01:31 18 Желтоқсан 2017
Тікелей эфир
Қытайда нақақтан-нақақ сотталған 160 қандасымызға қатысты ақпарат түсті

Қытайда нақақтан-нақақ сотталған 160 қандасымызға қатысты ақпарат түсті

© Sputnik / Нұргүл Абай
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
111440

Қоғам белсендісі Қытай 26 қауіпті мемлекеттің тізімін жасап, оған Қазақстанды да қосқанын мәлімдеді

АСТАНА, 7 желтоқсан – Sputnik, Нұргүл Абай. Бүгін Астанадағы Журналистер үйінде Қытайдағы қазақтарды заңсыз қудалауға қатысты мәселе көтерілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушы, қоғам белсендісі Қыдырәлі Оразұлының айтуынша, Қытайдағы қазақтардың қудалануы бұрын Тибетті басқарған Чын Шуан Гоның Шыңжаң өлкесіне басшы болып келуінен басталған.

"Қандастарымыздың жазықсыз сотталуы, тергеуге алынып, қудалануы бұрын Тибетті басқарған Чын Шуан Гоның Шыңжаң өлкесіне келуінен кейін басталды. Осы басшы келгеннен бастап, ең алдымен, сол аймақтағы барлық қазақтың шетелге шығатын төлқұжатын тартып алды. Одан кейін зейнетке шығып, Қазақстанға көшіп келген қарияларды, Қазақстанда оқып, білім алып жатқан студенттер мен оқушылары кері шақырып алды. Қытайға келісімен, төлқұжаттарын тартып алған. Осылайша бүтіндей бір отбасы екіге бөлініп, жылап қалды", — дейді қоғам белсендісі. 

Қыдырәлі Оразұлының айтуынша, Қазақстанға барып келген қазақтарды "саяси үйрену" орталықтарына айлап, жылдап жіберіп, артынша соттап жіберген. 

"Саяси үйрену" орталықтарын жалпақ тілмен жабық түрме деп айтуға болады. Қазір бірнеше мың қандасымыз сол орталықтарда жатыр. "Саяси үйренуде" өз құқығын қорғамақ болып, қарсы шыққан қазақтарды он жылға, он алты жылға соттады. Қазір бізде 160 қандасымыздың сотталғаны туралы нақты ақпарат бар. Аты-жөндері, қанша жылға қамалғаны туралы деректер қолымызда", — деді Оразұлы. 

Тағы бір ушығып тұрған мәселе – Қазақстан азаматтығын алған қазақтардың Қытайдағы тіркеуін өшіруге қатысты.

"Қытайдағы тіркеуін өшіру бойынша 10 күн ішінде төрт мыңға жуық арыз түсті. Қазір Қытайдан 200 мыңдай қазақ көшіп келді десек, соның 180 мыңы Қытайға барып, тіркеуін өшіруі керек. Бұрын тіркеуді Қазақстан көші-қон мекемесі мен Қытай елшілігі өздері өшіретін. Ал қазір Қытай азаматтардың өздері келуін талап етіп отыр", — деді ұйымдастырушы.

Қоғам белсендісі Қытай 26 қауіпті мемлекеттің тізімін жасағанын, оның ішіне Қазақстанды да қосқанын мәлімдеді. Тарихи отанына туысқаншылап, саяхаттап келген қандастардың жаппай тергеуге алынуы осыдан дейді ол. 

"Мұның бәрін Қытай не үшін жасап отыр деген заңды сұрақ туындайды. Қытай билігі 26 қауіпті мемлекеттің тізімін жасаған, сол тізімнің арасында біздің ел де бар. Сондықтан олар Қазақстанға барған азаматтарды "сендер қауіпті мемлекетке бардыңдар, саналарыңда ауытқушылықтар болуы мүмкін" деген сылтаумен "саяси үйрену" орталықтарына жіберіп ұстап отыр", — дейді Оразұлы. 

"Бүгінгі баспасөзге Қытайда сотталған адамдардың жақын туысқандары да қатысып отыр. Мәселен, осы кісілердің әрбір тұрған ауданында кем дегенде 500 адам түрмеде жатыр. Ал Қытайда білесіздер, 40-қа жуық аудан бар. Егер сол қырыққа жуық ауданға көбейтсек, сотталған қандастарымыздың саны 10 мыңнан асады. Ал бізге әзірге 200-ге жуық азаматтың ақпараты түсті. Себебі сотталғандар туралы ақпарат беруге жақындарының өздері жасқанады, тартыншақтайды. Өздерінің басы бәлеге қалуы мүмкін, аузын ашса. Сотталғандардың кейбірін түрмеде "өз-өзіне қол салды" деп өлтіріп те тастаған. Оның ішінде имамдар да бар. Қытай өкіметі ислам дінін әлемдегі 4 үлкен діннің бірі ретінде мойындап, осы күнге дейін мұсылмандар тұратын өңірлерде мешіт-медресе салып, университет ашып берді. Енді аяқ астынан 20-30 жыл имам болып жұмыс істеген қазақ молдаларын уағыз айтып, неке қиғаны үшін түрмеге алып жатыр. Тіпті сол өлген имамның денесін орап, ашқызбай, мәйітті жудырмай, арнаулы жасақпен апарып жерлеткен. Бейбіт заманда ешқашан болмаған сұмдық қудалау, зұлымдық саясат болып жатыр қазір", — деп ашынды ол.  

Бұған қоса, оның айтуынша, Қытай қазақтарға жерлеу рәсіміне 15 адамнан артық келуге, Қазақстанның тауарларын сатуға, Қазақстан туралы жарнамаларды айтуға тыйым салған.

"Жақында бір аптаның ішінде қазақтар тұратын ауданда қытайлар 30 мыңға жуық үйді тінтті. Сөйтіп, Қазақстан туралы суреттер, діни күнтізбелер, жайнамаздарды, Құран кітаптарын барлығын жинап, өртеп жіберген. Бұған қатысты да расталған деректер бізде бар", — деді Оразұлы.


Басты тақырыптар