Қоғам

Балғынбек Имашев Теннің өліміне қатысты: қазақ өлтіргені үшін намыстанатын нәрсе емес

© Sputnik / Болат ШайхиновБалғынбек Имашев
Балғынбек Имашев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Айтыскердің айтуынша, мәселе Денис Тенде емес, миллион тұрғыны бар Алматы сияқты қалада ұрлық-қарлық күн сайын болып жатады

АСТАНА, 26 шілде – Sputnik. Белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашев "рухани жаңғыру" кімдерге қажет екенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Балғынбек Имашев - Sputnik Қазақстан
Балғынбек Имашев: "Жүрсіннің жүйрігі" болсақ та, жекеменшік ақыны емеспіз

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстанның жазушылар одағымен бірлесіп "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Астананың мемлекеттік қызметкерлері үшін шығармашылық кеш ұйымдастырды. Жиналғандар кеш қонағы болған белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашевке көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. 

Кеш барысында жиналғандардың бірі "Кешегі Денис Теннің өлімі қазақ халқына ғана емес, бүкіл әлем халқына ауыр тиді. Артық айтқандық емес. Сонда осы "рухани жаңғыруымыз" қайда қалды? Әрбір отбасы баласын ұрлықшы болсын, біреуді тонасын, зорласын деп тәрбиелеп өсірді ме? Адам  рухани азғындаған кезде, осындай қадамдарға барады. Менің түсінбей қойғаным, "рухани жаңғыру" кімдерге қажет? Неге біздің қоғамымызда жағымсыз жаңалықтар көбейіп кетті?" деп сұрады.

Денис Теннің туыстары халыққа қандай үндеу тастады

"Мәселе Денис Тенде емес, ол кәріс пе, қазақ па, орыс па. Оны қазақ өлтіргені үшін намыстанатын нәрсе емес. Өкінішке қарай, мұндай оқиға, ұрлық-қарлық күн сайын болып жатыр. 15 одақтас республиканың ішінде үш миллионер қаласы бар Қазақстан ғана. Енді  Ресей мен Украинаны қоспағанда. Біздің елімізде Алматы, Астана, Шымкент миллиондық қала болды. Бұрын Украинада халқы миллионнан асатын бес қала болатын. Қазір екі қаласының халқы тоғыз жүз мыңға түсіп қалды. Біз миллионер қалалардың саны жағынан Украинамен тең болып тұрмыз. Қалған 15 одақтас елдің ешқайсысында миллионер қала жоқ. Сондай дамыған Алматы сияқты қалада тапа-тал түсте чемпионның айнасын ұрлау, оны көріп қалғаны үшін өлтіріп кету – өте үлкен нұқсан әрине. Жалындап тұрған жап-жас бала, әрі қандай әдемі, сыпайы, өзін қазақпын деп жүрген, Американың керегі жоқ, Қазақстанның намысын қорғаймын деп жүрген адамды қалай жақсы көрмейсің?! Бәріміз жақсы көреміз ғой. Бірақ мәселе мынада ғой, бұл күнде болып жатқан оқиға", — деді айтыскер ақын. 

Имашев өрелі ұрпақ тәрбиелеу үшін, ата-ана, ең алдымен өзін тәрбиелеп үйренуі керек дейді. 

Денис Тенді өлтірген Құдайбергенов туралы ауылдастары не дейді

"Мынадай тәмсіл бар ғой: балаңды тәрбиелеп әуре болма, ең алдымен, өзіңді тәрбиеле деген. Біз жаралғалы Алла Тағаланың бізге қойған мақсаты, діннің бекітіп берген шарттары, мақсаты бір-ақ нәрсе – адамның өзін-өзі тәрбиелеуі. Сондықтан біз біреуді тәрбиелеумен айналыспауымыз керек. Әрқайсымымыз өзімізді тәрбиелесек, қызымыз да, ұлымыз да бізге қарап өседі. Қазақта "Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер", "анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер" деген мақал бар ғой. Қазақ осы мақалмен-ақ кімнің кімге қарап үлгі алуы керек екенін айтып қойды. Бірақ қазір бізде әкесі жоқ орта, ажырасқан отбасылар көбейіп кетті. Олардың балалары қай әкеге қарап бой түзейді? Қоғамымызда мұндай мәселелер көп. Біз баяғы дәстүрімізге, салтымызға оралмайынша, экономикалық жағынан қанша дамысақ та,  рухани әлемнің алдына шыға алмаймыз", — деді ақын.

Жаңалықтар
0