03:42 21 Ақпан 2018
Тікелей эфир
Сот ғимараты, архивтегі сурет

Қазақстанда виртуалды соттар құрылады

© Sputnik / Айсулу Жумагулова
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
27 0 0

Жақып Асанов барлық судьяны қағазбастылықтан арылуға шақырды

АСТАНА, 26 қаңтар – Sputnik. ҚР Жоғарғы соты таяудағы екі-үш жылда виртуалды соттар құруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Бір сәтке елестетіп көріңіздерші, компьютер бір секунд ішінде барлық сот тәжірибесі мен заңдарды өңдеп, әр судьяға тиісті ұсыныстар береді. Біз әр судья ІТ-технологияның мүмкіндіктерін пайдалана алатындай жағдай жасауымыз қажет. Әрине, қазір бұл қиял-ғажайып дүние сияқты көрінуі мүмкін, бірақ таяу арада шындыққа айналады. Алдағы екі-үш жыл ішінде виртуалды соттар құру міндетін қойып отырмыз. Сонда сот процесіне қатысатындардың барлығын сот залына жинаудың да қажеті болмайды. Олардың кез келгені үйінде отырып немесе шетелден сот отырысына қатыса алады", — деді жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов Астанада өткен сот төрелігін жүзеге асырудың 2017 жылғы қорытындысына арналған кеңейтілген кеңесте. 

Асанов судьялардың қағазбастылықтан неге әлі күнге дейін арыла алмай жүргенін түсіндірді. 

"Мұның бірқатар себебі бар. Біріншіден, компьютермен жұмыс істегіміз келмейді. Екіншіден, компьютерлік сауатсыздық. Үшіншіден, ІТ сервисінің мүмкіндіктері туралы аз айтамыз. Төртіншіден, техникалық қаржы жоқ. Бесіншіден, интернеттің жылдамдығы төмен немесе мүлде жоқ", — дейді төраға. 

Оның пікірінше, бар кілтипан – судьялардың өзінде. Тіпті Асанов мырзаның өзі де компьютерден гөрі, қағазды жақсы көреді екен.

"Басты проблема – судьялардың өзінде. Барлығын қағаз түрінде басып шығаруды талап етеміз, қағазбен де, электронды түрде де жұмыс істейміз. Шынымды айтсам, қағазға әбден үйреніп алдық. Мен де қағазды жақсы көремін. Бірақ қазір, менің өтінішіммен, жалпы бөлім маған бірқатар тапсырма жүктеді. Олар мені қолға алды, табандап тұрып алсам да, маған қағаз әкелуді тоқтатуға уәде берді. Көнбеске амалым жоқ. Құрметті әріптестер, бұл тек маған ғана емес, барлығыңызға қатысты. Біз кабинеттерге қағаз тасуды доғарамыз", — деді Асанов. 

Осы орайда жоғарғы сот төрағасы цифрландыру процесін Елбасының өзі жеке қадағалап отырғанын еске салды. 

"Сондықтан, әріптестер, ойланыңыздар. Президент жолдауында да цифрландыруға ерекше ден қойды. Сот билігі заман талабына ілесуі керек, осыған жағдай жасайық", — деп түйіндеді сөзін ол.

Кілт сөздер:
виртуалды сот, Жақып Асанов

Басты тақырыптар