11:39 23 Сәуір 2018
Тікелей эфир
Жансақтау бөлімі

Боранда көшеден табылған Астана тұрғыны жансақтау бөлімінде жатыр

© Sputnik / Михаил Фомичев
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
281 0 0

Бір тәулік ішінде елорда ауруханаларына 39 адам түрлі жарақатпен жүгінген

АСТАНА, 12 қаңтар — Sputnik, Нұргүл Абай. Елордада ақтүтек боран кезінде көшеден табылған қала тұрғыны жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы бүгін қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Нәдіров айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"11 қаңтар күні 39 пациент түрлі жарақатпен жүгінді. Оның ішінде екі адам ауруханаға жатқызылды. Қалғандары қажетті медициналық көмектен кейін үйлеріне қайтарылды", — деді Нәдіров. 

Басқарма басшысының айтуынша, ауруханаға жатқызылған екі адамның біреуі қазір ес-түссіз жатыр.

"Кеше ауруханаға 1966 жылғы пациент түсті. Жабық бас сүйек-ми жарақатын алған, науқасқа дереу ота жасалды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр", —деді ол. 

Нәдіровтің ақпаратына сүйенсек, 1966 жылғы пациентті көшедегі адамдар ес-түссіз жатқан жерінен тауып алған. Дереу жедел жәрдем шақырыпты. Оқиға "Жасыл квартал" тұрғын үй кешені аумағында болған. 

Ал ауруханаға жатқызылған екінші пациенттің басына ғимарат қаптамасы құлаған. 

"Күніне травматологиялық пунктерге орташа есеппен 100-ге тарта адам жүгінсе, кеше сәл көбірек болды. Медициналық көмек алғандардың бәрі Астана тұрғындары. Қала маңынан ешкім жүгінген жоқ", — деп түйіндеді Нәдіров.

Басты тақырыптар