17:17 24 Тамыз 2019
Тікелей эфир
  • USD386.34
  • EUR427.25
  • RUB5.88
гүл

Ұстаздарға қымбат гүл сыйлағандарды қандай жаза күтіп тұр?

© Sputnik / Владислав Воднев
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
298401

Бірінші қыркүйек жақындап қалды, ал бұл күні оқушылардың ұстаздарын гүлмен қуантуға асығатыны белгілі. Дәс осы гүл сыйлауға қатысты қоғамда түрлі пікір айтылып жүр. Бірі мұны мұғалімге деген құрмет десе, екіншісі ысырап дейді. Осыған қатысты Sputnik тілшісі екі тараптың да пікірін сұрап білді

АСТАНА, 24 тамыз  Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Білім күні әр оқушының екінші анасы ұстазын құшақ-құшақ гүлімен қуантуға мүмкіндік бола бермейді. Бірін әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы қинаса, екіншісінің ата-анасы гүлге кететін ақшаны мұқтаж жандарға беруді жөн көреді. 

Былтыр сегізінші наурыз мейрамы қарсаңында мұғалімдерге гүл сыйлауға қатысты дау шыққан еді. Ұстаздарға енді сыйлық жасауға, оның ішінде гүл сыйлауға болмайды деген ақпарат жылдам тарап кетті. Яғни, мұғалімдерге тарту етілген кез келген сыйлық пара болып есептеледі-міс. Бірақ кейін білім министрлігі мұндай қаулы шығармағанын айтып, ат-тонын ала қашқаны есімізде. 

Гүл қанша тұрады

Осы мәселеге қатысты Астана қаласы білім беру басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннен сұрағанымызда, ол мұғалімдерге гүл сыйлауға ешкім шектеу қойып отырмағанын айтты. 

"Гүл сыйлауға ешкім шектеу қойып отырған жоқ. Әркім өзі біледі. Бірақ біз әрдайым ұстаз үшін ең құнды сыйлық оқушының табысқа жетуі мен ата-ана алғысы екенін айтып отырамыз. Ең бастысы, ұстаздарды бағалап, құрметтеуіміз қажет", — деді ол. 

Бірақ, Жанғозин сыйлықтың құны 2 айлық есептік көрсеткіш (4810 теңге — Sputnik) мөлшерінен аспағаны дұрыс екенін айтты. Себебі, тым қымбат "рахмет" айыппұл немесе қылмыстық жауапкершілікпен аяқталуы мүмкін.

© Sputnik . Владислав Воднев, Айгюзель Кадир
Астаналық флорист мұғалімдерге қымбат емес гүл шоғын қалай жасау керектігін айтты

Көпшілік ата-ана да мұның ысырап екенін мойындай бастағандай. Өйткені Primavera Flowers флорисі Айдана Иманжанованың айтуынша, жыл өткен сайын 1 қыркүйекке гүл алатындар саны азайып келеді. 

"Дегенмен, кейбір адамдар дәстүр бойынша гүл сыйлап, ұстаздың көңіл-күйін көтергісі келеді. Көбінесе бағасы қалта көтеретін гүл сатып алады. Ұстаздарға жиі сыйлайтын гүл хризантема десем болады. Мұндай гүл шоқтарын басқа күндері де сыйлауға болады, — дейді ол. 

Мынадай хош иісті гүл шоғы 6 мың теңге тұрады
© Sputnik / Владислав Воднев
Мынадай хош иісті гүл шоғы 6 мың теңге тұрады

Қалтаңызда қанша ақша барын флориске алдын ала айтқан жөн. Мәселен, орнитагалум, альстромерия, диантус, лизиантус, лимониумнан тұратын хош иісті гүл шоғы 6 мың теңгеге шықты. 

Ал 2 АЕК-тан арзанырақ гүл шоғында Pink Floyd раушаны, хризантема, солидаго, бұталы раушан және лизиантус бар. Бағасы – 4200 теңге. 

4200 теңгеге осындай гүл шоғын дайындауға болады
© Sputnik / Владислав Воднев
4200 теңгеге осындай гүл шоғын дайындауға болады

Ұстаздар не дейді?

Алматы қаласында сабақ беретін ұстаз Ақмарал Шырынбекова сыйлықты бірінші орынға қоймайтынын, оқушыларының жетістігі әлдеқайда құндырақ екенін айтып өтті.

"Иә, былтыр көктемде болған шу менің де есімде. Бірақ, оқушыларым гүл сыйламайтын болды немесе сыйлық бермей қойды деп ешқашан ренжіген емеспін. Себебі, ұстаз ретінде мен үшін оқушылардың білімге деген құштарлықтары маңызды. Мейлі сабақта отырып жақсы баға алмаса да немесе барлық пәнді беске оқымаса да, әйтеуір бір нәрсеге деген қызығушылықтары оянып, өмірден өз орындарын тапқандарын қалаймын. Мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Бұл жайдан кейін көңіл-күйлері түскен ұстаздарды да білемін. Оларға да түсіністік танытуға тырысамын. Себебі, бұл біз үшін бала махаббатының бір символы іспетті еді. Десе де, ата-аналарымыз сол гүлге кететін ақшаларын балаларын 1 қыркүйекке дайындауға жұмсаса екен деймін. Жағдайы төмен отбасыларға арнап қайырымдылық шаралары ұйымдастырылса игі еді",  дейді Шырынбекова.


Бүгінде төрт баласын бауырына басып отырған ұстаз Айнұр Бұлақбайқызы әріптестеріне міндетті түрде гүл берілуі керек деген пікірде. Десе де, өзі үшін сыйлықтың құны айтарлықтай маңызды емес дейді.

"Ұстазға гүл бермеу дегенмен келісе алмаймын. Ұлағатты жандарға деген құрмет қашан да жоғары болуы керек. Адамның пікірі, яғни оның пара беру-бермеуі осы гүлге тәуелді болып қала беретін болса, не дерімді де білмеймін. Ұстазға не сыйласа да, шын жүрегімен берсе болғаны. Жеке өзім үшін сыйлықтың бағасы маңызды емес. Маған "Мерекеңізбен ұстаз, сабақ кезінде көп нәрсе түсіндім" деп жатса да жеткілікті. Себебі, бұл менің еңбегімнің нәтижесі болады",  дейді Астана қаласындағы №30 мектептің қазақ тілі мен әдебиетінің ұстазы, танымал блогер.

Ата-аналар ше?

Танымал продюсер әрі бес баланың әкесі Қыдырәлі Болманов керісінше ұстаздарға міндетті түрде гүл берілуі керек деген пікірде. Ол мұны асыра сілтеп, жемқорлыққа балаудың қажеті жоқ екенін айтып өтті.

"Педагогикада үшбұрыш деген қасиетті түсінік бар. Оның бір бұрышы  ата-ана, екіншісі  ұстаз және үшіншісі  оқушы. Осы үш бұрыш дұрыс жұмыс істемейінше, ешқашан жақсы нәтижеге қол жеткізбейміз. Өз басым ұстазға гүл беруіміз керек деп ойлаймын. Ол  ақша емес, зат емес. Гүл деген  ұстазға көрсетер құрметіміздің символы. 1 қыркүйекте неге гүл бермеске?! Ода тұрған не бар?! Бұл баяғыдан келе жатқан "дәстүріміз" ғой. Кейде "Шаш ал десе, бас алып кететін" әдетіміз бар. Жалпы біз үшін мектепте бірінші орында Алла, екінші орында ұстаз тұратын. Сол себепті, мен оларға міндетті түрде гүл беруіміз керек деген пікірдемін",  дейді Қыдырәлі Болманов.

"Қазақстан дауысы" байқауының жеңімпазы, танымал әнші Шахризат Сейдахмет те осындай пікірде. Ол гүл беру-бермеу мәселесін әр адам өзі шешетінін айтты. Десе де, кейде мұның астарында жемқорлықтың бір ұшқыны жатуы мүмкін екенін айтып қалды.

"Біз "бәрінен көңіл қымбат" деген түсінікпен өскен қазақпыз. Мәселе сыйлықтың немесе ақшаның құнында емес, көңілде болып отыр. Жасырын емес, арасында осы гүлдің сыбайлас жемқорлыққа себепші болатын кездері бар. Себебі, гүл беру арқылы ата-ана өз баласына ерекше назар аударуды талап етуі мүмкін. Мұның екі жағын қатар қарастырғанымыз дұрыс шығар?! Бірақ өзім үшін көңіл қымбат болған соң ұстазға гүл мен сыйлық беруді құптаймын. Оның үстіне ақша сыйлық берушінің қалтасынан шығып жатыр. Оған жұрт неге бас ауыртады?! Соны түсіне алмай-ақ қойдым. Әркім шамасына қарап сатып алып жатыр емес пе?! Бірі ақшасы жетсе, пластмасса гүл алады. Екіншілері тірі гүлді алып келеді. Сол себепті жеке өзім ұстазға гүл сыйлап, сыйлық берген дұрыс деген пікірдемін",  дейді Шахризат.

Ал әнші Құрмаш Махан мектепте оқып жүріп ұстаздарға бірде-бір рет сыйлық беріп көрмегенін айтты. Мұның орнына тау бөктерінен гүл теріп келіп тарту ететін болған екен.

"Өзім де ұстазбын, көп жерде сабақ беремін. Бізге болмаса да, әйел адамдарға гүл сыйлаған дұрыс. Бала кезімде сыныптастарымызбен бірге 4-5 шақырым жердегі тауға барып, бәйшешек жинап қайтатынымыз есімде. Кейін соны ұстазымыз Бағиля Абдулқызына және өзге қыздарға үлестіріп беретінбіз. Барынша жақсы әсер қалдыруға тырысатынбыз. Бірақ, шынымды айтайын, осы кісілердің туған күндеріне немесе басқа мерекелеріне сыйлық беріп көрмеппін. Қазір, өкінішке орай, түрлі жағдай болып жатыр. Меніңше, оның барлығы жайдан жай емес. Бірақ, сыйлық берген дұрыс емес деп айтпаймын. Бар болғаны, қалтаға салмақ түсірмейтіндей және риясыз болса жеткілікті. Мұнда басқа арам амалдар болмауы тиіс",  дейді әнші.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда директорлар 4 жылға сайланады

"Ұстазға емес, қайырымдылыққа берейік"

Ал танымал тележүргізуші Ғани Өтепбергенұлы ұстаздарға сыйлық беруге түбегейлі қарсы екенін жеткізді. Айтуынша, кішігірім сыйлықтың өзі ұстазға да, балаға да психологиялық тұрғыдан кері әсерін тигізуі мүмкін.

"Менің үш ұлымның екеуі мектепке барады. Сыйлық беру мәселесіне келгенде көп келісе бермеймін. Ал 1 қыркүйекте және 25 мамырда гүл сыйлағанда тұрған ешнәрсе жоқ. Әрине, тым қымбат сыйлық беруге қарсымын. Сыныптағы 25 бала бірдей ұстазға қымбат сыйлық бере алмайды. Осы нәрсе кейін ұстаздың да көңілін, балаға деген көзқарасын бұзады. Адам пенде болған соң түрлі жағдай болуы мүмкін",  дейді ол. 

Алматы қаласында тұратын үш қыздың анасы сыйлық түгілі, гүл беруге қарсы екенін білдірді. Ол мұның орнына ақшаны қайырымдылыққа жұмсауды ұсынды.

"Меніңше, гүл берудің ешбір мәні жоқ. Себебі, осы миллион ақшаға сатып алған гүлдер, ертесінде шіріп қоқыста жатады. Оның үстіне алған гүлін екінші біреуге сыйлап жіберетіндер де бар. Мұның орнына сол гүлге кететін 5 000 теңгені қайырымдылыққа жұмсағанымыз дұрыс деген пікірдемін. Өйткені, дәл қазір қарапайым қара нан мен қара суға қолы жете алмай жүргендер жетерлік",  дейді анестезиолог Гүлнұр Байболова.

Ал Сіз оқырман ұстаздарымызды гүлсіз қалдырған дұрыс деп ойлайсыз ба? Пікіріңізді бөлісе отырыңыз.

Тақырып бойынша

Назарбаева мұғалімдер мен дәрігерлер үшін тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуді ұсынды
Қаскелеңде оқушының әкесі жартылай жалаңаш ұстаз бен ұлының үстінен түскен
Мереке қарсаңында гүл ұрлаған ер адам бес жылға сотталуы мүмкін
"Екіжүздісіз!" ҰБТ кезінде түлектерге көмектескен мұғалімдер желіні шулатты
Еңбек өтілі көп мұғалімдер зейнетке ерте шыға ала ма?
Мұғалімдер оқушыларға ата-анасының қарызын біліп келуді тапсырған
Сағадиев мұғалімдер мен тәрбиешілерге жеңілдіктер жасауды ұсынды
Ресейден махаббатпен: белсенділер әлем қалаларының көшелерінде әйелдерге гүл сыйлады
Мұғалімдерге үстемақы қалай және қанша төленеді?
Депутат мұғалімдерге пайызсыз несие беруді ұсынды
Кілт сөздер:
гүл, 1 қыркүйек, білім күні, ысырапшылдық, сыйлық, ұстаз, жемқорлық, ақша, оқушы, мұғалім, Қыдырәлі Болманов, Астана, Алматы
Загрузка...

Басты тақырып