Қоғам

Әкім Астана тұрғындарын қатты аязда бір-біріне көмектесуге шақырды

© Sputnik / Игорь Онучин / Медиабанкке өтуАдамдар аялдамада автобус күтіп тұр, архив суреті
Адамдар аялдамада автобус күтіп тұр, архив суреті - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Такси жүргізушілерін бағаны көтермеуге, көлікте отырғандарды жаяу жүргіншілерді жолдан өткізіп жіберуге шақырды

АСТАНА, 21 қаңтар — Sputnik. Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек Астана тұрғындарын қатты аязда бір-біріне көмектесуге үндеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

"Арктикалық антициклон ығысып, қатты аяз болатынын барлық адам естіген шығар. Осы күндері тұрғындарды бір-біріне көмектесуге шақырамын. Жақсы істер жасауға асығайық! Мұны жасау қиын емес!", — деп жазған Тұрлыбек әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Оның айтуынша, көлік жүргізушілерінің аялдамада тұрған адамды жеткізіп тастағаны жөн. Сондай-ақ аудан әкімі көлігі оталмаған адамдарға да көмектесуге шақырды. 

"Көлік жүргізушілері, жаяу жүргіншілерге жол берейік. Қалада ұсақ, бағдаршамы жоқ көшелер көп, ол жерде адамдар көліктер өтіп кеткенше күтіп тұрады. Аязды күндері жаяу жүргіншілерді жиірек өткізіп жіберуге тырысайық. Сіздер жылы жерде отырасыздар, ал олар аязда тоңып қалады", — дейді әкім. 

Бұдан бөлек, ол мұндай күндері таксиге тапсырыс көп түсетінін айтып, такси жүргізушілерінен бағаны шарықтатпауды сұрады. 

"Әркім ізгі іс істей алады. Сіздер жасаған жақсы істің өзіңізге және туғандарыңызға қайтып келетініне сенімді болыңыз. Игі істер жасауға асығайық!", — түйді сөзін шенеунік. 

Айта кетейік, синоптиктер елімізде 45 градусқа дейін аяз болатынын айтып, дабылды ескерту жариялады. 

 

 

 

Жаңалықтар
0