03:57 08 Желтоқсан 2019
Тікелей эфир
  • USD384.97
  • EUR427.12
  • RUB6.04
Күләй Оңалханқызының бір қолы мен бір аяғы жансыз

Сиыр да сауады, көрпе де тігеді. Қолы мен аяғы жансыз келіншектің ауыр тағдыры - фото

© Sputnik /
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
221502

Бүкіл шаруасын бір қолы мен бір аяғымен жасап жүрген Күләй ана көмекке зәру. Еліміздің Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда 440 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Он екі мүшесі сау адамдар жұмыс таппай жүргенде, бір қолы мен бір аяғы жансыз Күләй Оңалханқызы өзін біреу жұмысқа алады дегенге сенбейді

АСТАНА, 22 тамыз – Sputnik, Кенжекей Тоқтамұрат. Бүгінгі кейіпкеріміз Астанадан алпыс шақырым жердегі Шортанды ауылында тұрады. Үйі жоқ. Ақыл-есі кемдеу жолдасы және бір ұлы бар. Күләй ана өзі секілді мүгедек бауыры мен он төрт құрсақ көтерген батыр анасы туралы көзіне жас ала әңгімелеп берді. 

Қол-аяғымыз кемтар болса да, ақыл-есіміз сау 

Күләй Оңалханқызы 1970 жылы Моңғолия Республикасында туған. Өзге де қандастармен бірге 90-шы жылдардың басында Атажұртқа оралады. Екінші топтағы мүгедек. Мүгедектігін құзырлы органдар өмір бойғы деп бекіткен. 

"Анамның айтуынша, ай-күнім толып туған үйдегі он үшінші бала екенмін. Екі қолым да, екі аяғым да сап-сау болған. Перзентханадан шығамыз деп отырғанда, туғаннан кейін үш күннен соң қызуым қатты көтеріліп, аяқ асты ауырған екенмін. Дәрігерлер температураны бірнеше күн түсіре алмай, бар шараны қолданған. Бірақ, ақырында бір қол, бір аяғымнан жан кетіп қалған", — деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. 

"Қазір екінші топтағы мүгедекпін. Өзімнен кейін 1972 жылы туған бауырым бар. Туғаннан екі аяғы, бір қолы жоқ. Екінші қолының тек үш саусағы бар. Мүгедек болып тусақ та, ақыл есіміз дұрыс. Соған Аллаға мың да бір шүкір деймін. Бауырым қолөнер шебері. Бір бұйым жасап отырғанда көзін шығарып алған. Қазір сонда бір көзі, екі аяғы, бір қолы жоқ жан", — деген ол бауырының суретін көрсетіп, көзіне жас алды. 

Алты жасында бірақ аяғын басқан

Күләй Оңалханқызына дәрігерлер ДЦП (церебральды сал ауруы) диагнозын қояды. Балаларды туа жалмап жатқан бұл жаман ауру қазір өте көп кездесетіні жасырын емес. Ал, ол кезде, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары сал бала сирек кездесетін. Бір таңдай қақтыратыны – медицина дамыған мына ғасырда сал баланы аяққа тұрғызу өте көп қаржы мен емді талап етсе де, баланың оңалып кетуі екіталай. Ал, Күләй Оңалханқызының анасы болса қызын өзі емдеп, өзі аяғынан тұрғызған. 

"Аяғымды алты жасымда бірақ басыппын. Дәрігерлер "енді ауыра береді, адам болмайды" деп шығарып салғанда, анам бір жасыма дейін өзі күтіп, әртүрлі массаж жасап, аурудың денеме тарап кетпеуі үшін күні-түні ұйықтамаған екен. Биенің саумалын беріп, қымызымен емдеген.  Сол анамның арқасында қалған мүшелерім сау, ақыл-есім дұрыс. Аяғымды алты жасымда бастым. Соған дейін анам көтеріп жүріп, ақыры мені адам қылды", — дейді Күләй ана. 

Күләй ана бір қол, бір аяғымен үйдің бүкіл шаруасын дөңгелетіп жүр
© Sputnik /
Күләй ана бір қол, бір аяғымен үйдің бүкіл шаруасын дөңгелетіп жүр

"Сен мүгедек емессің!"

Мүгедек баланы әрине кішкентайлар мазақтаса, үлкендер мүсіркей қарап жатады. Күләй ана да бұл сезімді басынан өткерген.  Бір қолы мен бір аяғының жансыздығын үнемі қысылып, өзге балалар сияқты ойнап-күліп, жүгіре алмаған.  Бойжеткен кездегі қиындық өз алдына.  Тек бір адам ғана оның бойынан еш мін таппай, оның мүмкіндігін өзге адамдардан да артық қоя білген.  Ол әрине – тағы да анасы. 

"Мектепке де бардым, мектептен кейін де білім алдым. Сөмкемді көрші үйдің баласы, жақын құрбым көтеріп апарып береді. Сабақтан келерде үйге дейін тағы көтеріседі. Бәрі кемтар деп маған жұмыс істетпейтін, ойын ойнатпайтын. Тек анам ғана "Сен мүгедек емессің. Сенің он екі мүшең де сау, ақыл есің де дұрыс. Бар да сиыр сау, бар да кір жу" деп жұмсай беретін. Маған сенгені соншалық, мені тігінші мамандығына түсірген. Бірақ, ол арманын орындай алмадым…" — дейді Күләй ана. 

Анасының арманын орындап, тігінші болмаса да, Күләй ананың үйіне барып көрдік: құрақ көрпені де тігеді, сиыр да сауады, сүт те тартып, нан илеп, кірді де өзі жуады екен. Тоқыма да тоқимын дейді. Және осының  бәрін бір аяқ, бір қолымен жасап жүр. 

"Анамның ауыр тағдыры"

Күләй Оңалханқызы сұхбат барысында өзінен гөрі туған бауырының тағдырын көп сөз етіп, көп уайым қылды. Туған інісі Қарағанды облысына қарасты аудан орталықтарының бірінде тұрады. Дүниеге екі аяғы мен бір қолы мүлде жоқ қалпында келген. Дәрігерлер баланың неге бұлай туғанын дұрыс анықтай да алмаған. Ал, Күләй мен бауырының бұл кемтарлығын анасы ауыр апаттан көреді екен. 

Тағы оқыңыз: Сал ауруын жеңген қыздың жантебірентерлік әңгімесі

"Анам өмір бойы медбике болып жұмыс істеді. 1959 жылы 25 жасында Моңғолияның астанасы Ұлан-Батырға барып, қазіргі тілмен айтқанда біліктілігін арттыру керек болған. Ол кезде Моңғолия қазақтары "Ваз" көлігімен қатынайтын. Және сол көліктің үстіне дейін мініп отырып алады. Анам келе жатқан көлік сайдан аударылып, үлкен апат болған. Ал, менің шешемнің шашы қылтасынан төмен болатын. Өзге адамдар жан-жаққа домалап, секіріп кеткенде, анамның шашы машинаның доңғалағына оратылып қалады да, көлікпен бірге бірнеше рет аунаған. Шашы, бас терісі мен бір жақ құлағы жұылынып кеткен. Дәрігерлер Ресейден хирург шақырып, анамның құлағы, бас терісін сол орыс дәрігер тігіпті. Жарты жыл төсек тартып жатты. Апатқа дейін үш құрсақ көтерген. Апаттан кейін он бір бала туған батыр ана. Екі баласы шетінеп, бір баласы бауыр ауруынан көз жұмған. Тірілерінің бірі мен және сол бауырым. Біздің кемтарлығымызға сол апаттың бір салдары болды ма деп көп ойлаймыз", — дейді келіншек.  

Күләй Оңалханқызының анасы балаларының ортасында
© Sputnik /
Күләй Оңалханқызының анасы балаларының ортасында

"Бір қолыма іліп, бір қолыммен суға түсірдім"

Күләй Оңалханқызы да жасы жеткенде тұрмысқа шыққан. Мүгедектігіне қарамастан, бала көтеріп, дені сау ұл бала сүйген. Қазір баласы он бес жаста. Шақалақты жаны жоқ бір қолына іліп, екінші қолымен суға түсірген, сол қолымен сылап-сипаған. 

"Дені сау бала бергеніне Аллаға  мың да бір шүкір етемін. Баламды да ешкімге жалынбай өзім бағып-қақтым. Сәбиді қырқынан шыққанша суға шомылдыру керек. Ол медицина да мойындаған қазақтың өте жақсы дәстүрі ғой. Менің жағдайымда қарап, біреулер шомылдырмай-ақ қой деген сыңай танытқан. Бірақ, ондай қаңқу сөздерге мән берген жоқпын. Бір қолыма іліп қойып, сау қолыммен қырық күн суға түсіріп, сыладым. Ендігі мақсатым – баламды жоғары білімді азамат ету. Әттең, қолым қысқа. Сондықтан да уайымым көп", — дейді Күләй ана.  

Көмек сұрайды…

Даладағы ұзақ әңгімеден кейін қамкөңіл ана үйіне шақырды. Тұрып жатқан баспанасы – бір бөлмелі "времянка". Жарымжан ананың уайымы көп – баста баспана да жоқ, үйдегі пеш те ескі, баланың оқуы да бар, қыс та қыр артында тұр. 

"Қазір қасиетті Құрбан айт қой. Барша мұсылмандарды қасиетті мерекемен құттықтаймын. Адамнан жасырсам да Алладан жасыра алмаймын: қазір менің отбасым мүгедектікке берілетін 40 мыңға жетер-жетпес ақшамен өмір сүріп отыр. Өйткені, жолдасымның да денсаулығында кінәрат бар…Балам әлі оқушы. Қолымызда қора мал тұрған жоқ, қарап отырғанымыз бір сиыр. Сондықтан, маған материалдық көмек керек екенін жасырмаймын…", — дейді Күләй Оңалханқызы. 

Мүгедек әйел отбасымен бір бөлмелі времянкада тұрып жатыр
© Sputnik /
Мүгедек әйел отбасымен бір бөлмелі "времянкада" тұрып жатыр

Құрбан айт күндері қайырымдылық жасап, Күләй Оңалханқызына көмектесемін деген жандар болса, редакциямызға хабарласып, байланыс телефондары мен мекен-жайын ала алады. 

Кілт сөздер:
атажұрт, қандастар, оралмандар, сал ауруы, материалдық көмек, келіншек, мүгедек, Астана
Загрузка...

Басты тақырып