Қоғам

Терезеге ілінген көк ту: даулы іс Жоғарғы сотқа дейін жетті

© AFP 2024 / JOEL SAGETмемлекеттік ту
мемлекеттік ту - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қызылорда тұрғынына туды перденің орнына терезеге ілгені үшін айыппұл салмақ болған, алайда ер адам құқығын қорғап қалды

АСТАНА, 8 ақпан – Sputnik. Жоғарғы сот Қызылордада мемлекеттік туды терезесіне іліп қойған тұрғынның әрекетінен заңға қайшылық таппады, деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі. 

Өткен жылдың қазанында Қызылорда ішкі істер басқармасының учаскелік инпекторы қала тұрғыны Сұлтан Тұмашыновтың пәтерінің терезесіне ту іліп қойғанын көреді. Инспектор бірден әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырған. 

Полиция мемлекеттік туды заңсыз пайдаланғаны үшін ер адамға 200 АЕК (450 мың теңгеден астам) айыппұл салады. Бұған келіспеген Тұмашынов сотқа шағымданды. 

Алайда Қызылорданың мамандандырылған әкімшілік соты шағымды қанағаттандырмаған. Әбден ашынған қала тұрғыны Бас прокуратураға жүгінеді. Осыдан кейін бас прокуратура Жоғарғы сотқа кассациялық наразылық енгізген. 

"Наразылықта мемлекеттік тудың тұрғын үйде пайдалануы заңға қайшы келмейтіні атап көрсетілген және іс материалдарында Тұмашиновтың мемлекеттік атрибутиканы ұлттық стандарт талаптарын бұза отырып пайдаланғаны туралы мәліметтер жоқ. Матаның тиісті сараптамасы жүргізілмеген, стандарттау мен метрология қызметтерінің қорытындысы жоқ", — делінген хабарламада. 

Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасы істі қарап, Тұмашыновтың әрекетінен әкімшілік құқықбұзушылық белгілерін байқамады. Осыған байланысты аталған іс бойынша өндіріс тоқтатылды. 

Жоғарғы сот азаматтардың мемлекеттік рәміздер мен атрибутиканы пайдалануына қатысты тиісті ереже әзірлеу қажеттігі туралы үкіметке хат жолдады.

Жаңалықтар
0