Қоғам

"Жәрдемақы табыс емес". Министр Әбілқасымова әділеттік орнатуға уәде берді

© Sputnik / Владислав ВодневАқша, архивтегі фото
Ақша, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі депутаттардың ұсынысын қарастыруға дайын

АСТАНА, 5 қараша — Sputnik. Мәжіліс депутаттары мемлекеттен  мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақыны отбасының табысы ретінде есепке алмауды ұсынды, деп хабарлайды тілшісі.

Мәжілісте "жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек туралы" үкімет сағатында депутат Жанат Омарбекова мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақыны отбасының жиынтық табысына қосу қаншалықты дұрыс деген сауалға жауап іздеді.  

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова - Sputnik Қазақстан
Экономика
"Ата-анасы жұмыссыз" Министр 5 баласы бар отбасыны мысалға келтірді

"Отбасының жиынтық табысын есептеген кезде, мүгедектігі бойынша төленетін әлеуметтік жәрдемақы да есепке алынады. Бұл ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген ережелерде қарастырылған. Мүгедектігі бойынша жәрдемақы сол адамды қолдауға, яғни оның күтіміне қажет дәрі-дәрмек, басқа да заттар алуға бағытталған. Сондықтан оны отбасының ортақ табысына қосу мәселесінде сұрақтар туындайды", — деді Омарбекова. 

Депутат өңірлерге сапармен барғанда, оған төрт бала, оның біреуі мүгедек, тәрбиелеп отырған әйел көмек сұрап жүгінгенін айтты. Төрт баласының үшеуі үшем екенін, оның біреуі ерекше қажеттілігі бар бала. 

"Бұл әйел атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж, алайда отбасының табысы мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақыны есептегенде, кедейлік шегінен асып кеткен. Осыған байланысты, мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақыны отбасының табысы ретінде есепке алу қаншалықты дұрыс? Отбасының жиынтық табысын есептеу ережелерін қайта қарастыру қажет деп санамайсыз ба?", — деп сұрады Омарбекова еңбек министрінен. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бүгінде Қазақстанда төлемнің 11 түрі отбасының табысы ретінде есептелмейді. Төлемнің көбісі бір жолғы сипатқа ие. 

"Өңірлерге барған кезде, мүгедектігі бойынша жәрдемақыны жиынтық табысқа кіргізбеу туралы мәселе жиі көтеріледі. Бірақ бұл жерде мынадай проблема бар. Бір жағынан, бізде жәрдемақының орташа мөлшері 40 700 теңге шамасында, халықтың басым бөлігінде жұмыстан түсетін табыстың мөлшері осы деңгейде. Яғни, отбасында бір немесе екі мүгедек болса, олардың табысы жаңағы жұмыс істейтін адамның кірісінен асып түсуі мүмкін. Ал олардың табысын біз есепке аламыз. Яғни бұл жалақысы төмен жұмысшыларды "тиімсіз жағдайға" қалдырады", — деді Әбілқасымова.

мүгедек адам - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Мүгедектерге берілетін жәрдемақы: қазақстандықтар нені білуі тиіс?

Осы орайда министр бірде бір адам жұмыс істемейтін отбасыларды да мысалға келтірді. Оның пікірінше, жұмысы жоқ, тек мемлекеттен алатын жәрдемақысына күнелтіп отырған отбасылар үшін осы мәселені қарастыруға болады. 

"Өз басым, ең бірінші кезекте, шартсыз көмек алатын отбасылар үшін мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақыны есепке алмау мәселесін қарастыру керек деп санаймын", — деді Әбілқасымова. 

Мәжіліс спикері Гүлмира Исимбаева осы проблемаға түсіністікпен қарағаны үшін министрге алғыс айтты. 

"Депутаттар көтеріп отырған мәселеге түсіністікпен қарағаныңызға көп рақмет. Мүгедектігі бойынша жәрдемақыны отбасының табысы деп санау, былайша айтқанда, дұрыс емес. Сондықтан, егер сіздер мұны қайта қарастырсаңыздар, әділеттік орнайды. Жәрдемақы бұл табыс емес", — деді ол.


Жаңалықтар
0