Қоғам

БАҚ өкілі министрге Шымкенттен орыс тілді журналист таба алмай жүргенін айтты

© SputnikБАҚ өкілдерінің архивтегі фотосы
БАҚ өкілдерінің архивтегі фотосы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Астанада ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың халық алдында есеп беру кездесуі өтті

АСТАНА, 16 мамыр – Sputnik. "Оңтүстік Қазақстан" облыстық газеті бас редакторының орынбасары ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа өңірде орыс тілді журналистердің тапшы екенін айтып шағымданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Пәтер - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Журналистерге үй беріле ме? Министр Абаевтың жауабы

Ақпарат министрінің халыққа есеп беру кездесуінде ОҚО-дан байланысқа шыққан газет қызметкері Абаевқа орыс тілді журналистердің жоқтығынан басылым тендерлерден құр қалатынын айтты. 

"Оңтүстік Қазақстан облысында бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде телеарналар мен газеттер көп екенін білесіз. Бізде қазір мынадай проблема туындап отыр. Газеттерге тендерге қатысу кезінде мынадай шарт қойылады: редакцияда журналистік білімі бар мамандар болуы керек. Өкінішке қарай, біздің облыста қазір орыс тілді журналистерді ешбір оқу орны дайындамайды. Ал, өзіңіз білесіз, бізге басқа өңірлерден орыс тілді кадрлар тарту оңай емес. Сондықтан, сізге өтініш, осы мәселені назарға алсаңыз. Оңтүстік Қазақстанда жоғары оқу орындары жетерлік. Мүмкін солардың бірі орыс тілді журналистерді даярласа. Мемлекеттік тапсырыс аясында тым құрығанда бір топты орыс тілді журналистер даярлау үшін біздің облысқа берсеңіз. Өкінішке қарай, бүгінде олар бізде өте тапшы", — деп өтініш айтты облыстық газеттің қызметкері. 

Ақпарат министрі Дәурен Абаев министрлік журналистердің санына емес, ең әуелі сапасына баса мән беретінін атап өтті. 

"Әрине, мен сізді түсініп отырмын. Сізге штатты толықтыру үшін дипломы бар журналистер керек. Бірақ біз сапалы маман даярлауды мақсат тұтамыз. Бізге сапалы журналистика керек. Сапалы журналистика болуы үшін сапалы оқытушылар, сапалы әдістеме, сапалы білім, тәжірибе қажет. Сондықтан біз, керісінше, жай ғана журналистердің санын көбейтуге емес, дарынды, кәсіби журналистердің артуына мүдделіміз. Көп болғанша, аз әрі сапалы болсын",- деп жауап қатқан Абаев егер жалақыны көбірек төлесе, журналистер табылатынын айтты.

Оқушы - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Білім министрлігі атышулы орыс тілі оқулығының кем-кетігін түзетуге уәде берді

Осы орайда өңірлік БАҚ өкілі заңнамадан "басылым редакциясында нақ журналистика білімі бар адамдар болуы керек" деген тармақты алып тастауды ұсынды. Айтуынша, басылым мықты, сауатты журналистерді өздері-ақ даярлайды, бірақ оларға журналистика факультетінің дипломын бере алмағандықтан, тендерге қатыса алмайды екен.

"Мен сіздің проблемаңызды түсініп тұрмын. Кейбіреулер үшін журналистика тек білім ғана емес, жан қалауы. Мен журналистика мамандығын бітірмесе де, өзін жоғары деңгейде көрсетіп жүрген талай адамды танимын. Бұл мәселені жергілікті органдармен талқылаймыз", — деп уәде берді Абаев.


Жаңалықтар
0