17:00 22 Қараша 2018
Тікелей эфир
  • USD368.28
  • EUR419.21
  • RUB5.59
Қазақстандықтар үлкен қажылыққа аттанып барады, 2018

Умра-2018: Қазақстанда қажылыққа бару бағасы мен шарттары қандай?

ҚМДБ
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
363 0 0

Умраға аттанарда қазақстандықтар нені ескеруі керек, сапарға бару бағасы мен тәртібі қандай? Бұл жөнінде умраны ұйымдастыруға жауапты адамдардан сұрап білдік

АСТАНА, 6 қараша — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. "Умра" сөзі араб тілінен аударғанда "зиярат ету" деген мағынаны білдіреді. Яғни үлкен қажылық уақытынан тыс жылдың кез келген айында ихрамға кіріп, тауап пен сағи жасаған соң, шашты жұқартып немесе толықтай алдырып ихрамнан шығу жолдарымен жасалатын ғибадат. Елімізде умраға бару сапары қалай ұйымдастырылатынын және оған баратын қазақстандықтар нені ескеру керектігін ҚМДБ жанындағы "Қажылық қоры" мен Tawaf travel қажылық компаниясының директоры Айдар Салқынбаев пен ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дін істері комитеті төрағасының орынбасары Балғабек Мырзаев  айтып берді.  

Умраның қажылықтан айырмашылығы қандай?

Айдар Салқынбаевтың айтуынша, көпшілік умраны "кіші" қажылық деп атап жатады. Бірақ, бұл қате. Оны — үлкен қажылық алдында жасалатын, қасиетті мекендермен танысуға арналған рухани экскурсия деуге болады. Умраның екі парызы бар: ихрамға кіру, қағбаны тауап жасау. Сондай-ақ, умра сүннет болып саналады. Яғни барсаң — сауап, бармасаң — күнә емес. 

Джидда әуежайында қажылыққа барғандар тексерістен өтіп жатыр, Сауд Арабиясы
© AFP 2018 / Amer Hilabi
Джидда әуежайында қажылыққа барғандар тексерістен өтіп жатыр, Сауд Арабиясы

Сондай-ақ, ол умраға қарағанда үлкен қажылықта орындалатын ғибадаттың күрделі екенін айтып, әрқайсысына тоқталды. Яғни үлкен қажылық — ислам дінінде белгілі бір айдың ішінде белгілі бір күнде орындалатын құлшылық. Зүл-хиджа айының тоғызынан бастап үш күн орындалатын құлшылық түрі. Бұл үлкен қажылық кезінде Меккеге барған соң Құрбан айттан бір күн бұрын Мина жазығына шығу керек. Сол жерде түнегеннен кейін Арафат тауына барып, қажы таңертеңнен кешке дейін құлшылық жасайды. Күн батқан соң қажының бәрі Муздалифаға келіп таң намазын оқығаннан кейін қайтадан Мина жазығына барып, шайтанға тас ату рәсіміне қатысады. Яғни үлкен қажылықта орындалатын шариғи үкімдер әлдеқайда көп.

Тағы оқыңыз:

Үлкен қажылық белгіленген уақытта жылына бір рет қана болатындықтан, оған әлемнің түкпір-түкпірінен 3-4 миллионға жуық қажы келеді. Қажылық кезіндегі кептеліс асқан шыдамдылықты талап етеді.

Умра ғибадаты қалай орындалады?

Мұнымен қатар, Айдар Салқынбаев умра ғибадатының қалай орындалатынын түсіндіріп берді.

"Мұсылман екі рәкат ихрам намазын оқығаннан кейін "Аллаһым, мен сенің ризалығың үшін умра жасауды ниет еттім, умраны маған жеңілдет және менен қабыл ал" деп ниет етіп тәлбия дұғасын оқу арқылы ихрамға кіреді. Мәсжидул-Харамға келген соң "Аллаһым, мен сенің ризалығың үшін умра тауабын жасауды ниет еттім, тауапты маған жеңілдет және менен қабыл ал" деп умра тауабы жасалады. Осыдан кейін екі рәкат намаз оқылады", — деді ол.

Әрі қарай "Аллаһым, мен сенің ризалығың үшін умра сағиін жасауды ниет еттім, сағиді маған жеңілдет және менен қабыл ал" деп ниет қылған соң Сафа және Мәруа төбелерінің арасында 4 рет бару, 3 рет қайту рәсімін жасағаннан кейін умраның сағи міндеті атқарылады. Сағиді орындаған соң әйел адамдар шашының ұшын кеседі, ал ер адамдар шашын жұқартады немесе толықтай алып тастайды. Осымен умра ғибадаты аяқталады.

Умраға қай уақытта барады?

Бұл рухани экскурсияға қазақстандықтар үлкен қажылықтан бөлек барлық уақытта бара алады. Яғни кімнің қай уақытта баратыны тікелей өзіне және умраны ұйымдастыратын компанияға байланысты. Бірақ қажылыққа барған адам умрасын да жасайды.

Қазақстанда қажылыққа және умраға барушылар жасына қатысты арнайы шектеу жоқ.

Кімдер умраға жалғыз бара алмайды?

  • 18 жасқа толмаған қазақстандықтар;
  • бір немесе бірнеше әйел адам.

Осы орайда, Айдар Салқынбаев умраға жалғыз баруға тыйым салынғандарға не істеу керектігін айтып берді.

"Анасы баласымен немесе әйел өзінің анасымен бірге баратын болса, Сауд Арабиясының заңымен міндетті түрде махрам болуы керек. Махрам дегеніміз — өз қанынан жаратылған туысымен бірге бару. Мысалы, әйел адамның нағашы жұртынан емес, әкесі жағынан туысы. Ол өзінің туған баласы да болуы мүмкін. Шартымызға сай осы баласы 18 жасқа толған болуы керек", — дейді ол. 

Қандай құжаттар қажет?

  • жеке басты куәландыратын, кемінде 6 айға жарамды паспорт;
  • түрлі-түсті 4 сурет (көлемі 4х6);
  • менингиттен екпе салдырғаны туралы халықаралық сертификат;
  • неке туралы куәлік (ерлі-зайыптылар бара жатқан болса);
  • саяхатқа қажетті заттары бар екендігі туралы анықтама;
  • денсаулық жағдайы туралы анықтама;
  • туристік компаниямен келісімшарт.

Тағы оқыңыз:

Бұл құжаттарды өткізу тәртібі қалай жүреді?

Қажылыққа және умраға бару үшін құжаттарды қайда өткізу керектігін толығырақ Қазақстан Республикасы дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дін істері комитеті төрағасының орынбасары Балғабек Мырзаев түсіндіріп берді.  Умраны жоспарлаған азамат паспортымен туристік компанияға барады. Азамат пен туристік компания барлық талап-тілек туралы келісімшарт жасасып, соған қол қояды.

Аталған келісімшартта ұшақтан басталып, қызмет пакетінің түріне дейін жазылады. Осыдан кейін барып азамат менингитке қарсы екпе алады. Қазақстанның бірнеше қаласында екпе салатын нүктелер ұйымдастырылған. Әдетте жыл сайын Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент қалаларынан және Батыс Қазақстан облысынан барлығы 8 нүкте ашылады.

"Екпе әртүрлі реакция беруі мүмкін болғандықтан, қажылыққа немесе умраға барғысы келетіндер оны бірнеше ай бұрын салдыруы тиіс. Осы екпе салынған соң, азаматтарға халықаралық деңгейдегі сертификат беріледі. Оны туристік компанияға өткізеді, кейін компания өкілі оны азаматтың құжаттарымен бірге Сауд Арабиясының Қазақстандағы елшілігіне апарып береді. Жоғарыдағы құжаттармен бірге ұшақ билетінің көшірмесі өткізіледі", — деді ол. 

Соңында қазақстандық азаматқа виза беріледі. Әдетте Умраға баратын кезде бұл процесс жылдамырақ жүреді.

Умраға бару үшін қанша қаражат керек?

Балғабек Мырзаев соңғы кездері әртүрлі алып-қашпа әңгіме болмауы үшін қажылыққа барған барлық қазақстандықты бір қонақүйге орналастыру мәселесі қарастырылып жатқанын айтып өтті. Бұл емін-еркін араласуға және араға радикалдардың кірмеуіне септігін тигізеді.

Бірақ VIP пакеттерге министрлік араласпайды және оның бағасы 20 мың долларға дейін жетеді. Бұл пакет түрін таңдаған азамат Арафат тауына барғаннан кейін бөлек қонақүй сұрауы және өзге де осы секілді талаптары болуы мүмкін.

"Кез келген компания белгілі бір шеңберде табыс табуға тырысады. Діни басқармада имамдарға жалақы тауып беруде біраз қиыншылықтар туындап отырғанын білеміз. Осыған орай діни басқарма Tawaf Travel компаниясын құру туралы шешім қабылдады. Бұл компания имамдарды жалақымен қамтамасыз етіп қана қоймай, кешегі қазақ күресі секілді сайыстарға демеуші болып отыр", — деді комитеті төрағасының орынбасары Балғабек Мырзаев.

Тағы оқыңыз:

Осы орайда Tawaf Travel компаниясының өкілі Рүстем Жаркеев өздерінде қандай пакет түрлері барын түсіндірді.

Айтуынша, бүгінде пакеттердің бағасы 980 доллардан басталады. Қазіргі уақытта төрт түрлі пакет бар, олар — стандарт, люкс, комфорт және премиум. 

Умра кезінде тыйым салынған әрекеттер мен ережелер қандай?

Мұнымен қатар, Салқынбаев умраға барған әрбір мұсылман сақтауы тиіс белгілі бір ережелердің болатынына тоқталды. Мысалы, ихрамға ниет етіп, Джиддаға түскен соң иіссу, сусабын қолдануға болмайды. Жеті рет қағбаны тауаф етіп, сағи жасап, шашын алғызғанға дейін бұларды қолдануға тыйым салынады. Бірақ ұшақ ихрамды киетін жерге дейін жеткенше осы заттарға рұқсат.

Радикалдардан қандай да бір сақтақ шаралары жасала ма?

Оның айтуынша, мұның барлығы мемлекет жүйесімен қадағаланады. Бірақ, өкінішке орай, арасында теріс ағымның жетегіне еріп кетіп жатқандар да кездеседі. Сондай-ақ, компания директоры умраға барған адамның ол жақта қай шейхтің алдында тізе бүгіп, қандай уағыз тыңдайтынын қадағалауды жақсылап қолға алу керектігін айтып өтті. 

Балғабек Мырзаев, қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары
© Sputnik / Қарлыға Бүйенбай
Балғабек Мырзаев, қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары

Кімдерге жеңілдік жасалады?

Балғабек Мырзаев министрлік тарапынан берілетін нақты жеңілдіктер жоқ екенін айтып өтті. Дегенмен көп жағдайда демеушілер табылып жатады.

"Мысалы, бір меценат өз қаржысына садақа ретінде 50 адамды қажылыққа жіберуге ниет білдіруі мүмкін. Мұнымен қатар, діни басқарма әртүрлі шара өткізіп, сол жерде жүлде немесе сый ретінде қажылыққа бару жолын өтейді. Мысалы, Мұхаммед пайғамбардың туған күніне орай өткізілген шарада өнер адамдарына қажылыққа жолдама берілді", — деді ол. 

Мұнымен қатар, бірнеше күн бұрын қазақ күресінен өткен сайыста діни басқарма демеуші болып, бас жүлдені жеңіп алған Айбек Нұғымаров пен оның жаттықтырушысына қажылыққа жолдама берді. Сондай-ақ, осы сайыста жүлделі орынға ие болған Мұхит Тұрсынов пен оның жаттықтырушысына умраға жолдама берілді.

Тақырып бойынша

Діни басқарма: мұсылман қызға орамал тағу – міндет
Діни басқарма әйелді ұруға болады деген дінтанушының сөзін түсіндірді
Мекке мен Мәдинада қажылық кезінде 10 мың төтенше жағдай болды
Футболшы Рамазан айында 40 адамның қарызын төлеп, түрмеден шығарып алды
Ақмола облысының ауруханасында намаз оқыған дәрігер сотта жауап берді
Мұнара кранының үстінде намаз оқыған адам видеоға түсіп қалды
Хабиб: Макгрегордың бапкері мұсылман мақұлықсың деп айқайлады
Кілт сөздер:
ұмра, умра, мұсылмандар, кіші қажылық, қажылық, намаз, Мекке
Загрузка...

Басты тақырыптар