04:04 24 Шілде 2019
Тікелей эфир
  • USD384.06
  • EUR429.19
  • RUB6.08
Абай Бегей, әнші

"Туфлиін шешіп алып ұратын". Жұлдыздар мектептегі қызықты оқиғаларын айтып берді

CC0 / Ардақ Төлеубай
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
1062 0 0

Ажар апай бізді туфлиін шешіп алып ұратын. Ол кісіден әлі күнге дейін қорқамын, дейді Абай Бегей

АСТАНА, 5 қазан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Бибігүл Төлегенова біз алғашқы ноталарды айта бастаған сәтте-ақ кімнің сағат қаншада ұйқыға жатқанын біліп қоятын. Сол себепті ол кісінің сабағынан бір күн бұрын көп қыдырмауға тырысатынбыз. Мұнымен қатар, суық сусын мен балмұздақтан бас тартқан жайымыз бар. Осылай деп естелігін бөлісті Еуропа сахнасында өнер көрсетіп жүрген опера әншісі Жұлдыз Уәлихан. Мұнымен қатар, өзге де қазақстандық жұлдыздар мектеппен байланысты қызықты оқиғаларын айтып, барша ұстаз қауымын келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады.

 

"Ажар апай туфлиін шешіп алып ұратын"

Күні кеше интернеттен ұстаздың оқушыны ұрған сәті түсірілген видеоны көріп қалдым. Жасыратыны жоқ, біздерді ұстаздарымыз ұрып тәрбиеледі. Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде сабақ берген Ажар апайым ерекше есімде қалыпты. Ол кісі бізді аяқ киімін шешіп алып ұратын. Өзім мектепті 1991 жылы тәмамдадым. Ал қазір қит етсе, "Ойбай, мұғалім баланы ұрып қойыпты" деп шулайды. Меніңше, ода тұрған ешнәрсе жоқ. Қайта мұның барлығы біз үшін үлкен сабақ болды.

Аюға намаз үйреткен таяқ деген жақсы сөз бар. Яғни ұстаздарымыз баланы бірнәрсе үйренсін, тәрбиелі болсын деген оймен ғана ұрады. Ұстаз болу оңай шаруа емес. Өзіміз үйдегі екі баланы әрең бағып отырмыз. Ал 45 минутта отыз оқушыны аузыңа қаратып отыру деген екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оның үстіне баланың кей-кейде құлағын бұрап қоймаса, көп нәрсені түсінбей өседі. Жеке өзім Ажар апайыма алғыс айтамын. Сондай-ақ, әлі күнге дейін сескенетінім тағы бар. Мектепте барлық пәннен беске оқыдым деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Көп сабақтан төрт алып жүрдім. Бірақ сол кездегі төрттер қазіргі бестермен пара-пар деп ойлаймын.

Ұстаздарымыз білім беруден ешқашан жалыққан емес қой. Олардың жұмысы өте қиын. Бір кездері Ақтөбе қаласындағы бір мектепте музыкадан сабақ бердім. Сонда бастауыш сыныптың балалары қыста іліп қойған күртемді шана қылып ойнап кететін. Яғни әр оқушы бір-бір үйдің еркесі. Сол себепті ұстаздардың еңбектері ерен деп ойлаймын. Ол кісілердің дендеріне саулық, шаңырақтарына амандық тілеймін! Отбасылары тату болсын, деді Абай Бегей. 

Жұлдыз Уәлихан, опера әншісі
Жұлдыз Уәлиханның жеке архивінен
Жұлдыз Уәлихан, опера әншісі

"Бибігүл Төлегенова апайымыз кімнің сағат нешеде ұйықтағанын даусынан біліп қоятын"

Колледж бен консерватория қабырғасында білім алып жүрген кезде ең сүйікті екі ұстазым болды. Олардың біреуі — Халида Әбілханова, екіншісі — Бибігүл Төлегенова. Осы ұстаздарға деген махаббатымның қандай ыстық екенін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Олардан қалай киініп, жүріп-тұру керектігін, қалай дұрыс ән айту керектігін үйрендім.

Бибігүл Ахметқызы сабаққа бәрімізден ерте сағат 8-де келіп алатын. Ол кісінің бір қасиеті дауысымыз арқылы кімнің сағат қаншада ұйықтағанын, суық бірнәрсе ішкен-ішпегеніңді, балмұздақ жеген-жемегеніңді біліп қоятын. Алғашқы ноталарды айта бастаған кезден-ақ сезетін еді. Бір шетінен бұл жағдай сондай күлкілі. Сол себепті Бибігүл Төлегенова апайымыздың сабағының алдында көп қыдырмайтынбыз. Өйткені, ол кісі бізді жазалайды.

Консерваториядан алған дипломымда "ұстаз және опера әншісі" деп жазылған. Меніңше, бұл жер бетіндегі ең тамаша, ең керемет, қазіргі ұрпақ үшін өте маңызды мамандық. Осы орайда ұстаздарымызды мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Оның үстіне қазіргі таңда оқушылардың дұрыс білім ордасында оқып, тәлім алуы маңызды. Оларға зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін. Барлық ұстазды сыйлаймын, болашақта өзім де ұстаз боламын деген ниеттемін, деді опера әншісі Жұлдыз Уәлихан.

Айгүл Иманбаева, әнші
Айгүл Иманбаева, әнші

"Озат оқушы синдромына шалдықтым"

Мен мектепте өте белсенді оқушы болдым. Мектепті де, университетті де үздік бітіргенмін. Өнер мен білімге қатар ұмтылдым. Жақсы көретін пәндерім қазақ және орыс әдебиеті болды. Олимпиада дегендерді жібермейтінмін. Мектепте қойылым, концерт болса, басы-қасында мен жүретінмін. Ұйықтап бірнәрседен қалып кетіппін деген кездер болған емес. Яғни бұзақылық деген менің тақырыбым емес. Өзім бестік оқушы синдромына шалдықтым деп ойлаймын. Барлық жерде бірінші болып, жүлделі орынға ие болуды қаладым. Ерке тотай болмасам да, ұстаздармен ауызбіршілігім мен сыйластығым ерекше жақсы болды. Тігісі жатпай қалған жерлерді тегістеуге келгенде шебер едім. Мен үшін мектеп осынысымен есте қалды. Институтты тәмамдағаныма 20 жыл уақыт өтіп кетіпті.

Ұстаздық инемен құдық қазғандай қиын жұмыс. Оның жемісін шәкірттерің биік белестерді бағындырған кезде көресің. "Осы күнге дейін бекер өмір сүрмеппін" деп ойлайсың. Өзім де ұстаз болғандықтан, бұл саланың сырын жақсы түсінемін. Әлі күнге дейін ұстаздарымызды көрсек, еркелеп кетеміз. Ұлағатты ұстаздар, сіздерді шын жүректен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Отбасыларыңызда береке-бірлік пен жақсылық болсын. Абзал жандарымыз өзінің шәкірттерімен мақтанып, қуансын. Қоғамға үлкен үлес қосып жатқан ұстаздар аман болсын, деді әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева. 

Гүлнұр Оразымбетова, әнші
© Sputnik / Қарлыға Бүйенбай
Гүлнұр Оразымбетова, әнші

"Маңдайымнан бормен жіберіп ұрып жылатты"

9-сыныптан кейін педагогикалық училищеге оқуға түстім. Ал бұған дейін алдыңғы қатардағы оқушылардың бірі болдым. Пионер және кезекші отрядтың төрағасы болдым. Одан кейін комсомолға өттім. Тоғызыншы сыныпты қызылға бітіргендіктен, маған оқуға түсу қиынға соқпады. Мектепте бәрінен математика сабағын ерекше күтетінмін. Сондай-ақ, қазақ тілі мен әдебиеті, музыка және дене шынықтыру сынды сабақтарды ерекше ықыласпен оқыдым. Мектептегі барлық концерт пен үйірмеге қатысып, қалмайтынмын. Өнерге деген махаббатым мектептен басталды. Өзімді мектептің жұлдызы санап келдім. Ол уақытта мен жан-жақты әрі тәртіпті оқушы болғандықтан, маған мұғалімдер дауыс көтермеуі керек деп ойлайтынмын.
Жанымдағы балаларға үнемі көмектесуге тырысатынмын. Мысалы, математикадан бақылау болып, қазақ тілінен шығарма жазғанда. Бір күні парталасыма көшіруге есеп бердім. Мұны бастауыш сыныптың мұғалімі көріп қойып маған қарай бор лақтырды. Әлгі бор қақ маңдайыма тиіп, кәдімгідей жылаған едім. Себебі, осы сәтте ұстаз мені қатты төмендеткендей күй кештім. Ал сол бор басқа жеріме тисе не болар еді? (Күлді.) Қазір осыны ойласам, қатты қорқып кетемін.

Төреғали Төреәлі
© Photo : әншінің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Мектепте алғаш рет және соңғы рет ұстаздан осылай ұрыс естідім. Бәлкім ұстазым эмоцияға беріліп кеткен шығар. Мен бар болғаны жанымдағы сыныптасымның оқуға деген ынтасы артып, жақсы баға алса екен деп ойладым. Сол сәтте дәл осылай болатынын білген жоқпын. Әдейі жасамадым. Бірақ біз ол кезде мұндай жазаларды қалыпты қабылдадық. Яғни мұғалімнің үстінен ешуақытта шағым түсірмейтінбіз. Ал қазіргі балалар мұндай тәрбиені қабылдай алмайды. Сондықтан да қазіргі балалар таяқ жемейді. Менің әжем айтады "Қазіргі балалар өте сауатты" деп. Бұл заман талабына сай келген құбылыс шығар. Қазіргі балаларға ұрысып сабақ оқыта алмайсың. Тек жәймен түсіндіруіңе тура келеді. Өз үйімде екі балам өсіп келе жатыр. Үлкенім биыл мектеп бітіреді. Ал кішкентайы 4-сыныпта оқиды. Оларға тіптен дауыс көтермейміз. Себебі олар өздері де ақылды.

Мен барлық ұстаз қауымын осы төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Себебі ұстаздар біздің өмірге деген көзқарасымызды өзгертіп, алдымызға дұрыс мақсат қоюға әсерін тигізеді. Әсіресе, алғаш көрген ұстаздарымыз. Осы орайда Бағиля Жұбанышова апайыма және бастауыш сыныптан кейінгі ұстазым Зағипа Нұрәлиева апайыма, өзім білім алған Қызылорда облысы, Арал ауданындағы №81 мектептің барлық ұстазына шын жүректен алғыс айтамын. Аман болыңыздар, дендеріңіз әрдайым сау болсын! Мен секілді айтып жүретін шәкірттеріңіз көбейе берсін, деді Гүлнұр Оразымбетова.

"Қыз болсам да, бірінші атаман болу үшін жиі төбелесетінмін"

Менің әр күнім қызықты оқиғаларға толы. Бұл менің мінезіммен байланысты шығар. Өзім үнемі бір орында отырмай, ізденіс үстінде жүремін. Осының салдарынан жағымсыз әрі күлкілі жағдайларға тап болатын сәттер де жетерлік. Мұндай жағдайлардың мектепте оқып жүрген кезімде де болғаны сөзсіз. Соның біреуін айтып берейін.

Ауылымызда қыздар да атаман болу үшін төбелесетін. Оңтүстікте "бірінші атаман" деген түсінік қалыптасқан. Фарида есімді қыз екеуіміз үнемі бірінші орынға таласатын едік. Әдетте сабақтан кейін тау жақта бір орынды белгілеп, сол жаққа барып төбелесетінбіз. Осындай төбелестердің бірінен бет-аузым көгеріп, пионер галстугім жыртылып қайтқанмын. Анам менің осы түрімді көріп қатты шошып кетті. Ең қызығы, бұл таласымыз бір күннің ішінде шешілмей, ұзаққа созылды. Ақырында сыныбымызда екі атаман болады деп шештік. Жалпы мен қатты ерке емеспін. Мектепте физика, математика пәндерін онша жақсы көрмедім. Керісінше тарих, орыс тілі, әдебиет сынды пәндерді ерекше жақсы көріп, сурет салуды ұнаттым. Қазақстандағы үздік мұғалімдерге 2,4 миллион теңгеден табысталды

Ұстаздарымызды келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Еліміздің болашағы — балаларды тәрбиелеу үшін шыдамдылық пен үлкен махаббат керек. Балалармен жұмыс істеу оңай емес. Бұл менің өз басымнан өткен жағдай. Өзім де ұзақ жылдар бойы музыка пәнінен сабақ бердім, анам да 35 жыл ұстаздық еткен жан. Ұстаздар, еңбектеріңіз жана берсін! Біз сіздердің жасап жатқан жақсылықтарыңызды ешқашан ұмытпаймыз, деді әнші Маржан Арапбаева.

Қайрат Баекенов, әнші
© Sputnik / Қарлыға Бүйенбай
Қайрат Баекенов, әнші

"Ұстаз бен аз жалақы алатын маман түсініктері қатар тұрмауы тиіс"

Бастапқыда мен Сәтбаев қаласындағы №3 мектепте оқыдым, кейін №4 мектепке ауысып бардым. Мектеп адам баласы үшін өте қызық кезең. Екінші сыныпта оқып жүріп бір қызға ерекше ғашық болғаным есімде. Өкінішке орай, дәл қазір аты аузыма түспей тұр. Осы қыздарға ұнау үшін жұдырықтасып, атаман болу үшін таласатынбыз. Жасыратыны жоқ мектепте екінші атаман болдым. Бірінші орында Кронвольд Женя есімді неміс жігіт тұрды. Бірақ жазғы демалыстан кейін балалардың дене бітімі тез өзгеріп, атамандардың орны ауысып отыратын.
Орыс мектебінде менің домбырада ойнайтыныма көпшілік таңғалатын. Мұнымен қатар, мерекелерде ән айтатын қасиетім болды, спортпен де айналыстым. Сабақты жақсы оқыдым деп өтірік айта алмаймын. Үнемі жарыстарда жүретін едім. Спорт пен музыканы қатар алып жүрсем де, көп ұзамай осы екеуінің біреуін таңдау міндеті тұрды. Бір қызығы, таңдау жасауыма мектептегі жаттығу залының жабылуы себеп болды. Ақыры музыкаға бет бұрдым.

Барлық ұстазды осы кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Олардың жұмысы қаншалықты қиын екенін жақсы білемін. Себебі өзім де бір кездері Қарағанды қаласында жүріп сабақ берген болатынмын. Барша ұстазға денсаулық пен шыдамдылық тілеймін! Ізгі ниетті жандардың есте көп жұмыс істеп, аз жалақы алатын адам ретінде қалғандарын қаламаймын. Меніңше, ұстаз бен кедей сөзі қатар тұрмауы тиіс, деді әнші Қайрат Баекенов. 

ұжымы ұстаздарды шын жүректен құттықтап, зор денсаулық және шығармашылық табыс тілейді!

Тақырып бойынша

Қаскелеңде оқушының әкесі жартылай жалаңаш ұстаз бен ұлының үстінен түскен
Павлодарлық мұғалім Африкадағы 280 отбасыны тамақтандырды
Құлағынан бұрап, басынан ұрған: мұғалім оқушыға қол көтергені үшін айыпталды
Мұғалім президент жолдауын тыңдамағаны үшін жұмыстан қуылған
Төмен жалақыға шағымданған мұғалім түрмеге қамалды
Мектепте босанған мұғалім баланы сөмкеге жасырамын деп өлтіріп алды
Астанада 22 жастағы мұғалім оқушы қыздарға тиіскен
Кілт сөздер:
жұлдыз, мереке, ұстаз, мектеп, оқушы, әнші, Айгүл Иманбаева
Загрузка...

Басты тақырып