Республикасының құрамында шетелдіктер бар заңды тұлғаларына беруге тыйым салынады", — деп баяндады бүгін мәжілістің жалпы отырысында премьер-министрдің орынбасары — ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов. 

Мемлекеттік шекараның аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері тек Қазақстан азаматтары мен заңды тұлғаларына ғана жалға беру құқығы бойынша берілетін болады. 

Ал, мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан жерлер қазақстандықтарға да берілмейді.

Министрдің айтуынша, бұл аумақтарда ауыл шаруашылығы жерлерін жергілікті халықтың мұқтаждығы, яғни, жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етілмек.

"Заң жобасында жергілікті тұрғындардың аула малына жайылым жетіспеушілігін шешу мақсатында елді мекендер айналасында жайылым алаңдарын айқындайтын норма көзделуде. Осы мақсатта айқындалған жайылымдарды Қазақстанның жеке және заңды тұлғаларына жалға беруге тыйым салынатын болады. Бүгінгі күні елді мекендердің маңындағы жайылымдардың көбі жеке және заңды тұлғаларға беріліп кеткендігін ескеріп, әкімдіктерге ол жерлерді қайтару үшін мемлекеттік мұқтажға жатқызу құқығы беріліп отыр", — деді Мырзахметов. 

Еске сала кетсек, былтыр елімізде жер дауы туындап, халық біраз дүрліккен болатын. Ел азаматтары жер кодексіне енгізілген бірнеше өзгеріске, атап айтқанда ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді қазақстандықтарға сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуға қарсылық танытып, бірнеше өңірде митинг те өтті.

Осыдан кейін президент жер кодексіндегі бұл өзгерістердің күшіне енуіне мораторий жариялап, жер реформасы жөніндегі комиссия құруды тапсырды. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, кейін оның орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов төрағалық еткен, құрамына жетпістен астам адам кірген комиссия жаз бойы жұмыс істеді. Оның жұмысының қорытындысы бойынша маңызды ұсыныстар әзірленіп, заң жобасы әзірленді. 

Комиссияның ұсынысы бойынша Қазақстан президенті қолданыстағы мораторийдің мерзімін 5 жылға, яғни 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартты.


Загрузка...

Басты тақырыптар