16:46 18 Желтоқсан 2017
Тікелей эфир
Қайрат Нұртастың концерті

"Әнші мен әртісті ақшаға үйреткен байлар" немесе қазақ мәдениетіндегі аш бала кім, тоқ талант кім?

© Foto: официальный сайт Кайрата Нуртаса
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
56040

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тағы да "тарихта қалатын" цитата авторы атанды. Бұл жолы министр өнер адамы қаншалықты кедей болса, соншалықты шабыттана түседі дейді.

АСТАНА, 8 желтоқсан — Sputnik, Кенжекей Тоқтамұрат. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы апта басында парламент мәжілісіндегі үкімет сағатына қатысты.

Депутаттар министрдің баяндамасынан 2018 жылғы Олимпиада ойындары туралы, қазақ мәдениетінің қазіргі жағдайы мен дамуы туралы мағлұмат алды. Сөз депутаттарға келгенде, төменгі палата өкілі Қуаныш Сұлтанов өнер адамдарының, дәлірек айтсақ, театр және кітапхана қызметкерлерінің жалақысы туралы сұраған еді, министр "жалақы аз" деген фактіге мынандай уәж келтірді.

"Олардың жалақысы аз екені рас. Бірақ, аш адам шығармашылықта табысты болады деп жатады. Мысал ретінде Бетхофен мен Моцарттың аттары айтылады. Бұған қатысты менің айтарым, біздің таланттар мардымсыз жалақы алып жүрсе де, халықаралық деңгейге шығып жатыр. Бұл ретте әртістер талантының арқасында танылып жүрсе, кітапхана, музей, мәдениет үйлерінің қызметкерлері рас, қаржылай қолдауға мұқтаж", — деді министр депутаттың сауалына жауап бере отырып.

Қазақ мәдениетінде аш жүрген кім, тоқ жүрген талант қайсы?

Министрдің "аш адам шығармашылық тұрғыда табысты келеді" деген сөзі желіде желдей есіп, біреудің күлкісін, біреудің ашуын келтірді. Қоғам сан түрлі сын, пікір айтты. Арнайы сауалнама жүргізе келе, мәдениеттің бір саласы – сахнадағы әншілердің ешқайсысы аш емес екеніне көз жеткіздік. Арнайы мемлекеттік мәдени мекемеде жұмыс істейтіні бар, өз-өзіне әнші атағын таңып алғандар бар, демалыста тамада, қалған күні – эфир мен әзіл театрларынан табылатын әртістердің ең негізгі табыс көзі – той. Оған қазір қыз ұзатып, келін түсіріп, беташар жасап жүрген айтыс ақындары мен дәстүрлі әншілерді қосыңыз. 

Қазір "тобырлық мәдениет" деп жүрген өнер өкілдерінің табысы жоғары. Бір тойдағы гонорарлары мың доллардан кем емес. Сахнадағы гонорарлары концерттің деңгейі мен кімнің, яғни, қай мекеменің ұйымдастырып жатқанына қарай әртүрлі.

Әншілердің біразымен телефон арқылы сұхбаттасуға тырыстық. Бірі – өзі жауап берсе, екіншілері әлдеқашан "вип" тұлғаларға айналған: телефондарын әкімшілері алып, бұл сұраққа жауап берілмейтінін жеткізді.

Сондықтан, әншілердің табысы мен салығы туралы өз алдына бөлек зерттеу жүргізуді жөн көрдік. Әзірге, министр айтқан театр мен архив қызметкерлерінің жалақысын жария етейік. Тек әрине, шалқаңыздан түспеңіз.

Архивтегі шаң басқан жұмыстың ақысы – 62 мың теңге

Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева үкімет мәдениет қызметкерлерінің жалақысын үнемі өсіріп отыр дейді. 

"Мәдениет саласындағы еңбекақыны төлеу мәселесі өзекті. 2005-2011 жыл аралығында олардың жалақысы 5 рет 25-30 пайыздан өсіп отырды. Соңғы рет 2016 жылы еңбекақыны реформалау аясында мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 40 пайызға көбейді", — деп жауап берді журналистердің сұрағына Савельева.

Соңғы 12 жылда 25-30 пайыздан бес рет өскен жалақы қандай екен деп біз де қызықтадық. Бұл сұрағымызға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова жауап берді.

"Ең төменгі жалақы алатын кітапханашылардың жалақысы 52 мыңнан 70 мың теңгеге, архив қызметкерлерінің жалақысы 44 мыңнан 62 мың (!) теңгеге өсті", — дейді вице-министр.

"Әнші мен әртісті мол ақшаға тәрбиелеген – бүгінгінің байлары"

Ал, мәдениеттанушы Қайыржан Маханов қазақ өнерінің тамырын кеңге жайғызып, оны зерттеп, негізін қалап кеткен тұлғалар ешкімнен ешқандай ақша дәметпей, өмірден өткен дейді. 

"Біздің өскен ортамыз Ғабидолла Тастановтардың (өнер қайраткері, әнші – авт.), Ахмет Жұбановтардың (қазақ музыкасын зерттеген ғалым, дирижер, композитор – авт.) консерваториядағы (Қазақ консерваториясы – авт.)кездері еді. Ол уақытта тіпті ақшаны ойламайтынбыз. Алдымен өзіңді-өзің танытуың керек. Кім екеніңді, өнерге қалай жаның ашитынын дәлелдеуің керек еді. Тіпті, газетке мәдениетті зерттеп, мақала берсек, гонорар күтпейтінбіз де. Берсе береді, бермесе қояды. Мән бермейтінбіз. Біздің заман осы еді", — дейді 77 жастағы мәдениеттанушы.

Оның айтуынша, қазір мәдениеттің киелі саласы — ән-күй мен кинодағы әртістер ақшаға құнығып кеткен. Және оларды көп ақшаға тәрбиелеген байлар, дейді Қайыржан Маханов.

"Тойға барса да, концерт қойса да ақша алады. Халыққа өнер көрсететін адам халықтан ақша алғаны дұрыс па? Бұл мен үшін күлкілі мәселе. Сол әншілерді, әртістерді ақшаға үйреткен байлар. Бүгінгі байлар елден озып, әнші шақырып, оған үйіп-төгіп ақша беріп, мақтанды, ал оған қарапайым халық еліктеп кетті. Эфирді де жаулады. Үйретіп алған бизнесмендер. Мәдениеттанушы ретінде бұның теріс құбылыс екенін айтқым келеді".

"Бес жыл бұрынғыдай емес, театр әртістерінің жағдайы шүкір дерлік"

Ал, Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыка драма театрындағы әртістердің әлеуметтік жағдайы академиялық статус алғаннан бері жақсарған. Театрдың баспасөз хатшысы, театртанушы Әсем Чапайқызы бұрын 28 мың теңгеге жұмыс істеген жастар қазір 100 мың теңгеге жуық жалақы алады дейді. 

"Соңғы бес жылда, яғни, 2012 жылы академиялық статус алғаннан бері театр әртістерінің жалақысы жақсарды. Және де театрдың ішкі тәртібі бойынша 50 пайыз қосымша үстемақы алады. Арнайы мерекелерде сыйақы беріледі. Ай сайын премьера шығаратын ұжым болғандықтан, олардың үшінші шақыртулары, яғни, күніне екі рет, болмаса үш рет спектакль ойнаса — ол қосымша төленеді.

Менің білуімше, ең төменгі жалақы қосымша үстемақысымен қосқанда 90 000 теңге. Бұрын 28-30 мың теңге алып жүрген жас әртістер қазір 90 мың теңге алады. Театр басшылығы жастарды шығармашылық тұрғыдан қолдап отырады. Оларға қосымша киноға түсіп, дубляжға қатысуға рұқсат, жалақысы сақталады. Яғни, қосымша жұмыс жасауына ешқандай кедергі жоқ", — дейді баспасөз хатшысы.

"Қоғамдық көлікке ақшасы жоқ актердің қолынан трагедия ғана келеді…"

Театртанушы ретінде Әсем Чапайқызы кез келген өнер адамының әлеуметтік жағдайы дұрыс болған жағдайда ғана ол өнерде биіктен көрінетінін алға тартты. 

"Бетховен мен Моцарт бәлкім рухани аш болғандықтан, тегін шығарма жазған шығар. Ал қазір біз, яғни, қоғам рухани тоқ, бірақ әлеуметтік аш", — дейді ол.

"Өнер адамының көңілі тоқ болу үшін қалтасы толық болу керек деп ойлаймын. Адам өнердің қай саласында жүрмесін өзін еркін сезінуі үшін, көрерменге айтар ойын толық жеткізіп, эмоциямен ойнау үшін ішкі дүниесінде тыныштық болу керек. Қанша мықты әртіс болғанмен, үйдегі бала-шағасы аш-жалаңаш отырса, ол ешқашан өнерге адал болмайды. Өзіңіз байқап отырсаңыз, баспанасы бар, астында қос-қос көлігі бар, тұрақты табыс әкелетін ісі бар әнші болсын, әртіс болсын киноға да көп түседі, көрерменге де қатты танымал және сұранысқа ие. Яғни, ақшасы бар болғандықтан, бәріне үлгереді. Ал, қоғамдық көлікке отырып, баласын балабақшаға апаруға ақшасы жоқ, бірақ мықты актер болса, ол бәлкім трагедияны мықты ойнар… кейіпкер трагедиясын емес, өз трагедиясын ойнап береді, — дейді театртанушы.


Басты тақырыптар