Қоғам

Бекболат Тілеухан: Қытайдағы қандастарымыз қиналып жатыр

© Пресс-служба партии "Нұр Отан"Бекболат Тілеухан
Бекболат Тілеухан - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бекболат Тілеухан парламентте Қытайдағы қандастардың мәселесін көтерді

АСТАНА, 16 сәуір — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан көші-қон мәселелері талқыланған парламенттегі үкімет сағатында елге оралатын қандастарға жеңілдіктер жасауды сұрады. Халық қалаулысы Қытайда қиындыққа тап болған қазақтардың жағдайына ерекше тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Қытайдан, Өзбекстаннан, басқа алыс-жақын мемлекеттен Қазақстанға азаматтық аламыз деп тарихи отанына келіп, босып жүрген халық көп. Онсыз да құжатын реттей алмай, сандалып жүрген азаматтарды заңсыз жүрсің деп айыптап, соттың шешімін шығарып жатқанымыз өтірік емес. Біздің атымызға бала-шағасы, отбасы мүшелері жан-жаққа шашылып кеткен азаматтардан арыз-шағымдар көптеп түсуде. Қандай да бір үкіметтік жеңілдікпен құжатын реттеп беруді сұрап жатқан ел көп-ақ", — деді Бекболат Тілеухан. 

Депутаттың айтуынша, әсіресе, Қытайдағы қандастардың жағдайы қазір қиын, оларға мүмкіндігінше көмек көрсету керек.

Күлпаш Кәдірбекқызы - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Қытайдағы үйін сатуға кеткен қандасымыздың басы бәлеге қалды

"Көбінесе келетін адамдардың бәрі аса сауатты емес. Диқандар, малшылар келеді. Мысалы, Қытайдан келген 24 жастағы жігіт тарихи отанының азаматы боламын деген ниетпен Алматы облысына құжат тапсырды. Содан ықтиярхатын күтіп жүргеніне үш ай толмай, елде заңсыз жүрсің деп айыптап, еліне қайтсын деген соттың шешімі шыққан. Енді жасыратыны жоқ, Қытай билігінің бүгінгі саясаты қазаққа аса қолайлы болып отырған жоқ. Ол жерде әрі-сәрі күйге түсіп, кәдімгі тағдырдың талқысына түсіп қалған қандастарымыз қаншама. Ондай нәрсені жүрегіміздің түкпірімен түсінбесек және болмайды. Бұл сыртқы істер министрілігінің жігіттеріне де айтылатын нәрсе", — деді ол. 

"Жалпы, көмектесуден гөрі, кедергі жасау оп-оңай. Маяны жинаудан гөрі, бір сіріңкемен өртеп жіберу оп-оңай. Еліктіруден гөрі, қаштыру оңай. Халықаралық ратификациялар, конвенциялар бар. Онда бөлініп-жарылған отбасыларды қайта қосуға ықпал жасауға негіз болатын халықаралық құжаттар жоқ емес. Соған сүйене отырып, бір қайранын жасауға болмай ма? Қандастарымыз босып кетті ғой, қиналып жатыр ғой. Не істерімізді білмейміз. Тепсініп айтуға да халықаралық жағдай онша келе бермейді. Бірақ осындай нәрселерге жеңілдікпен қарасақ. Кейде заңды, бірақ әділетсіз болып жатады. Заңға қарсы шығуға болмайды әрине, бірақ заңның ішінде түрлі амалдар бар ғой, осыған көмектесуге мүмкіндік бар ма?  Сізден министр (Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов – авт. Ескертпесі), азамат ретінде осыны өтінген болар едім. Бізден талап етіп жатқан елдің аманатын жеткізіп отырмын, ағайын", — деді депутат.

Қытайдағы қазақтардың заңсыз қудалануына қатысты баспасөз мәслихаты - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Қытайдағы қазақтардың туысқандары Қазақстаннан көмек сұрап отыр

Өз кезегінде министр елге оралған қандастар үшін азаматтық алуға берілетін уақыттың ұзартылатынын айтты. 

"Оларға көп жағдай жеңілдетілген. Оралман мәртебесін алғаннан кейін бір жылдың ішінде бізге арыз беріп, азаматтық алу керек. Көпшілігі бір жылды өткізіп алып, 15-17 айдан кейін тапсырады. Сосын заң бойынша біз оны қайтарамыз. Енді қазір біз заңға өзгеріс енгізейін деп жатырмыз. Уақытты созып, жеңілдік жасайын деп жатырмыз. Қалған сұрақтарды түсіндік", — деді министр.

Жаңалықтар
0