06:21 15 Желтоқсан 2018
Тікелей эфир
  • USD371.31
  • EUR419.32
  • RUB5.59
Маржан Тұрлыбаева

Сегіз жылын жындыханада өткізген Маржан Тұрлыбаева өз өмірі туралы айтып берді

© Foto : Маржан Тұрлыбаеваның жеке мұрағатынан
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
2590 0 0

Өмір бойына жындыханаға тоғытылып, кейін ақыл-есі сау болып бостандыққа шыққан Маржан Тұрлыбаева қазір қайда жүр?

ШЫМКЕНТ, 7 тамыз — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Ананың аялы алақанынан жылулық сезінудің орнына ақыл-есі ауытқығандардың ортасынан бір-ақ шыққан Маржан Тұрлыбаева 2016 жылы өзінің дені сау екенін дәлелдеп, бостандыққа шыққан болатын. Ел қатарлы өмір сүріп жатқан бойжеткен екі жылдан астам уақыт ішінде өмірден түйген сырымен Sputnik Қазақстан тілшісімен бөлісті. 

2015 жылдың жазында жазықсыз жындыханаға өмір бойына тоғытылдым деп елден араша сұраған Маржан Тұрлыбаева ол кезде небәрі 18 жаста еді. Ғұмырының сегіз жылын арнаулы мекемеде өткізіп, талай қиындықты бастан өткерген қаршадай ғана қыз мұндай күйге түскеніне анасын кінәлап, өзінің дені сау екенін айтып жанайқайын жеткізген-ді. Түркістандағы психоневрологиялық диспансерде жатқан Маржан Тұрлыбаеваның ісі қоғам арасында үлкен резонанс тудырды. Оған бірқатар белсенділер атсалысып, қайта тағайындалған сараптамалардың арқасында 2016 жылы бойжеткен ақыл-есі сау деген қорытындымен бостандыққа шықты. Ата-анасы түгілі, бірде бір туысының қамқорлығын көрмей өскен Маржан бүгінде кезінде елден көмек сұраған сәтінде алғашқылардың бірі болып сұхбат алған журналист Гүлжан Байназарованың қасында. 

"Білім алып жатырмын"

Психоневролоиялық диспансерден шыққан Маржанды шымкенттік дәстүрлі әнші өз қамқорлығына алады. Көп ұзамай арада келіспеушілік орын алып, бойжеткен оның үйінен кетіп қалды. Кейін журналист Гүлжан Байназарова оны өз қарауына алып, орта білімі жоқ аруды мектепте орналастырды. Кешкі бөлімде білім алған Маржан қолына аттестат алған соң арман қуып Алматыға аттанады. 

Шымкентте 12 жасында кәсіп игерген оқушы қыз өз еңбегімен ақша тауып жүр

"Оқуға түстім. Бүгінде Алматыда оқып жатырмын. Үшінші курс студентімін. Алғашында Гүлжан әпкемнің туыстарының үйінде тұрдым. Кейін ол кісінің өзі де Алматыға жұмысын ауыстырды. Қазір сол кісімен біргемін. Мен бала күнімнен актриса немесе журналист болуды армандап өстім. Қазір білім алып жатқан оқуым мүлдем басқа сала. Былтыр Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына құжаттарымды тапсырып, бес сынақтан сүрінбей өттім. Тек белгілі себептерге байланысты өте алмадым. Қазіргі оқуымды аяқтап алған соң тағы да бағымды сынап көремін. Бүгін болмаса ертең жолым болар",-дейді Маржан Тұрлыбаева. 

Маржан Тұрлыбаева
© Foto : Маржан Тұрлыбаеваның жеке мұрағатынан
Маржан Тұрлыбаева

"Ата-анамды кешірдім…"

Бостандыққа шыққанына екі жылдан асқан бойжеткен туған ата-анасымен мүлдем араласпайды екен. Бала күнінде тұрмыстың тауқыметімен екіге айырылысқан ата-анасының өз отбасылары бар дегенді алға тартқан ол алдағы уақытта өзіне өмір сыйлаған жандардың алдынан міндетті түрде өтемін деп отыр. 

"Ешкімге тәуелді болмай, аяқтан нық тұрғым келеді. Болашақта армандарыма қол жеткізіп, материалдық тұрғыда жағдайымды түзеп алған соң ата-анамның алдынан өтсем деген арманым бар. Мен ол кісілерді кінәлап, ренішімді айтып, өткенді қозғағым жоқ. Өткен нәрсе өтті. Оны қайта орнына келтіре алмайсың. Бәрін ұмытқым келеді. Бастысы, ата-анамды кешірдім… Алдағы уақытта қолымнан келгенінше көмек беруге де дайынмын", — деді ол. 

Қытайда сотталған Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы қызының түрмедегі жағдайын айтты

"Адамдарға сенуден қалдым"

Балалықтың дәмін өзгелер секілді сезіне алмай, үнемі бақылауда болған Маржан көпшілікпен араласарда сақ боламын деп отыр. Бөтен адамдарды қасына жолатпауға тырысады. Еркіндікте жүрген екі жылдан астам уақытта талай адамдарды кездестірдім деген ол кейбірін тіпті адам қатарына қоса алмайсың дегенді алға тартты.

"Сатқандарды да кездестірдім, надандарды да жолықтырдым. Оның бәрін сынақ деп қабылдадым. "Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап" деген бар емес пе? Сондықтан тек өзіме сенемін" деп сөзін жалғады ол. 

"Екі жылда қатты есейдім"

Тағдыр сынағына сүрінбей, шындықтың орын аларына сенген Маржанның бүгінде ойы да, өмірге деген көзқарасы да басқаша. Болашаққа қойған жоспары да айқын. 

"Өзім де байқап жүрмін, бұрынғы Маржан емеспін. Екі жылда қатты есейдім. Туысым да, ата-анам да жанымда жоқ. Білмеймін, егер қасымда мені қамқорлығына алған Гүлжан Байназарова болмаса, әлдеқашан сағым сынып қалар ма еді?.. Жан сырымды тек сол кісімен бөлісемін. Менің бастамаларыма үнемі қолдау білдіріп отырады. Тек моральдық емес, материалдық тұрғыда да көмегін аямайды. Ел қатарлы өмір сүріп жатқаныма екі жылдан асыпты. Қарап отырсам, көп уақыт емес. Армандарым өте көп. Жас та емеспін, 21-демін, менімен жасты қыздар жұмыс істеп, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Мен де солар секілді жетістікке қол жеткізгім келеді" деп армандарымен бөлісті бойжеткен.

Маржан Тұрлыбаева
© Foto : Маржан Тұрлыбаеваның жеке мұрағатынан
Маржан Тұрлыбаева

"Ата-анамның қателігін жасамаймын"

21 жастағы Маржан Тұрлыбаева алдағы он жылда тұрмысқа шығу туралы мүлдем ойланбайтынын айтты. Оның себебі де жоқ емес. 

"Менің ата-анам жас кезінде шаңырақ көтерді ғой. Кейін баланы бағып-қаға алмады, ақша жетпеді. Екіге айырылысты… Сондай жағдай менің де өмірімде қайталанбас үшін алдымен өз жағдайымды жасап алсам деймін. Өзім көрмеген қызықтарды балаларым көрсе деген тілегім бар. Мен көрген қиындықты болашақта балаларым көрмесе екен деймін. Міне, сол үшін де тұрмысқа шығуға асықпаймын",- деді ол. 

Самал Еслямованың жетпістегі әкесі қызының атқа мініп, мал бағып өскенін айтып берді

"Ешнәрсеге үлгере алмай кететін сияқтымын"

Sputnik Қазақстан тілшісіне ішкі сырын ақтарған Маржан ең бастысы қорқынышын да жасырмады. 

"Ішкі жан дүнием бір жерге асығып бара жатқандай. Себебін білмеймін. Бір нәрсеге жете алмай қаламын ба деген қорқынышым басым. Армандарымның жетегінде кетемін бе деген ой мазалайды. Түркістандағы мекемеден шыққаныма екі жылдан асты. Әлі түк тындырмадым. Уақыт деген зулап өтіп жатыр. Жасырып қайтейін, бұл өмірде ешнәрсеге үлгере алмай кететін сияқтымын. Осы ой соңғы кезде мені қатты мазалап жүр…" деп сөзін түйді Маржан Тұрлыбаева.

Қазақ қызы "сварщиктер" жарысында 500 жігітті қапы қалдырды

Тақырып бойынша

Моңғолиядағы қазақ қызы бейнеленген сурет халықаралық байқауда бірінші орын алды
Қазір адамдар жанымнан дұға оқымай өтеді – сал ауруын жеңген қыздың әңгімесі
Науқас екі адамның кесірінен арбаға таңылған Асыл дүниеге сәби әкелген
Астананың миллионыншы тұрғыны Саида қалай өмір сүріп жатыр?
Жігітпен жұдырықтасқан қазақ қызы: Вьетнам боксшысы жазаланды
Кілт сөздер:
жындыхана, Маржан Тұрлыбаева, Түркістан
Загрузка...

Басты тақырыптар