15:34 14 Қараша 2019
Тікелей эфир
  • USD389.34
  • EUR428.78
  • RUB6.05
Астана тұрғыны Сәбира Асылова отбасымен бірге

Астаналық дәрігерлер босанып жатқан әйелдің жүрегіне ота жасады

© Sputnik / Қарлыға Бүйенбай
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
1081 0 0

Сәбира Асылова өзі мен сәбиінің өмірін құтқарып қалған астаналық дәрігерлерге алғыс айтты

АСТАНА, 17 қазан — Sputnik. Қыркүйек айында Астананың №2 көпбейінді қалалық ауруханасының акушерлік бөліміне ауыр жүрек сырқатымен 1987 жылғы әйел келіп түсті. Пациенттің қан қысымы қатты жоғарылаған. Шұғыл түрде қажетті тексеріс жүргізіліп, "Қолқаның жоғарғы бөлігінің өткір қабаттану аневризмасы" деген диагноз қойылды. Әйел кесарь тілігімен туып, кейін оның жүрегіне шұғыл ота жасалды. Бұл туралы қалалық №2 ауруханада басқарма басшылығының қатысуымен өткен брифинг барысында айтылды, деп хабарлайды  тілшісі.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова жаңа босанған әйелдің жүрегіне ота жасалмас бұрын көптеген маманның өзара ақылдасқанын айтып өтті.

"№2 аурухана қабырғасында жаңа босанған әйелге бірегей ота жасалды. Біздің дәрігерлер әйелге дер кезінде көмектесіп, екі адамның өмірін сақтап қалды. Алдымен, әйелді қажетті сала мамандарының барлығы тексеріп шықты. Нәтижесінде қан қысымының жоғарылап, преэклампсияның асқынуына байланысты жағдайы нашарлап кеткені белгілі болды. Құрамына қоғамдық денсаулық сақтау және көпбейінді аурухана басшылары және мамандар кірген консилиум өткізіліп, олар әйел шұғыл түрде ота қажет деп шешті", — дейді Әлия Рүстемова.

Сәбира Асыловаға ота жасалмас бұрын, оның туыстарынан рұқсат алынған. Бүгінде оған жасалған ота сәтті өтіп, әйел ауруханадан үйге шығарылды.

"Аллаға шүкір, дәрігерлердің арқасында қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлер сол күні демалыс болғанына қарамастан, маған аяқтарынан тік тұрып көмектесті. Оларға тек рахмет айтамын! Мұның барлығы, біріншіден, Алланың, екіншіден, дәрігерлердің арқасы деп білемін", — деді ол.

Сондай-ақ, Сәбира Асылова бала босануға қатысты алдын ала бойында үрей болғанын жасырмады. Бұған соңғы уақытта перинаталдық орталықта жиілеп кеткен жағдайлар әсер еткен екен. Десе де, ол мұндай жағдай өз басында болады деп күтпеген.

"Алдыңғы екі ұлымды ешқандай отасыз өзім босанғандықтан, өзіме сенімді болдым. Барлығы аяқ астынан болды. Қазір сәбиімнің жағдайы жақсы, арада 25 күн өтті. Атын "Нұрбақыт" деп әжесі қойды. Негізі үлкен ұлымның атын әкесі өзі қойған. Себебі, түсінде тұңғышына қатысты аян көрген. Ортаншының атын менің анам қойды. Ал үшінші ұлымның атын өзім қойғым келді. Осыны білген жақындарым жансақтау бөлімінде жатқанымда "Атын кім қойғың келеді?" деп сұрады. Бірақ ол кезде ойланатындай халде болмадым", — деді әйел.

Астана тұрғыны Бағдат Асылов
© Sputnik / Қарлыға Бүйенбай
Астана тұрғыны Бағдат Асылов

Осы жағдай болған күні Сәбира Асылованың жолдасы құрылыстағы жұмысында жүрген. Кейін әйелінің ауыр жағдайы туралы естіген соң бірден ауруханаға барып, жүрегіне ота жасауға рұқсат берген. Ол әйелі мен үшінші ұлының өмірін сақтап қалған дәрігерлерге алғысын жаудырды. Сондай-ақ, ауруханада болғанда көп уақыт ұлына өзі қарайлағанын айтты.

"Аллаға шүкір, келіншегім де, балам да аман-есен. Аллаға да, дәрігерлерге де алғысым шексіз! Жедел жәрдем де 10 минут ішінде үйімізге келген екен. Маған дәрігерлер хабарласып, әйеліме ота жасау керектігі туралы айтты. Ауруханаға барып, келісімімді бердім. Барлығы ойдағыдай өтті. Сіздердің барлықтарыңызға рахмет! Ұлым үлкен балама ұқсайды, ал тұңғышым маған ұқсайды", — деді отағасы.

Сол күні астаналық кардиохирург дәрігерлер әйелдің кеудесіндегі ірі қан тамырларына протез қойып, жүрек клапанын ауыстырған. 13 күннен соң жағдайының жақсаруына байланысты пациент жансақтау бөлімшесінен кардиохирургия бөлімшесіне ауыстырылды. Қазіргі сәтте науқастың да, оның сәбиінің де жағдайы жақсы. Сәбидің салмағы дүниеге келген кезде 3 100 грамм болған.

Загрузка...

Басты тақырып