05:24 19 Тамыз 2019
Тікелей эфир
  • USD386.82
  • EUR428.67
  • RUB5.86
Әлеуметтік желілер

Тауық жылы әлеуметтік желіні шулатқан әкімдер: Кім не "бүлдірді"?

© Sputnik / Наталья Селиверстова
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
17911

500 теңгеге тамақтанатын Байбек, ресми тілде сөйлейтін Бақауов, автобусты қуған Ғабидолла, қазақшаны қатырмаған Исекешев

АСТАНА, 29 желтоқсан — Sputnik, Ерсін Қуанышбаев. Санаулы күндерден кейін еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде ерекше орын алған 2017 жыл да тарих қойнауына кетеді. Қазір жыл бойы елімізде атқарылған жұмыстарды қорытындылап, есеп беретін кез. Sputnik Қазақстан редакциясы тауық жылы БАҚ пен әлеуметтік желіні шулатып, ел есінде қалған әкімдер жайлы шолу материал дайындады.    

"Байбектен келдім": 500 теңгеге тамақтануға бола ма? 

Биылғы ең шулы мәлімдемені Алматы әкімі Бауыржан Байбек жасады. Мегаполис басшысы қаладағы мейрамханаларда 500 теңгеге тамақтануға болады деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Айтуынша, теңге құнсызданғаннан кейін шетелдіктер үшін мейрамханалардың бағасы едәуір арзандаған.

"Егер бұрын доллар бір бәс төмен тұрса, бүгінде шетелдіктер мейрамханадан 500 теңгеге дәмді ас іше алады. Бұл өте арзан, сондықтан біз рейтингте жоғары тұрмыз", — деген еді Байбек орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. 

БАҚ арқылы таралып кеткен әкімнің бұл сөзі ә дегенше жұрттың сынына ұшырап үлгерді. Бірі қымбатшылық қысып тұрған шақта мұнысы бос әңгіме десе, енді бірі ондай мейрамханалардың атын атауды талап етіп жатты. Ал журналистер ондай арзан мейрамханалар қайда екенін сұрап білуге асықты.

Бауыржан Байбек
© Photo : Орталық коммуникациялар қызметі
Бауыржан Байбек

"Қағанатты" мысалға алуға болады, сондай-ақ бізде арзан мейрамханалар мен дөнер сататын орындар көп. Сорпа мен ыстық тамақ ішуге болатын, ішімдік сатпайтын жерлер бар", – деп жауап берді әкім журналистің сұрағына. 

Десе де қала әкімінің елордадағы  мәлімдемесінен соң ғаламтор беті әзіл-қалжыңға толып кетті. Тіпті оны бизнесін өркендету мақсатында қолданып, жарнама маусымын бастап жіберген кәсіпкерлер де табылды. Қоғамдық тамақтану орындарының бірі клиенттеріне 500 теңгеге тамақ ұсынды. Акцияның шарты мынадай: мейрамханаға келіп, "Байбектен келдім" деп айтуың керек. Осы ақшаға тамақ пен бір кесе шай беріледі. Фетучини бешбармағынан басқа барлық тамаққа тапсырыс жасауға болады. Дегенмен қызмет ақысына 10 пайыз бөлек төлейсіз. Яғни, сіздің ас-ауқатыңыз 550 теңгеге түседі. Бұл науқан 10 қараша күні өткізілді. 

Қалай дегенде де жолақының өзі 150 теңге тұратын мегаполистің мейрамханасынан тиын-тебенге тамақтана алмасыңыз анық. 500 теңге туралы мәлімдеменің қоғамдық резонанс тудыруы сондықтан болса керек.  

Тарихта қалғысы келетін кім? немесе қазақ тілін қорғамаған әкім

Қазақ тіліне қырын қарады деген Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов та биыл сын садағына жиі ілігіп, БАҚ пен желідегі басты тақырыпқа айналды. Бұған белгілі қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегінің жанайқайы себеп болды.  Мемлекеттік тілде хабарландыру жасамағаны үшін трамвайдың жолын жаппақ болған тіл жанашырына әкім-қаралар қолынан келгеннің бәрін істеп баққан.

"Мені күйдіріп отырған мәселе мынау. Әкімдіктегілер "трамвайдың жолын жапсаңыз, Сіздің  үстіңізден қылмыстық іс қозғалады" дейді. Ал, енді "қазақтың тілі неге керек?" деп мемлекеттің заңын, мемлекеттің тілін пысқырмаған адамды, қала берді мекемені жауапкершілікке тартуға қауқарсыз. Мен өзімнің жеке басымның мәселесін айтып отырған жоқпын. Әкімдіктегілер мені кекетіп: "Тарихта қалғыңыз келе ме?" деді. Мен емес, тілін, тінін қорғай алмаған Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов тарихта қалады. Осыны неге түсінбейді, олар?", — деп ашынды белсенді.

Руза Бейсенбайтегі өзінің фейсбук парақшасындағы тағы бір жазбасында қалада қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жиынында облыс әкімі Болат Бақауовтың негізінен ресми тілде сөйлеуі жұрттың наразылығын тудырғанын хабарлады.  

Болат Бақауов
© Photo : Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Болат Бақауов

"…Ескерткішті, халық жиналмасын (митингі болып кетеді деген қауіп қой) деп қаланың сыртына шығарып қойған, зират басына. Онда да 2 жыл бұрын осы Бақауов құран бағыштауға рұқсат бермеген. Зират басында мұсылмандарға құран бағыштауға рұқсат бермеген деген не сұмдық деп жағамызды ұстадық. Мен сұрап едім, ішкі саясатқа қолын сілтеді. Не өзі мұсылман емес және оған қарсы. Екінші бір нұсқа: шексіз қорқақтық (орыстар бар ғой деген қорқақтық). Тастарға имам да гүл қойды. Бір жақсысы, алдыңғы жылдардағы жәй сөз сөйлеуден айырмашылық бар. Әскерилер салтанатты түрде, себет-себет гүл қойды. Соған рахмет десек те, Бақауовтың 1 минут қазақша, 5 минут орысша сөйлегеніне тағы қарным ашты. Соны айта бастап едім, (артында тұрғанмын) "сосын, митингі бітсін" деді. Бәрібір айттым: "Қазақ тіліне деген дискриминация ғой, әкім бола тұрып істеп тұрғаныңыз" деп. Рахмет деді.  Қандай пиғылмен айтқанын түсінбедім", — деп жазды ол.

Бақауовтың бұл әрекеті халықтың ашу-ызасын келтіріп, әкім қазақ тіліне қатысты сынға жауап беруге мәжбүр болды. 

Астанада орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Sputnik Қазақстан тілшісі облыс әкімінен өңірдегі мемлекеттік тілдің ахуалын сұрады. 

"Тіл мәселесі — өте күрделі мәселе. Сіз білесіз, Павлодар облысында өзге ұлт өкілдері халықтың  елу пайызын құрайды. Біз біртіндеп осы мәселені шешіп жатырмыз. Өткен жылы мен есеп бергенде, балабақшаларды кілең қазақша жасайық деген ұсыныс енгізгенмін. Ол жұмыспен біз айналысып жүрміз. Жалпы, жұмысты қатаң бақылауға аламыз", — деп қысқа қайырды облыс басшысы. 

Автобусты қуған Ғабидолла 

Шымкенттің бұрынғы басшысы Ғабидолла Әбдірахымов автобуста алғаш рет мәжіліс өткізген әкім ретінде ел есінде қалатыны анық. Осыдан екі жылдай бұрын қоғамдық көлікте қаладағы төрт аудан әкімі мен бөлім басшыларының басын қосып, жол бойындағы проблемаларға қатысты нақты тапсырмалар берген еді. Сол проблемалар өзгеріссіз қалды ма екен немесе басқа да себебі болды ма, биыл қазанда мемлекеттік қызметкерлерді бір ай бойы автобуспен жүруге міндеттеп, өзінің іскерлігін тағы бір көрсетіп қалды. Ол әкімдікке тиесілі қызметтік көліктердің барлығын тұраққа қойғызып, мемлекеттік нөмірін шешіп, есіктерін мөрлеп тастады. Ал жүргізушілерді демалысқа жіберді.

Ғабидолла Әбдірахымов
Ғабидолла Әбдірахымов
Дегенмен әкімнен тапсырма алған шенді-шекпенділер автобустағы суреттерін желіде жарыса жариялап, елдің сынына қалды. Ол аз болғандай, жұмысқа кешігіп қалмау үшін қоғамдық көліктің артынан жүгірген Ғабидолла Әбдірахымовтың өзінің суреті де жарияланып кетті. Осыдан кейін шаһар басшысының бастамасы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бірі қолдап жатса, енді бірі көзбояушылық деді. Тіпті арзан пиар деп сөккендер де болды. Ал Ғабидолла Әбдірахымов бұл "жаңалығы" еріккеннің ермегі емес екенін, халықтың тұрмысын жеңілдетуге бағытталған шара екенін түсіндіріп бақты.   

"Жол қозғалысы ережесін және кестені сақтауға қатысты мәселені біз бұған дейін де бірнеше рет көтерген болатынбыз. Автобустардағы жолаушылардың көптігі, жүргізушілер мен кондукторлардың әдепсіздігі, автобус салондарының тазалығы мәселесін де әлденеше рет қарастырдық… Әр кезде маған проблеманың шешілетіні туралы уәж айтылатын", — деді ол өңірдегі журналистерге берген сұхбатында. 

Әрбір іс-әрекеті "хитке" айналып шыға келетін Ғабидолла Әбдірахымов қазан айының соңында  "Нұр Отан" партиясының хатшысы болып Астанаға қызмет ауыстырды.

"Біздің охранниктер және индустар… төбелес болды"

Естеріңізде болса, 2 қыркүйек күні кешкісін "Абу-Даби Плаза" құрылыс алаңында күзетшілер мен Үндістаннан келген жұмысшылар төбелескен болатын. Жаппай төбелес салдарынан бірнеше адам ауруханаға жатқызылды. Қоғамдық тәртіпті бұзған 40-тан астам адам полицияға жеткізілді. 

Осы оқиғадан кейін наразылық білдіріп, құрылыс кешені маңына жиналған қазақ жігіттеріне басу айту үшін қала әкімі Әсет Исекешевтің өзі келді. Алайда ол "шындықты айт" деп талап еткен наразы топтың сұрағына қазақ тілінде мардымды жауап бере алмады.  

Исекешевтің қала тұрғындарымен кездесуі кезінде түсірілген видео әлеуметтік желілерді шарлап кетті. Әкімнің әр сөзіне орысша қосып сөйлеп, мән-жайды түсіндіріп бере алмағаны жұрттың шамына тиді.  

"Кішкене конфликт болды… қазір бәрі жақсы… Біздің охранниктер және индустар… төбелес болды. Қазір бәрі тыныш. Жоқ… Бәрі жақсы…", — деді Әсет Исекешев.

Загрузка...

Басты тақырып