11:59 21 Шілде 2018
Тікелей эфир
  • USD346.68
  • EUR404.02
  • RUB5.47
Ұлттық әшекейлер, архивтегі сурет

Астанада байқаусызда қоқысқа тасталған 2,5 млн теңгенің әшекейі табылды

© Sputnik / Болат Шайхинов
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
596 0 0

Байқамай 5 келі күміс әшекейді қоқысқа тастап жіберген зергерлік дүкеннің күзетшісі оны тауып алған адамға сыйақы ретінде 100 мың теңге берген

АСТАНА, 13 сәуір – Sputnik. Астанада зергерлік дүкеннің күзетшісі байқамай қоқысқа тастаған 5 келі күміс бұйымдар табылды. Бұл туралы Елорда Инфо тілшісіне "ASSYLY"  дүкенінің күзетшісі Жандос Әмірханов телефон арқылы хабарлады. 

"Шынымды айтсам, бұл оқиғаның осылай аяқталғанына қуаныштымын. Оқиға былай болды: екі күн бұрын маған бір ер адам қоңырау шалып, осы  аумақта (7 Континент) тұрған адам туралы хабарлады. Шамалап мекен-жайын айтты. "Мәскеу" тұрғын  үй кешенінің маңында өз үйі бар деді. Ауызша сипаттап берді: орта бойлы, сақалды ер адам. Бүгін жұмыста отырып жарты сағат бұрын далаға шықтым. Қарасам әлгі сипаттап берген адам келе жатыр. Екі күн бұрынғы қоңырау есіме түсті. Қасына барып сөйлестім",  – дейді күзетші.

Оның айтуынша, құны 2,5 миллион теңгенің бұйымдарын тауып алған адам мылқау екен.

"Зергерлік бұйымдардың сонда екенін түсіндім. Ол ертең алып келемін деді. Мен бірден үйіне баруды ұсындым. Өзі мылқау, сөйлей алмайды. Қағазға мекен-жайын жазып берді. Біз үйіне барып, бұйымдарды алдық. Сыйақы ретінде 100 мың теңге бердік. Бұйымның барлығы орнында, біреуіне де тиіспепті", —деді Ж.Әмірханов.

Бұған қоса ол екі күн бұрын телефон арқылы күміс бұйымдарды тауып алған азамат туралы ақпарат берген ер азаматқа сыйлық жасамақ ниетте.

"Екі күн бұрын телефон шалып ақпарат берген азаматтың аты – Бекзат. Менде оның нөмірі сақтаулы. Ақшалай сыйлық жасап, алғысымды білдіргім келеді", — деді  "ASSYLY"  дүкенінің күзетшісі. 

Сондай-ақ жігіт енді қоқыс шығармас бұрын тексеріп отыратынын айтты. 

"Қоқыс шығаруға қорқатын болдым", — деді ол сөз соңында. 

Айта кетейік, бұған дейін Астанада зергерлік дүкеннің күзетшісі байқамай 5 келі күміс әшекейді қоқысқа тастағаны туралы хабарлаған болатынбыз.


Басты тақырыптар