22:16 25 Мамыр 2018
Тікелей эфир
Ырыскелді қажы атындағы мешіттің бас имамы Жақияқажы Исмаилов

Астанада "Алланың гүлі" атанған мешітті кім салдырғаны белгілі болды

© Sputnik / Айсулу Жумагулова
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
1460 0 0

Астананың жаңа ауданында ашылған Ырыскелді қажы атындағы мешіт бірнеше күннің ішінде-ақ халықтың көз қуанышына айналып, "Алланың гүлі" атанып кетті

АСТАНА, 16 мамыр — Sputnik, Кенжекей Тоқтамұрат. Қасиетті Рамазан айы қарсаңында ашылған жаңа мешіттің өз ерекшелігі бар, стилі Қазақстандағы басқа мешіттерге ұқсамайды. Sputnik Қазақстан тілшісі мешіттің бас имамы Жақияқажы Исмаиловпен сұхбаттасып, айлардың сұлтаны Рамазан айының қасиеті, сауабы мен сынағы туралы,  жаңа мешітті кім салдырып, қандай жағдайда жұмыс істейтіні жайлы әңгімелесіп қайтты.

– Жақияқажы Абдоллаұлы, ертең қасиетті Ораза басталады. Мұсылмандар үшін ең ұлық ай сағындыра жетті. Ал, сіздер үшін қос мереке деуге болатын шығар. Өйткені жаңа мешіт Рамазан айынан бір апта бұрын ашылды. Мешіт символикалық тұрғыда Ораза қарсаңында ашылуы керек пе еді, әлде бұл жәй ғана сәйкестік пе?

– Бісміллә-р-рахмани-р-рахим! Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Жалпы, 2016 жылдың 30 қарашасында осы мешіттің ең бірінші қазығы қағылған еді. Яғни, бұл мешіт 16 айда салынып бітті деуге болады. Ең алғаш қазығын қаққан кезде бұл жер батпақ, қоқысқа толып тұрған. "Бұл қандай мешіт болады" деген адамдар да табылды. Бірақ, бел байлап, осы жерде бірінші шегесін қаққан едік. Ақыры салған адамдардың ниетіне орай, мешітіміз Ораза қарсаңында ашылды. 

Негізі Астанада бұдан бөлек сегіз мешіт бар. Бірақ қала халқы күн санап артып келеді. Құлшылық қылған мұсылман жұма намазында сол сегіз мешітке сыймай, далада тұрып та намаз оқи береді.  Мешітті Жақсыбековтер әулеті (Президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков – агенттік) ағайын-туыс, жора жолдас, әріптестерінің көмегімен, қолдауымен салғызды. Сол кісінің бастамасымен салынған мешіт Астананың жиырма жылдығына жасалған ерекше сыйлық деуге болады. 

Бұл мешіттің ерекшелігі – күннен қуат алатын электр жүйесімен қамтылған. Яғни, біз электр қуатын  күн сәулесінен алатын Қазақстандағы жалғыз, ал, әлем бойынша қателеспесем, үшінші мешітпіз. Күн батареялары арқылы қуат алатын мешіттің алғашқысы Дубайда, екіншісі Қытайда орналасқан екен. Ә дегенде осындай идеямен салынатын болған соң, Австриядан арнайы мамандар келді. Мешіт құрлысы басталғаннан бері және әлі күнге дейін күн батарияларының жұмысы солардың қолында. 

Ал, екіншіден, мешіт өзінен артылған күн энергиясын қалаға сатып, сол ақшадан басқа шығынын жабады.

Мешіт үлкен бір залдан және екінші қабаттағы балконнан тұрады. Құрылысшылардың есебінше, мешітке бір мезетте 800 ер адам, екінші қабатындағы әйелдер залына 250 адам сыяды. Бірақ, мешіт қызметкерлерінің есебінше, бірінші қабаттағы залға 1500 ер адам, екінші қабатқа 500 адам сыяды. Өйткені, зал 20 қатардан тұрады, әрбір қатарға 75 адам сыяды. Біз намазда тұру тәртібі бойынша санап отырмыз, ал құрлысшылар шаршы метр есебімен санайды. Намазда адамдардың арасы қаншалықты жақын болса, сауабы да соншалықты мол болады. Қатар-қатар мұсылмандар тұрғанда, арасынан жел өтпесін дейді. Яғни, бұл елдің бірлігін, ынтымағын көрсетеді. 

Мешіт не керектің бәрімен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған лифт те бар, дәрет алатын орын да бар. 

Осы ауданда  мемлекеттік қызметкерлер көп тұрады екен. Бірақ, жас ауданда мешіт болмаған. Сол кісінің (Жақсыбековтің — агенттік) негізгі мақсаты – дәл осы әлеумет үшін жақыннан мешіт ашу болды. Әйтпесе, қолы ұзын адам үшін қайдан да жер табылады ғой. 

Мешіт салған адам үшін Алла үйіне әкесінің атын беруге еш кедергі жоқ

– Бұл мешітті халық "Алланың гүлі" деп атап кетті. Шын, яғни, ресми атауын көп адам біле қоймайды екен…?

– Ия, ол рас, мешітті халық "Алланың гүлі" деп атап кетті. Меккенің өзінде, Мединенің өзінде әрбір мешіттің өз аты бар. Сахабалардың,  адамдардың атындағы мешіттер көп. Яғни, мешітке ат қоюға рұқсат. Тіпті, Қағбаның 232 есігі бар болса, әрбіреуі сахабаның атымен. Сондықтан, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы ұрпағы салған мешітке Ырыскелді қажының аты берілсін деген ұснысты қолдап, осы атты бекітті.

Ырыскелді атамыз қажыға барған, өмірінде дінге қызмет істеген адам. Ақмолада алғашқы мешіттің салуына үлес қосқан. Сондықтан, ұрпағы салған мешітке Діни басқарманың қолдауымен Ырыскелді қажының аты берілді. Мешіт бірінші күннен бастап Діни басқарманың атына алынған. Құрылыс толық бітіп, мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін Діни басқарма толық қабылдап алады. 

"Бір жақсылық жеті жүз еселеніп қайтатын ай – Рамазан"

– Жақияқажы Абдоллаұлы,  мұсылман халқы ертең Рамазан айымен сағына қауышады. Бұл айдың қасиеті мен сауабын сіз де бір ауыз сөзбен жеткізсеңіз? 

– Қасиетті Рамазан айының әрбір күні, әрбір түні қасиетті. Рамазандағы Қадір түнінің қасиеті, орны тіптен бөлек.  Ауыз бекіткен адам су мен нанның қадірін түсінеді, кемтар, аш адамдардың қандай жағдайда тіршілік етіп жүргенін ұғады, бір сөзбен айтсақ, адам сабырға үйреніп, адамгершілігі артады. 

Екіншіден, бұл шын мәнінде айлардың сұлтаны, қасиетті ай. Басқа уақытта жасаған бір жақсылығың бір, екі, ең көбі жетпіс есе ғана еселенсе, Рамазан айында жасаған бір жақсылығың жеті жүз есеге көбейетін сауапты амалдар бар. Рамазан айында Тарауих намазы оқылады, ауыз ашар беріледі, халық бір-бірін сыйлап, өзара келісім орнайды. Отыз күн ораза тұтқан мұсылман айт намазына жығылып, үш күн Ораза айтшылайды. Ораза айында қайырымдылық жасауға, садақа беріп, туған-туысқа жақсылық жасауға асығу керек. Басқа айда бір жақсылыққа бір есе, кейбір жақсылыққа жетпіс есе сауап тисе, Оразада бір жақсылықтың сауабы жеті жүз есе. Мысалы, мың теңге садақа шығарып, жеті жүз мың теңге садақа шығарғандай сауап аласыз.

– Ал, Рамазанға мешіттің дайындығы қандай?

– Ең біріншіден, оразада сәресі ішіп, ауыз ашатын уақыттың кестесін дайындап, таратып жатырмыз. Екіншіден, бүгін Тарауих намазын оқимыз. Тарауихқа кемінде 500, тіпті, 1000 адам жиналады деп күтіп отырмыз және соған асыға дайындалып жатырмыз. Үшіншіден, Тарауих намазында Құранды жатқа білетін Қарилар құран хатым түсіреді. Яғни, 30 күн ішінде Құран бастан-аяқ қатым етіледі. Сауабы өте мол, әрбір өткен аруаққа да, тірілерге де пайдасы көп іс. Мешітіміздің де Қарилары, Құранды қатым етуге дайындалып отырмыз. Ораза айын құлшылықпен, намаз оқып, сауап жинаумен өткізген абзал. Ал, біздің мешіт оразадан кейін де балаларға сабақ беріп, жазғы лагерь ашуды жоспарлап отыр. Сабақта ең бірінші Ислам тарихын оқытып, арабша әріп үйреткіміз келеді. 

– Бұл мешітте қазір қанша қызметкер бар?

– Діни басқарманың шемімен жаңа мешітке мен бас имам болып тағайындалдым. 1987 жылы Қарағанды қаласындағы бір мешітке имам болып келгенмін. 1988 жылы сол кездегі бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы Жезқазған облысының имамы етіп сайлады. Сол жерде 15 жыл имам болдым. 2003 жылы Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы қызметіне келдім. Кейін Астанадағы мешіттердің бірінде сегіз жыл имам болдым. Енді, міне, Алланың қалауымен  еліміздің бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз осы мешіттің бас имамы қызметіне тағайындады. 

Діни жағынан бір-екі наиб имам бар, бір ер адам, бір әйел адам, сонымен екі ұстаз бар және бес уақыт азан шақыратын азаншы бар. Негізгі діни қызметкерлер осы. Ал, шаруашылық жағынан іс жүргізуші, есепші, мешіт тазалықшылары, күзетшілері бар. 

Ораза тұта алмасаң – бір міскінді тойдыр

– Ораза тақырыбына қайта оралсақ. Ораза — мұсылманға міндетті бес парыздың бірі екенін білеміз. Сондықтан, мүмкіндігі бар адам үшін бұл айда, әрине, ауыз бекітуден артық сауап жоқ шығар. Бірақ, ораза тұтпаған, тұта алмаған адам осы айды қалай өткізу керек, қандай амал жасап, қалай сауап жинай алады?

– Алла Тағала балиғат жасына жеткен, дені сау мұсылман үшін ораза тұтуды парыз еткен. Әсте, Жаратушы Алла пенделерін өте жақсы көреді және пендесіне қиыншылық бұйырмайды. Сондықтан, денсаулығы мықты, баспанасы бар, жағдайы жақсы адамға ораза, әрине, парыз. Ал, адам жолға шықса, немесе ұзақ уақыттан бері бір дертке шалдығып, емделіп жүрсе, бала емізсе – парыздан босатылады. Ал, ораза ұстағандай сауап алғысы келсе, ауыз бекітпеген адам 30 күннің пидиясын төлейді. Пидия дегеніміз – шариғат бойынша бір міскінді тойдыру. Не бір міскінді 30 күн бойы тамақтандыру, не отыз міскінді бір күнде тамақтандыру, не соның құнын есептеп, бір жағдайы төмен адамға беру. Бір міскіннің бір күн ішетін тамағын, әрине, дәл есептеп, дәл осы сомаға тамақ алып бер деп айту қиын. Биыл Мұсылмандар діни басқармасының пәтуасы бойынша, пітір садақа 300 теңге болып бекітілді. Бірақ, пітір бөлек, пидия бөлек. Пітір дегеніміз – әрбір тірі жанға, әрбір мұсылманға, отбасының әрбір мүшесіне берілетін садақа. Кейбір адам пидия мен пітірді шатастырады да бір міскінді сол 300 теңгемен тамақтандыру керек деп түсінеді. Ол қате. Қазір нарыққа сәйкес, бір адамды тойдыру үшін бір күнде шамамен 1000-2000, 5000, тіпті, 10000 теңге керек. Сондықтан, пидия құны әрбір адамға жекелей байланысты.

Басты тақырыптар