Қоғам

Цифрлық нарық - медицина саласында да бәсекеге қабілетті болуы керек

© Sputnik / Табылды КадырбековБольница
Больница - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Денсаулық сақтау саласын цифрлық жүйеге өткізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде "Даму" ақпараттық технологиялар орталығының басшысы айтып берді

АСТАНА, 9 шілде — Sputnik. Соңғы жылдары өндірістің, өңдеудің, қызмет көрсету саласының барлық деңгейінде делік, цифрландыру жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл процесс сөз жоқ денсаулық сақтау саласын да айналып өткен жоқ. Тіпті, медицинадағы цифрландыру өзге салаларға қарағанда әлде қайда ертерек басталған болатын. Тіпті, денсаулық сақтау саласына цифрлық жүйе енгізу керек деген әңгіменің қозғалып, ең алғашқы жобалары жасала бастағанына да биыл 25 жыл болыпты. 

Бақытжан Сағынтаев - Sputnik Қазақстан
Саясат
Сағынтаев цифрландыру туралы: артта қалғанымызды көріп отырмыз

Ал Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауында "Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, "қағаз қолданбайтын ауруханаға" көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет" делінген болатын. Аймақтарда жекелеген медициналық мекемелердің біразы цифрлық жүйеге өтіп үлгерді. Өзге салалардағы сияқты медицинадағы цифрлық жүйені енгізу де қызу пікірталас пен ашық бәсекеге көшкен. Қазіргі уақытта, елдегі осы нарықтың қомақты бөлігіне қызмет көрсетіп отырған "Даму" ақпараттық технологиялар орталығының басшысы Наталья Кильмен сұхбаттасудың сәті түсті. Цифрлы ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстары қалай жүріп жатыр? Қандай жүйелер қолданылып жатыр? Тың нарықты игерудегі бәсекелестік қандай? деген сауалдармен барған біз үшін, бұл нарықтың көпшілікке беймілім қырлары да айтылды.

– Медицинадағы цифрландыру дегеніміз не? Цифрландыру денсаулық сақтау саласына қандай пайда әкелмек? Қарапайым емделушілерге нендей тиімділігі бар?

– Бірінші кезекте цифрландыру дәрігерлер мен пациенттердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Электронды қызметтің нәтижесінде пациенттер зертханалық талдаулардың қорытындысын алу үшін емханаларға қазіргідей жиі бармайтын болады. Дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру секілді қызметтерді электронды түрде жасай алады. Тіпті, ол үшін телефонмен қоңырау шалып, жауап бермесе жүйкені жұқартып жатудың да қажеті жоқ. Аталған қызметтердің бәрі сіздің қалтаңыздағы смартфонның бір ғана тетігін басу арқылы қолжетімді болмақ. 

Қысқасы, цифрландыру емделушіні де, дәрігерді де артық жүрістен арылтады. Ең бастысы уақытты үнемдейді. Ал дәл қазір, ең қымбат – уақыт! Әйтпесе, емделушінің анализ қорытындыларын алып кетуі, дәрігерге жазылуы бәрі-бәрі тіркеушінің де, дәрігердің де, емделушінің өзінің де уақытын алады. Қазір кейбір емханалардың тіркеу бөлімінде ұзынсонар кезек тұратынын көріп жүрміз. Ал дәрігер әрбір келушіге кемінде 15 минуттай уақытын жұмсайды. Себебі, дәрігердің қабылдауына келген емделуші міндетті түрде өз жағдайын айтып, көкейде жүрген сұрақтарын қояды. 

© Photo : "Даму" ақпараттық технологиялар орталығы "Даму" ақпараттық технологиялар орталығының басшысы Наталья Киль
Даму ақпараттық технологиялар орталығының басшысы Наталья Киль - Sputnik Қазақстан
"Даму" ақпараттық технологиялар орталығының басшысы Наталья Киль

Халықаралық стандарттарда "пациенттің өз ауызымен жеткізілген ақпарат" және "медициналық құжаттармен нақтыланған ақпарат" деген ұғымдар бар. Адамның емделуші ретінде айтқаны шындық болуы мүмкін. Бірақ, оны кәсіби дәрігер қабылдай алмауы да ықтимал. Өйткені, пациент өз жағдайын ашып айтпауы мүмкін. Сондықтан, дәрігер пациенттің сөзіне емес, медициналық құжаттардағы ақпараттарға, яғни өзінің кәсіби әріптестерінің жазғандарына көп көңіл бөледі. Қысқасы, байланыс уақытын қысқартады. Бұл –  ақпараттық жүйенің ең алдымен беретін артықшылығы. Медициналық құрылымдар арасындағы жедел байланыс бірнеше секундтің ішінде-ақ жүзеге асырылатын болады. Медициналық көмек көрсету барысында уақыттан бағалы ештеңе жоқ. Міне, бұл ақпараттандырудың ең алдымен беретін пайдасы.   

– Цифрландыру медициналық қызметтің сапасына, жалпы денсаулық сақтау саласына қаншалықты әсер етеді?

Травматолог рентген суретіне қарап тұр - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Денсаулық сақтау министрі дәрігерлердің жалақысын қандай жолмен көтеретінін айтты

– Цифрландыру медциналық қызметтердің сапасына қазірдің өзінде-ақ оң әсер ете бастады. Мәселен, Қарағанды облысы бойынша нақты мысал келтірейін. Бұл облыспен бірлесіп жұмыс жасап жатқанымызға үш жылдан астам уақыт болды. Аталған өңірде цифрландыру нақты нәтиже беріп отыр. Қарағанды облысында цифрландырудың нәтижесінде туберкулездің алдын алудың жақсарғанын байқадық. Флюорографиялық тексеру барысында туберкулезді анықтау артты. Туберкулезді онкологиялық ауруларға жеткізбей ерте анықтауға қол жеткізілді. Туберкулезбен, онкологиялық аурумен ауыратындар саны едәуір азайды. 

Телефон тұтқасын "күзететін", электронды поштадан қандайда бір құжаттарды жүктеумен айналысатын, амбулаториялық карталарды кабинеттен кабинетке тасымалдаумен жүретін, осы секілді тиімсіз жұмыстарды атқаратын медбикелердің қолы босады. Шыны керек, осының бәрі медбикенің көп уақытын алатын. Есесіне, олар басқа әлдеқайда қажетті жұмыстарға, мәселен  науқастарды қарауға, негізгі міндеттерін сапалы атқаруға көңіл бөлетін болды. Біз цифрландырудың нәтижесінде олардың уақытын үнемдеп отырмыз. Тағы қайталап айтам, уақыт – өте маңызды ресурс. Біз оны үнемдеуге мүмкіндік алдық. Сондықтан, цифрландыру қазірдің өзінде-ақ оң нәтиже береді бастады деп толық айтуға негіз бар. 

Сондай-ақ, экономикалық тұрғыдан да үнем жасауға жол ашылды. Медициналық тұрғыдан тағайындалған дәрілік заттарды сатып алуға жұмсалатын шығын аз көлемде болса да азайды. Бас дәрігер науқасқа қандай дәрі, қандай ампула жөнелтілгенін жақсы біледі. Соның нәтижесінде стационарлық емге жұмсалатын шығындар 7 пайызға қысқарды. 

– Қазіргі уақытта сіздер қандай өңірлерге қызмет көрсетіп отырсыздар?

– Жалпы, біз еліміздің 13 өңірінде жұмыс істейміз. Республика бойынша 61 клиникамыз бар. Алайда, біз барлық өңірдің медициналық ұйымдарын толықтай қамтып отырған жоқпыз. 

– Әрбір медициналық ұйым өз бетінше жұмыс істей ме? Әлде орталықтандырылған жүйе бар ма?

– Біз "бұлтты" жүйе бойынша жұмыс істейміз. Сервер "Қазақтелеком" компаниясында орналасқан. Бұл – ұлттық провайдер. Біз ақпараттық қауіпсіздік бойынша арнайы аттестациядан өттік. Сақталған деректердің бәрі бір жағынан "Қазақтелеком" құралдары арқылы қорғалады. Өйткені, "Қазақтелеком" деректерді қорғаудың бір бөлігіне жауапты. Бұдан бөлек, біздің жүйенің құралдарымен де қорғалатынын атап өту керек. Тексеру барысында қауіпсіздік қорымен сәйкестілігі нақты қадағаланады. 

– Ақпараттық тұрғыдан ешқандай олқылық болмай ма? Науқастар туралы деректер қаншалықты құпия сақталады? Өйткені, ІТ саласының мамандары, яғни сіздердің әріптестеріңіз ең алдымен осыған ерекше мән береді ғой. 

Елжас Біртанов - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Біртанов: пациенттердің ашулануына өзіміз кінәліміз – адамдармен жұмыс істеуді білмейміз

– Бұл жерде ең алдымен көздеп отырған мақсатты нақтылап алу керек. Егер біз жедел түрде әрі оңай жолмен ақша табуды көздесек, лицензияларды сатып қана отыра беретін едік. Сондай-ақ, аталған лицензиялардың бағасын да шарықтатып қояр едік. Осылайша, деректерді жинап алып, оны әлдекімдерге сатып, қомақты қаржы жинап, бұл елден табан жалтыратуға да болады. Бірақ, біздің көздегеніміз бұл емес. Біз өз қызметімізді сатып отырмыз. Сол үшін шамалы ғана ақша аламыз. Өйткені, біз бұл нарықта ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуге мүдделіміз, біздің жоспарларымыз да, ұзақ мерзімді. Егер ақпараттық тұрғыдан олқылық шығатын болса, бұл ең алдымен бізге, біздің беделімізге үлкен соққы боп тиеді. Ал оның салдары біз үшін өте қорқынышты – бізбен ешкім жұмыс істемейтін болады. Осы орайда, аталған деректердің қорғалуына ең алдымен мүдделі топ – біздің өзіміз екенімізді бөле-жара айтқым келеді. Яғни, әр пациенттің дерекнамасы мұқият сақталады, оның жалпыға шығып кетуі мүмкін емес. Сондықтан, дәл осы тұрғыдан шағым айтатындарды түсінбеймін. 

Деректерді сақтау базадағы науқастардың санына байланысты болмау керек. Егер емханаларда біздің басты бәсекелестеріміздің жүйесі орнатылып, олар 100 науқасқа қызмет көрсетсе де, біз 6 миллион адамды қамтысақ та, біздің қызметтеріміз Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық ақпараттық жүйемен қамтамасыз ету бойынша минималды қызметтік талаптарына ортақ және бірдей болу керек.  

– Талаптар туралы айтып өттіңіз. Жалпы, осы медицина саласын цифрландыруға қатысатын ІТ компанияларға  қандай талаптар қойылуы керек?

– Қазіргі уақытта, Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бекіткен медициналық ақпараттық жүйемен қамтамасыз ету бойынша қызметтік талаптар бар. Бұл талаптардың кейбіріне қатысты біз де өзіміздің ұсыныстарымызды бергенбіз. Ол қарастырылып жатыр. Жалпы, онда 470 түрлі талап бар. Егер тұрғындар тарапынан электронды қызмет алуға сұраныс болса, онда ақпараттық жүйеде, яғни мобильдік қосымшада, веб-сайтта аталған талаптар анық көрсетілуі керек. Соңғы жиындардың бірінде вице-министр Олжас Әбішев, Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесе отырып, халықаралық стандарттар негізінде, медициналық ақпараттық жүйемен қамтамасыз етудің минималды, яғни азайтылған талаптарын жасап шыққандарын айтты. Бұл БАҚ-тарда жазылды. Ешкімге құпия емес. 

Иә, талаптар бір қарағанда өте көп сияқты. Мен онымен келісемін. Бірақ, әңгімеге арқау болып отырған аталған 470 талаптың өзі денсалуық сақтау саласындағы барлық процестерді қамти алмайды. Меніңше, уақыттың жетіспеушілігіне байланысты ең маңызды деген талаптар ғана қамтылған. 

– Сонда бұл талаптар көп емес дегеніңіз келе ме?

– Көп емес, әрине. Біздің компания денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келеді. Мәселен, менің осы медицина саласын цифрландыру бағытында жұмыс істеп жүргеніме 25 жыл болды. Сондықтан, денсаулық сақтау жүйесі қалай жұмыс істейтіндігін жақсы білемін. Яғни, медицина саласын цифрландыру — кеше, бүгін басталған шаруа емес. Бұл процестердің жүріп жатқанына біраз уақыт болды. 

Мәжілістің жалпы отырысы, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан
Қоғам
"Бізге ертегі айтып берген секілді" Министр Біртанов депутаттан сөз естіді

Біз талаптарды оңтайландырған жоқпыз, біз медициналық ұйымдардағы бизнес процестерді цифрландырдық. Медициналық ұйымдарда бірнеше жылдар бойы жұмыс істедік. Процестердің қалай жүретінін байқадық, дәрігерлермен әңгімелестік, олардың жиналыстарына қатыстық, «дөңгелек үстел» басында жиналып, талқыладық, тиімді әрі қолайлы болу үшін не істеу керек екендігі жайында ақылдастық. Иә, біз өз жүйемізді жасап шығардық. Біз оны біреуден көшіріп алдық па? Әлде өзгелер бізден көшіріп алды ма? Жалпы, адамға ең бірінші кезекте жаман ой келеді, ең жағымсыз нәрселерді ойлап табады. Бізді сынап жүргендер, біздің бұл салада ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келгенімізді ескермеген болар. Сондықтан, олар үшін әледкімнен ұрлап алды, сатып алды деген әңгімелердің шетін шығара салу ең оңайы.

Бірақ, тағы қайталап айтам, біз бұл нарықта ширек ғасырдан бері жұмыс істеп жатырмыз. Осы уақыт бойы бүкіл сынақтан өтіп, қолданушылардың талаптарына сай қайта өңделіп, оларға ыңғайлы, қолайлы жүйе жасалды. Қазіргі біз ұсынып, бірқатар медициналық мекемелер қолданып отырған ақпараттық жүйені, мен осы саланың маманы ретінде – ең жетілдірілген әрі қарапайым, түсінікті жүйе деп толық айта аламын. Бұл жәй сөз емес, осы сөздің артында біздің компанияның көп жылғы еңбегі және кіршіксіз репутациясы тұр. 

– Сіздердің ұсынып отырған кешенді медициналық ақпараттық жүйенің өзге ІТ жобаларынан не ерекшелігі бар, қандай артықшылығы бар? 

– Біздің компанияның бәсекелестермен салыстырғандағы басты артықшылығы – басқа ІТ мамандары жекелеген клиникаларды автоматтандырумен айналысады, ал біз, жалпы денсаулық сақтау саласында цифрлық эко-жүйені құрамыз. Бұл өзі қиын термин. Біз барлығы бірыңғай ақпараттық кеңістікте жұмыс істегенін қалаймыз. Барлығы бір-бірімен қарым-қатынас жасай алса екен дейміз. Басты нысана — бас дәрігер емес, медициналық ұйым емес — пациент болуы керек. Әртүрлі нұсқаларын жасап көрдік. Ал пациентті басты нысанға қойғанда барлығы соның айналасында асқан дәлдікпен орналаса қалды. Мәселен, бір өңірдің 5-6 клиникасы бізбен жұмыс істейтін болса, олар бір-бірімен ақпарат алмаса алады. Біз бір-екі стационарды қосатын боламыз. Стационарлық амбулаториялық картаны көретін болады.

Клиникалар стационардан пациенттің ауыру тарихын көре алатын деңгейге жетеді. Бір-бірімен ақпарат алмасады. Қарағанды облысындағы бірнеше медициналық мекеме өзгелерге үлгі боп отыр. Елдің әр түкпірінен жиналған адамдар сол ұйымдардың жұмысын арнайы көру үшін барады. Олар цифрландыру арқылы адамдардың өз жұмысын қалайша жеңілдеткенін көреді. Аталған ұйымдарға барып, цифрландыруды дұрыс қолданса, қандай нәтижеге қол жеткізуге болатынын байқауға болады.

Аталған медициналық ұйымдарда кезек деген болмайды. Дәлізде топырлап адам жүрмейді. Бұл жерлерде қазір пациенттерге халықаралық деңгейде қызмет көрсету жүзеге аса бастады. Ең біріншіден, оларда үнемдеу бар. Олар сол құраммен, сол медициналық қуатпен әлдеқайда көп қызметтерді сапалы түрде көрсете алады. 

– Сіздер енгізіп, қолданып отырған бірыңғай ақпараттық жүйені қолдана алатын медперсонал болуы керек қой. Ол үшін медициналық қызметкерлер арнайы оқудан өтуі керек пе?

– Әлбетте! 

– Оны кім оқытады?

– Бізде каскадтық оқытудың әдісі бар. Ең алдымен білім алуға қабілетті дәрігерлерден құралған шағын ғана топты жинақтаймыз. Оларды оқытамыз. Олар бізден алған білім мен тәжірибені өз әріптестері арасында тарата бастайды. Алғашқы топ дайын болғанда, біз келесі топты жинақтаймыз. Процесс осылай жалғаса береді. 

– Сіз әңгіме басында компанияларыңыз пациентке басымдық беретінін айтып қалдыңыз. Сонда өзге ІТ-компаниялармен салыстырғандағы басты артықшылықтарыңыз осы болғаны ғой?  

– Дұрыс айтасыз. Өйткені, көптеген ІТ компаниялардың жұмысы белгілі бір медициналық ұйымның сұранысын қанағаттандыруға бағытталған. Ал біз бәрін бірдей қамтимыз деген ауқымды мақсат қойдық. Бұл қиын, әрине. 

– Жалпы, осы ақпараттандыруды цифрлы жүйеге өткізу нарығында бәсекелестік бар ма? Медициналық мекемелерді мәжбүрлеп кіргізіп жатыр деген әңгімелер де шықты ғой…

– Бізбен бірге жұмыс істейтін 660 ұйымның шамамен 30 пайызы жекеменшік құрылымдар. Ал оларды қалайша мәжбүрлеуге болады? Тіпті, оларға ықпал ететін, қысым жасайтын тетік те жоқ қой. Ол жеке меншік, яғни, еркін. Егер олардың үлесі бір-екеу ғана болса, әңгіме бөлек. Бірақ, олардың үлесі жалпы, біз алатын тапсырыстың 30 пайызын құрап отыр ғой. Олар нақты басымдықты көріп отыр. Сол үшін бізге қосылады. Мәселен, Жамбыл облысында жекеменшік клиника өздері бастамамен шықты. Олар бізбен жұмыс істеуді қалайтындарын айтты.

Электронды темекі - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Денсаулық сақтау министрі: электронды темекіден аулақ болыңыздар

Бірақ, біздің бәсекелестеріміз де кейде таза жұмыс істемейді. Сол әңгімені айтып жүргендердің бірі түгелдей Алматы облысын қамтиды. Сол сияқты тағы бір компания, Жамбыл облысының әкімдігімен келісімге отырған екен. Сөйте тұра, олар өңірлік модельдің жаман екенін айтады. Яғни, мен айтып отырған біздің әріптестеріміздің бұл тірлігі – ҚР Электронды денсаулық сақтау жүйесін дамыту тұжырымдамасына қайшы. Яғни, олардың өзі таза болмай тұр.Сіздің айтып тұрғаныңыз, әлеуметтік желіде тараған хат қой, онда көрсетілген 11 компанияның екеуі мөр басып, қол қоймаған. Денсаулық сақтау министрлігінде өткен жиында олар бұл хаттың жазылуына мүлдем қарсы болғанын айтты. Жалпы, алғанда цифрлық жүйеге өту мәжбүрлік емес, ол қажеттілік! Ол заман талабы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық салаларды цифрлық жүйеге өткізу туралы тапсырма берді. Оның ішінде осы денсаулық сақтау саласы да бар. Міне, біз сол тапсырылған цифрландыру жүйесін денсаулық сақтау саласына енгізіп, жүргізіп отырмыз. Денсаулық сақтау министрлігінде осы мәселе бойынша күнде жиын өтеді десек, артық емес. Басты мәселе, қайткен күнде тиімді жоба жасап, оны жалпыға ортақ ете аламыз? Қазір, бізбен жұмыс істеп отырған медициналық мекемелердің кез келгеніне барып көруге болады. Бұл біздің көп жылдық жұмысымыздың жемісі. 

Осы деңгейге жету үшін біз қаншама тер төктік. Әлі де тер төгіп келеміз. Бұған дейінгі жүріп өткен жол көрінбейді. Тек, соңғы жетістіктер ғана көзге ұрынып тұрады. Ал біздің апта бойы, тәулік бойы жұмыс істейтінімізді елегісі келмейтіндер бар. Егер дұрыстап қарайтын болсақ, біздің бәсекелестердің де дамуына ешкім кедергі келтірген жоқ. Денсаулық сақтау министрлігінің порталына қосылуға кім кедергі келтіріп отыр? Яғни, мен былай атар едім, әр компания өзінің дамуы үшін, қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін өзінің ақшасын аямай салуы керек. Сонда ғана, өз салаңда, өз нарығыңда бісекеге қабілетті бола аласың. Осы менің айтарым.

-Әңгімеңізге көп рахмет!

 

Жаңалықтар
0