08:59 24 Маусым 2018
Тікелей эфир
  • USD340.27
  • EUR396.31
  • RUB5.39
Банкнота

"Жұмыстан қол үзіп қалдым, зейнетақы ала аламын ба?"

© Sputnik / Болат Шайхинов
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
532 0 0

Қазақстанда базалық зейнетақы қайтадан есептеліп, 1 шілдеден бастап жаңаша форматпен тағайындалады

АСТАНА, 13 маусым — Sputnik. Биылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы жүйесінде болатын өзгерістерге байланысты оқырмандардың сауалдарына "Әлеуметтік төлемдерді ведмствоаралық есептеу" орталығы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының бас маманы Раушан Қалмаханова жауап берді, деп хабарлады otyrar.kz. 

Зейнеткерлердің зейнетақысы екі бөліктен тұрады: базалық және ынтымақты. Бүгінгі таңда базалық зейнетақының мөлшері – 15 274 теңге. Бұл сома зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарамастан барлық зейнеткерге бірыңғай төленіп жатыр. Алайда енді базалық зейнетақы қайтадан есептеліп, 1 шілдеден бастап жаңаша форматпен тағайындалады. Осылайша оның мөлшері тікелей еңбек өтіліміне байланысты болса, есептелуінде ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕКД) ескерілмек. Биыл бұл 28 284 теңгеге тең 

Сонымен, еңбек өтілі 10 жыл және одан кем азаматтарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің, яғни 28 284 теңгенің 54 пайызы тағайындалады. 11 жыл еңбек өтілі барлар үшін — 56 пайыз. Осылайша еңбек өтілі 10 жылдан асатындарға әр жыл үшін 2 пайыз үстеме қосылып есептеледі. Егер еңбек өтілі 20 жыл болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74 пайызы, ал еңбек өтілі 33 жыл және одан көп болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына, 28 284 теңгеге тең болады. Мұнда ең төменгі күнкөріс деңгейі әр жылы өзгеріп отыруы әбден мүмкін.

– Сәлеметсіздер ме? Мен Қазақстанда туып-өстім. Жолдама бойынша Өзбекстанға жұмысқа орналастым. Сонда жұмыс істедім. Қазір елге оралып, осында тұрамын. Зейнеткермін. Білейін дегенім, қайта есептеудің маған қатысы бар ма? 

– Егер сіз ҚР азаматы болсаңыз, сіздің базалық зейнетақыңыз қайта қаралады.

– Осында туып-өстім. Ұзақ уақыт бойы Өзбекстанды тұрдым. Қазір Шымкентте тұрамын. Бірақ, ҚР заматтығын алмадым. Менің зейнетақым қайта есептеле ме?

– Сіздің жағдайыңыз мұқият тексеруді қажет етеді. Сондықтан да барлық құжатыңызды алып, тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша "Әлеуметтік төлемдерді ведмствоаралық есептеу" орталығына барыңыз. Жалпы, қайта есептеу тек ҚР азаматтығын алған және зейнетақысын осы мемлекеттің есебінен алатындарға жасалады.

– Еңбек өтілін есептету үшін қайда барады? Шынымды айтсам, еңбек өтілімді білмеймін.

– Бұған дейін зейнетақысын алып келген зейнеткерлер үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Қайта есептеу осыған дейінгі тапсырылған құжаттардың негізінде жүргізіледі.

– Анам 1961 жылдың 9 мамырында дүниеге келген. Зейнеткерлікке қашан шығады?

– 2020 жылдың қарашасында зейнетке шығады.

– 1998 жылға дейінгі еңбек өтілім – 20 жыл. 2007 жылы зейнеткерлікке шықтым. Қазір ең төменгі зейнетақы аламын. Себебі, КСРО ыдыраған жылдары жалақымыз тым аз болатын. Сонымен зейнетақымыз көбейе ме, жоқ па? 

– Осы жерде сіздің жалпы еңбек өтіліңіздің рөлі басым болмақ. Яғни, 01.01.1998 жылға дейінгі 20 жылдық еңбек өтіліңіз үшін базалық зейнетақыңыз – 20 931 теңгені құрайды. 1998 жылдан кейінгі стажыңыз зейнетақы қорына аударылған жарналар арқылы есептеледі.

– Зейнетке 1993 жылы шықтым. "Тыл ардагері" медалім бар. Естуім бойынша, осы медаль үшін зейнетақыма қосымша үстемеақы қосылуы керек екен. Сол рас па?

– "Тыл ардагері" медалі иегерлеріне ешқандай үстемеақы қосылмайды. Бірақ, сіз тыл еңбеккері ретінде қосымша үстемеақы алуыңызға болады. Алайда осы статусты дәлелдеуіңіз үшін қалалық әкімдіктегі арнайы комиссияға баруыңыз қажет. Сондағы мамандар құжаттарыңызды қарай отырып, барлығын түсіндіріп береді.

– Мен әлеуетті құрылымдарда 32 жыл 7 ай қызмет еткенмін. Қазір зейнеткермін. Білейін дегенім, базалық зейнетақым қайта есептеле ме?

– Зейнетақыңызды қайта есептеуде 32 жылдық стажыңыз ескеріледі. Осылайша бұған дейін алып келген 15 274 теңгелік базалық зейнетақыңыз 27 718 теңгеге дейін көбейеді.

– Әлеуетті құрылымдарда 32 жыл қызмет етіп, зейнеткерлікке шықтым. Бірақ қол қусырып отырмадым. Жұмыс істедім. Зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі еңбек өтілім қайта есептеу кезінде ескеріле ме?

– Қайта есептеуден кейін сіздің базалық зейнетақыңыз 27 718 теңге болады. Ал зейнеткерлікке шыққан кездегі еңбегіңіз есепке алынбайды.

– 1998 жылға дейін тұрақты бір мекемеде жұмыс істедім. Бірақ 1998 жылдан кейін жұмыс орным тұрақсыз болды. Басым көпшілігі жекеменшік мекеме болғандықтан зейнетақы аударымдары да дұрыс жасалынбаған. Сонда 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілім есептелмей ме?

–  Егер зейнетақы аударымдарыңыз болмаса, онда қайта есептеу 01.01.1998 жылға дейінгі еңбек өтіліңіздің негізінде жасалады.

– Зейнетақының мөлшеріне шек қойылған ба? Ең жоғары мөлшері қандай?

– 01.01.2018 жылы зейнетақы мөлшерін есептеу үшін ескерілетін жоғарғы табыс 46-еселік АЕК-тен аспайды (110 630 теңге).

– Менің жалпы еңбек өтілім — 27 жыл. Зейнеткерлікке шыққан соң Ресейге көшіп кеттім. Сонда қалсам 15 000 рубль көлемінде зейнетақы алады екенмін. Бірақ, осында көшіп кетуіме тура келді. Мұндағы зейнетақыма көңілім толмайды. Өте аз. Білейін дегенім, 1 шілдеден бастап зейнетақымның көлемі қаншалықты өзгереді?

–  Жасыңызға байланысты тағайындалған зейнетақыңыз өзгеріссіз қалады. Ал базалық зейнетақыны есептеуде 27 жылдық еңбек өтіліңіз есепке алынады. Яғни енді оның мөлшері — 24890 теңгені құрайды. (Қазір алып жүрген базалық зейнетақы — 15274 теңге).

– Зейнет жасына дейін әлі біраз бар. Алайда, зейнетақы аударымдарының жайына алаңдап отырмын. Себебі, қай бір жылдары жұмыс берушім жарналарды БТА-банкіне аударатын. Сосын, сол жылдардағы аударымдар "күйіп" кетті деген мәлімет естідік. Енді не болмақ? Сол кездегі стажымды қалай дәлелдеймін?

– ХҚКО-ға барыңыз. Егер сіз зейнетақы жүйесінің қатысушысы болсаңыз, онда сіз қай жылы, қандай мөлшерде аударымдардың жасалғаны жайында анықтама аласыз. Қазір жеке зейнетақы қорлары біріктіріліп барлық аударым Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына түсті. Сондықтан уайымдауға негіз жоқ. Аударымдарыңыз сол жерде болуы мүмкін. Барып тексеріңіз.

– 1998 жылдан кейін жұмыс істеген, бірақ зейнетақы жүйесіне аударым түспеген азаматтардың сол жылдардағы еңбек өтілі есепке алынбай ма?

–  Иә, есептелмейді. Сондықтан да, зейнетақы аударымдарын уақытылы және дұрыс аударғанын міндетті түрде қадағалап отыру керек.

  – Жұмыс берушімнің жарналарды уақытылы және дұрыс аударып отырғанын қалай біле аламын? Ай сайын жалақымның 10 пайызы ұсталынады. Бірақ сол ақшаның қорға түсіп жатқанына күмәнім бар.

–  Тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша ХҚКО-ға барып, зейнетақы жарналарын растайтын анықтама ала аласыз. Немесе БЖЗҚ бөлімшелеріне барып, үзіндісін алуға да болады.

– Жалпы еңбек өтілін есептеу барысында кәсіптік және жоғарғы оқу орнындағы білім алу жылдары есепке алына ма?

–  Иә. 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі — еңбек кітапшасына, диплом, ерлер үшін әскери куәлік, әйелдер үшін бала күтіміндегі жылдарға негізделіп есептеледі. 1998 жылдан кейінгі аралық зейнетақы жүйесіне аударылған жарналарға байланысты болады. Ескеретіні, зейнетақы жарналарының үзілмей, толық аударылған жылдар негізге алынады. Мәселен, қазір жеке кәсіпкерлер қиналып жүр. Себебі, олар аударымды тоқсанына, не 6 айда бір рет аударады. Бұл дұрыс емес. Аударым кезінде міндетті түрде аударымдардың қай айларға жасалып жатқанын бөлек-бөлек көрсетіп толтыру керек.

–  1998 жылға дейін 20 жылдық еңбек өтілім бар. 1998 жылдың тамыз айынан бастап 2005 жылдың ақпанына дейін жұмыссыз болып, жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрдым. Сөйтіп, 2005 жылдың наурызында жұмысқа орналастым. 2013 жылы наурызда 5 балам болғандықтан зейнетке шықтым. Қазіргі зейнетақым тым аз. Қайта есептеуден кейін зейнетақым көбейе ме?

– 2005 жылдың наурызынан 2013 жылдың наурызына дейінгі аралығына зейнетақы қорына аударылған 10 пайыздық жарналарыңыздың түскен айлары еңбек өтіліңізге саналады. Сонымен сіздің 1998 жылдан кейінгі еңбек өтіліңіз (2005-2013жж) 8 жыл. Бұған 1998 жылға дейінгі 20 жыл стажыңыз қосылып, 28 жылға тең болады. 10 жылдан асқан әр жылға 2 пайыз қосылады. Яғни, 10 жылдан артық 18 жылыңыз екі есе есептеліп, 36 пайызды құрайды.

Есептелік: 0,54*0,36=90%, яғни, базалық зейнетақы мөлшері 28284*90%=25456 теңгені құрайды.

Егер сіздің 1 998-2005жылдар аралығында 3 жасқа дейінгі балаларыңыз бар болса, бала күтіміндегі 3 жылыңыз еңбек өтіліңізге қосылып есептеледі.

– 1985 жылы 1 жыл жұмыс істедім. 1986 жылдың маусым айында декреттік демалысқа шықтым. Содан кейін, 05.08.1988ж, 19.02.1990 жылы тағы да сәбилі болып жұмыстан қол үзіп қалдым. 2010 жылы тағы бір балалы болдым. Білейін дегенім, зейнетақы ала аламын ба? 

— 1985 жылдан 1986 жылдың маусымына дейінгі еңбек өтіліңіз 1 жыл.

Бала күтіміндегі:

05.1986 жылдан 08.1988 аралығы 2 жыл 2 ай;

08.1988 жылдан 02.1990 аралығы 1 жыл 6 ай;

02.1990 жылдан 02.1993 аралығы 3 жыл еңбек өтілі болып есептеледі.

Сонымен, 7 жыл 8 ай еңбек өтіліңізбен сізге жасыңызға байланысты толық емес зейнетақы тағайындалады. Ол 12936 теңгеге тең. Бұған базалық зейнетақы қосылады.

Есептелік: 12936+15274 =28210 теңге. Сіздің келешекте алатын зейнетақыңыздың мөлшері – 28210 теңге.

–  1998 жылға дейін 28 жылдық еңбек өтілім бар. 1998 жылдан кейін жұмыс істедім. Бірақ зейнетақы қорына жалақымның 10 пайызы аударылмаған. Зейнетақым қалай есептеледі?

–  28 жылдық стажыңыз үшін осы күнге дейін алып келген 15 274 теңгелік базалық зейнетақыңыз – 25 456 теңгеге дейін көбейеді. Өкінішке қарай, зейнетақы жүйесінің қатысушысы болмағандықтан 1998 жылдан кейінгі стажыңыз есептелмейді. Алайда, 1998 жылдан кейін туған балаларыңыз болса, олардың арасы 3 жастан аспаса, бала күтімінде болған жылдарыңыз еңбек өтіліміңізге есептеліп, бұл сома тағы біршама артады.

– Келінім асыраушысынан айырылғандарға тағайындалатын жәрдемақыны алады. 1 шілдедегі өзгерістер жәрдемақыға әсер ете ме?

– Төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты мемлекеттік арнаулы жәрдемақының мөлшері 2018 жылдың 1 қаңтарында көбейген еді. Ендігі жәрдемақы 01.01.2019 жылы артады.


Басты тақырыптар