Қоғам

Діни басқарма әйелді ұруға болады деген дінтанушының сөзін түсіндірді

© AFP 2024 / Kirill KUDRYAVTSEVНұр-Астана мешіті
Нұр-Астана мешіті - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Дінтанушы мешітке жиналған жамағат алдында шариғат әйелді ұруға рұқсат беретінін мәлім еткен еді

АСТАНА, 5 қаңтар – Sputnik. Нұргүл Абай. ҚМДБ насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы дінтанушы Ризабек Батталұлының әлеуметтік желіні шулатқан видеосына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Ұтысханұлының айтуынша, әйелдерді ұруға болатыны туралы видео екі жыл бұрын түсірілген. Дінтанушы Ризабек Батталұлына бұл мәселеге байланысты ескерту жасалған. 

"Бұл екі жыл бұрын дінтанушы Ризабек Батталұлының берген сұхбаты болатын. Видеоның таралғанына екі жылдай уақыт өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуа бөлімі видеоны жан-жақты зерттеп-зерделеп, сол кезде жауап берген болатын, дінтанушының өзі де жауап берген еді кезінде. Бүгін тағы сол мәселе шу болып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен соң, қосымша жауап беруді жөн көріп отырмыз. 

Ризабек Батталұлы республикалық ақпарат-насихат тобында жұмыс істеген. Осындай мәселелерге байланысты биылғы жаңа тізім бойынша алынып тасталды. Біз оған әйелді сабау мәселесін көпшілік ортада айтпау қажеттігін, дұрыс түсіндіру керектігін ескерттік. Ол да асығыстық жасағанын мойындап отыр", — деді Алтынбек Ұтысханұлы. 

Мешіт, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Ризабек Батталұлы: әйелді денесін жарақаттап алмайтындай етіп ұруға болады
Айтуынша, қазір Ризабек Батталұлы Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетінде ұстаздық қызмет атқарады. Университет ректоры да, проректоры да оған артық кетпеу қажеттігін айтып, ескерту жасаған. Дінтанушы да екінші рет бұлай жасамайтынына уәде беріпті. 

"Видеода айтылған әйел адамды сабау мәселесі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, пәтуа бөлімінің, ғұламалар кеңесінің ұстанымы емес. Бұл дінтанушының жеке зерттеуінің нәтижесінде айтылған сөз. Негізінде ислам дінінде ер мен әйелдің өз міндеттері бар.  Ер адамның міндеті – әйел адамды Алланың алдында аманат ретінде қызғыштай қорғау, оны нәзік жанды адам ретінде аялау, баланың анасы, жары ретінде қарау. Ал аятта келтірілген дүниені тікелей қабылдауға болмайды. Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінде айтады: "сендердің ең жақсыларың әйелдеріңмен жақсы мәміледе болғандарың" дейді. Тіпті үйіне келген кезде күлімсіреп кіретін болған, яғни әйеліне, бала-шағасына жылы мінез көрсету керек екені айтылған. Ең бастысы бұл жерде қандай жағдай болмасын көркем мінез таныту керектігі, бір-бірін кешіру керектігі насихатталады. Ерлі-зайыпты арасында болған болмашы бір нәрсе үшін оны қамшымен ұру, сабау керек деген мәселе нақты айтылмаған. Әйел адам шектен шығып кеткен күннің өзінде оған қабақ шытып, ашуыңды білдіру арқылы, оның дұрыс жолға түсуіне септігін тигізу керек. Ал денесіне жарақат салу дінімізде насихатталмайды", — дейді бөлім меңгерушісі. 

Алтынбек Ұтысханұлы желіде таралған видео Youtube-тен алынып тасталатынын, Ризабек Батталұлы бұл мәселеге қатысты қосымша жауап беретінін атап өтті.


Жаңалықтар
0